Президент америкалық компаниялардың шетелдерде дата-орталықтар салуына қарсы екенін айтты

CNBC телеарнасының м атериалына сүйенген Aikyn.kz  Трамптың жаңа бастамасы жаһандық технология нарығына қалай әсер етуі мүмкін екенін болжайды.

20 қарашада Ақ үйде өткен баспасөз мәслихатында Дональд Трамп деректерді өңдеу орталықтарын АҚШ аумағында салуға басымдық беретінін мәлімдеді. Трамптың айтуынша, америкалық компаниялар шетелде бұндай нысандарды салуды жалғастыра алады. Бірақ ол үшін қомақты салық төлеуге мәжбүр болуы мүмкін.

«Егер олар басқа елдерде орталықтар салғысы келсе, сала берсін. Бірақ біз оларға өте жоғары салық саламыз», – деді ол.

АҚШ Конституциясына сәйкес федералдық салықтарды белгілеу өкілеттігі Конгреске тиесілі. Трамптың бұл бастаманы қандай құқықтық тетік арқылы жүзеге асырмақ болғаны әзірге нақтыланбаған.

Америкалық Alphabet, Amazon, Microsoft, Meta және Oracle компаниялары АҚШ-тан тыс елдерде деректерді өңдеу орталықтарын салып, халықаралық инфрақұрылымын кеңейтіп жатыр. Бұндай орталықтар бұлттық сервистердің, ЖИ жүйелерінің және басқа да цифрлық қызметтердің жұмысына қажет.

Компаниялар шетелде дата-орталықтарды бірнеше себеппен ашады. Біріншіден, тұтынушыларға жақын орналасқан серверлер ақпарат алмасу уақытын қысқартады. Екіншіден, кейбір мемлекеттердің заңнамасы белгілі бір санаттағы деректерді өз аумағында сақтауды талап етеді. Сондықтан Трамптың ұсынысы жүзеге асса, америкалық технологиялық компаниялар халықаралық инвестициялық стратегияларына елеулі өзгеріс енгізуі мүмкін.

Трамп АҚШ-та деректерді өңдеу орталықтарының құрылысын көбейтуді көздегенімен, ел ішінде бұндай нысандарға қарсылық күшейіп отыр.

All-America Economic Survey сауалнамасына сәйкес, тіркелген сайлаушылардың 64%-ы үйінен 16 шақырым радиуста ЖИ-ге арналған дата-орталық салынуына қарсы. Ал респонденттердің небәрі 13%-ы бұндай құрылысты қолдайтынын білдірген.

Тұрғындарды электр энергиясы мен су ресурстарына түсетін жүктеме, коммуналдық қызмет бағасының өсу қаупі және қоршаған ортаға ықтимал әсер алаңдатады.Reuters мәліметінше, Қытай компаниялары экспорттық шектеулерге қарамастан, үшінші елдердегі дата-орталықтардың есептеу қуатын жалға алу арқылы америкалық озық чиптерді пайдалана алады. Бұл Вашингтонның технологиялық экспортқа енгізген шектеулерінің тиімділігіне қатысты мәселе туындатып отыр.

19-шы қарашада АҚШ-тың Federal Register ресми басылымында шетелдегі дата-орталықтар арқылы озық америкалық чиптердің есептеу қуатына қашықтан қол жеткізуді шектеуге бағытталған жаңа ереже жарияланды. Бұл құжат Трамптың салық енгізу туралы ұсынысынан бөлек құқықтық шара саналады.

Егер Вашингтон шетелде дата-орталық салуға қосымша салық енгізсе, бұл халықаралық технологиялық инвестициялардың географиялық бағытын өзгертуі ықтимал. Америкалық компаниялардың шетелдегі жаңа жобалары қымбаттап, өз аумағында ЖИ инфрақұрылымын дамытуды жоспарлаған мемлекеттер балама инвесторлар мен технологиялық серіктестер іздеуге мәжбүр болуы мүмкін.

Осылайша Вашингтон бір жағынан ЖИ инфрақұрылымының шетелге көшуін шектеуге ұмтылса, екінші жағынан ел ішіндегі дата-орталықтардың құрылысына қоғамдық қолдау іздеп отыр.