Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі зейнетақы жинақтарындағы инфляция өтемақысы жойылады деген ақпаратқа қатысты түсінік берді, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Министрліктің хабарлауынша, зейнетақы активтерін басқару жүйесіне енгізілетін өзгерістер жеке инвестициялық портфельді басқарушылардың жауапкершілігін күшейтуге бағытталған.
«Салық төлеушілердің мемлекеттік қаражаты жеке басқарушы компанияларды таңдау нәтижесінде туындаған шығындарды жабуға жұмсалмауға тиіс», – делінген министрлік мәлімдемесінде.
Осыған байланысты, егер жеке басқарушы компаниялардың қызметі салдарынан теріс инвестициялық табыстылық қалыптасса, келтірілген шығынды олар өз капиталы есебінен өтеуге міндетті.
Ал зейнетақы жинақтарын жеке басқарушы компанияларға аудармаған азаматтардың қаражатын бұрынғыдай Қазақстан Ұлттық банкі басқара береді. Бұл ретте мемлекет тарапынан заңда көзделген кепілдіктер сақталады.










