Қазақстандық шахматшы Бибісара Асаубаева Халықаралық шахмат федерациясының (FIDE) жаңартылған әлемдік рейтингінде бесінші орынға көтерілді, – деп хабарлайды Aikyn.kz. сайты.
Шілде айына арналған рейтингке сәйкес, 22 жастағы қазақстандық гроссмейстер 2 538 рейтингтік ұпай жинап, бірден екі сатыға жоғарылады. Осылайша, ол алғаш рет әйелдер арасындағы әлемнің ең үздік бес шахматшысының қатарына енді.
Әлемдік рейтингтің көш басында Қытай өкілі Хоу Ифан (2 596 ұпай) тұр. Екінші орында – Лей Тинцзе (2 566), үшінші орында – қазіргі әлем чемпионы Джу Вэнцзюнь (2 560). Төртінші сатыда тағы бір қытайлық шахматшы Чжу Цзиньере (2 550) орналасса, үздік бестікте Бибісара Асаубаева (2 538) тұр.
Бибісара Асаубаева – Қазақстанның ең танымал шахматшыларының бірі. Ол блиц шахматтан екі дүркін әлем чемпионы атанып, халықаралық жарыстарда бірнеше рет жүлделі орындарға ие болды. Сонымен қатар Қазақстан әйелдер құрамасының көшбасшыларының бірі саналады. Әлемдік рейтингтегі бұл жетістік Асаубаеваның халықаралық деңгейдегі тұрақты жоғары нәтижелерінің айқын дәлелі болып, қазақстандық шахмат тарихындағы маңызды белестердің біріне айналды.









