Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 16 жасқа толмаған балалардың әлеуметтік желіге тіркелуіне заң жүзінде шектеу қою жөніндегі бастаманы қолдайтынын айтқан еді. Президент цифрлық платформалардың өскелең ұрпаққа ықпалы отбасы мен мектептің әсерінен кем түспейтінін атап өтті. Ендігі мәселе – баланы интернеттен оқшаулау емес, оны зиянды контенттен қалай тиімді қорғау.
Құрылтай отырысында «Әділет» партиясы фракциясының мүшесі, депутат Жанарбек Әшімжан осы мәселеге орай Премьер-министр Олжас Бектеновтің атына депутаттық сауал жолдады. Ол депутаттық сауалында: «Бүгінде әлеуметтік желі баланың бос уақытын өткізетін орта ғана емес, оның психологиясына, денсаулығына, мінез-құлқына және білім алуына ықпал ететін факторға айналды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Тамыз конференциясында және Құрылтайдың алғашқы сессиясының ашылуында әлеуметтік желілер мен цифрлық платформалардың балалардың дүниетанымына отбасы мен мектептен кем әсер етпейтінін айрықша атап өтіп, 16 жасқа толмаған балалардың әлеуметтік желіге тіркелуіне заң арқылы тыйым салу бастамасын қолдады. Сайлаушылармен кездесу барысында да жиі көтерілді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Еуропалық өңірлік бюросы жүргізген (HBSC) зерттеуі 44 елдегі 280 мыңға жуық жасөспірімді қамтыды. Нәтижесінде, әлеуметтік желіні проблемалық деңгейде пайдаланушының үлесі 2018 жылғы 7 пайыздан 2022 жылы 11 пайызға өскені анықталған. Бұл – мәселенің ауқымы жыл сайын артып бара жатқанын көрсетеді. Мұндай тәуелділік ұйқының бұзылуы мен психологиялық әл-ауқаттың төмендеуімен байланысты», – деді. Сондай-ақ депутат басты мәселе баланың әлеуметтік желіде отыруында ғана емес, оның уақыты мен жадын жоғалтуында екенін айтып отыр.
Қауіпсіз әрекет етуге үйрету қажет
16 жасқа дейін әлеуметтік желіге шектеу енгізу арқылы балаларды зиянды контенттен қорғай аламыз ма? Балалардың қауіпсіздігін қайтсек күшейте аламыз? Мұндай бастамаға ата-ана тарапынан да, бақылау тетігіне қатысты да сауал туындайтыны белгілі. Құрылтай депутаты, «Әділет» партиясы фракциясының мүшесі Жарқынбек Амантайұлының пікірінше, 16 жасқа дейін әлеуметтік желіге шектеу енгізу балаларды зиянды ақпараттан белгілі бір деңгейде қорғай алады. Алайда заңның нәтижелі болуы тек шектеудің өзіне емес, оның отбасында және қоғамда қаншалықты орындалатынына байланысты. Депутат бұл мәселеде ата-ананың жауапкершілігі мен қоғамның құқықтық және цифрлық сауаттылығына ерекше мән береді. Оның ай-туынша, цифрлық гигиенаны қалыптастыру, балаларды теріс әрі зиянды ақпараттан қорғау бағытында түсіндіру жұмыстарын күшейту қажет. Ал бұл талаптар заңмен нақты бекітілсе, мектеп пен өзге де ортада оның орындалуын талап етуге құқықтық негіз пайда болады.
«Заңмен реттелмеген дүниеде, құқықтық тұрғыдан аражігі ашылмаған дүниеде, түсініксіз дау-дамайлар, келіспеушіліктер әрқашан болып тұрады. Тіпті 16 жасқа дейін балаларға шектеу енгізілгеннен кейін, оны оқу орындарында, басқа орталарда оған бір белгілі бір азаматтар заңның орындалуын талап ете алуы мүмкін. Бұндай жағдайда ата-ана да сол заңдылық, заң талаптарын орындауға мүдделі болады. Сондықтан әрине, оның толыққанды жүзеге асуы үшін жан-жақты тәртібін ойластыру қажет, жауапкершіліктің түрі де айқындалуы керек деген ойдамын», – дейді депутат.
Ал Білім беру саласын тұрақты дамыту қорының жобаларды дамыту жөніндегі жетекшісі Жазира Асанованың айтуынша, мұндай шектеу балаларды қорғаудың бір құралы бола алады, бірақ оны барлық мәселені шешетін жалғыз тетік деп қарауға болмайды.
«Мысалы, Аустралия 2025 жылғы 10 желтоқсаннан бастап 16 жасқа толмаған балалардың әлеуметтік желілерде жеке аккаунт ашуына және бұрынғы аккаунттарын сақтап қалуына шектеу енгізді. Бұл талап Facebook, Instagram, TikTok, Snapchat, X, YouTube, Reddit секілді ірі платформаларға қатысты. Алғашқы бірнеше айдың нәтижесі белгілі бір әсер бар екенін көрсетті: әлеуметтік желіде жеке аккаунты бар 16 жасқа толмаған балалардың үлесі 52,4 пайыздан 42,1 пайызға дейін төмендеген. Бірақ бұл балалар әлеуметтік желіні мүлде пайдаланбай қалды деген сөз емес. Олар ашық контентті аккаунтсыз көре алады, басқа сервистер мен мессенджерлерді пайдалана алады. Сондықтан шектеу қолжетімділікті азайтады, бірақ мәселені толық шешпейді», – дейді сарапшы.
Жазира Асанова сол себепті де бізге тыйыммен қатар бірнеше тетік қарастыру керек екенін айтып отыр. Ол зиянды контентті сүзгілеу, баланың жасына сәйкес қауіпсіз режимдер, ата-ана бақылауы, платформалардың жауапкершілігі және ең бастысы – баланың цифрлық сауаттылығы. «Бұл бағыт Қазақстанда да біртіндеп жүйеленіп келеді. 2026-2030 жылдарға арналған «Қазақстан балалары» тұжырымдамасында 1-сыныптан бастап киберқауіпсіздік, цифрлық гигиена, сыни ойлау және медиасауаттылық дағдыларын қалыптастыру қарастырылған. Интернеттегі қауіпсіз мінез-құлық тақырыптары мектептегі «Жеке қауіпсіздік» сабақтарына да енгізілген. Сонымен қатар ата-аналарға цифрлық тәуекелдерді тану және бақылау құралдарын пайдалану бойынша жұмыс жүргізу көзделген. Өйткені бала 16 жасқа толған күні интернет автоматты түрде қауіпсіз болып қалмайды. Сондықтан біздің міндет – баланы белгілі бір жасқа дейін цифрлық ортадан жай ғана шектеу емес, сол ортада қауіпсіз әрекет етуге үйрету», – дейді ол.
Платформалар да жауапкершіліктен тыс қалмауы керек
Бұл орайда «Жасөспірімдердің әлеуметтік желіге кіруін шектеу үшін платформалардың да жауапкершілігін күшейту керек деп ойламайсыз ба?» деген сауал туындайтыны белгілі. Бұған Құрылтай депутаты Жарқынбек Амантайұлы Қазақстанның ірі халықаралық платформалармен тікелей байланыс орнатуы маңызды екенін айтады. Оның сөзінше, Instagram, TikTok, Telegram секілді платформалардың өкілдіктерімен цифрлық қауіпсіздік мәселелері бойынша жүйелі жұмыс жүргізу қажет. Бұл ретте депутат мәселені тек платформаларды жауапкершілікке тартумен шешуге болмайды деп есептейді. Керісінше, олармен келіссөз жүргізіп, Қазақстанда енгізілетін талаптарды орындаудың тиімді жолдарын бірлесіп қарастырған жөн. «Біз өзіміз де осыған мүдделі болуымыз керек», – дейді Құрылтай депутаты.
Жазира Асанова болса, платформалардың жауапкершілігін нақты күшейту керек деген пікірде. Себебі баланың алдынан қандай видео шығатынын, қандай контент ұсынылатынын және оның желіде қанша уақыт өткізетінін анықтайтын алгоритмдер платформалардың қолында.
«Сондықтан платформалардан тек «16 жасқа толдыңыз ба?» деген формалды сұрақпен шектелмеуді талап ету керек. Олар жасты сенімді растауға, кәмелетке толмаған пайдаланушылар үшін қауіпсіз параметрлерді автоматты түрде қосуға, зиянды контенттің таралуын және тәуелділікті күшейтетін тетіктерді шектеуге міндетті болуға тиіс. Қазір халықаралық тәжірибе де осы бағытқа көшіп жатыр. Мысалы, Meta-ның АҚШ-та енгізетін жаңа талаптарында жасөспірімдер үшін Facebook пен Instagram-ға күніне екі сағаттық лимит, түнде автоматты шектеу және сабақ уақытында push-хабарламаларды өшіру қарастырылған. Бала бұл лимитті ата-анасының рұқсатынсыз алып тастай алмайды. Яғни баланың қауіпсіздігі тек ата-ананың жауапкершілігі болмауы керек. Баланың назарынан табыс тауып отырған платформаның да нақты жауапкершілігі болуға тиіс», – дейді сарапшы.
Тыйымды айналып өтудің жолы табылса ше?
«Желіге тыйым салу» дұрыс-ақ делік. Алайда балалар мұны айналып өтудің жолын табуы мүмкін бе? Мұндай жағдайда не істемек керек?
Жарқынбек Амантайұлы мұндай тәуекелдің бар екенін айтып отыр. Дегенмен қазіргі технологиялардың пайдаланушының жасын анықтау мен верификациялауға мүмкіндігі жеткілікті деп есептейді. Оның пікірінше, шектеуді айналып өтудің жекелеген жолдары табылғанымен, оны жаппай құбылыс деп қабылдауға болмайды. Ал бақылаудың нақты технологиялық тетіктерін цифрландыру және IT саласының мамандары айқындауға тиіс.
Ал Жазира Асанова да мұны жоққа шығармайды. «Бала туған жылын өзгертіп көрсетуі, басқа адамның аккаунтын пайдалануы немесе шектеуге кірмейтін басқа сервиске ауысуы мүмкін. Аустралия тәжірибесінде де алғашқы үш айда көптеген баланың аккаунттарын сақтап қалғаны немесе жаңасын ашып алғаны анықталған. Негізгі проблеманың бірі – платформалардың жасты тексеру жүйесінің әлі де жеткілікті деңгейде жұмыс істемеуі. Сондықтан мемлекеттің негізгі тетігі баланы жеке-жеке бақылау емес, платформаларды талапты орындауға міндеттеу болуы керек. Яғни платформада сенімді жас верификациясы болуы, күмән туған жағдайда жасты қайта тексеру тетігі жұмыс істеуі, ал талапты жүйелі орындамаған компания немесе қолданушылар үшін нақты жауапкершілік қарастырылуы қажет. Бұл ретте баланың жеке деректерін қорғау да өте маңызды. Жасты растау деген баланың құжатын әр әлеуметтік желіге беру деген сөз болмауға тиіс. Қазір Еуропада да адамның нақты жеке деректерін ашпай-ақ белгілі бір жас шегінен асқанын растауға мүмкіндік беретін тәсілдер әзірленіп жатыр. Меніңше, ең дұрыс модель бір ғана тыйымға сүйену емес. Жас верификациясы, платформалардың жауапкершілігі, қауіпсіз цифрлық орта және баланың медиасауаттылығы қатар жұмыс істегенде ғана нәтиже болады», – дейді сарапшы.
P.S.
Бұрын желіге құлынды байлайтын еді, қазір бала-шағаның жұлыны байланып қалды. Сол себепті де, желіге жеті жерден тыйым қажет. Мемлекет, мектеп, ата-ана, әулет, мұғалім, полиция, тіпті керек десеңіз, баланың жеке жауапкершілігі болғаны жөн. Осының бәрін жұмылдырғанда ғана шектеу жасай аламыз. Қазақ «сақтансаң, сақтайды» дейді. Сақтасақ, баланы желіден сақтайық!
Гүлзина БЕКТАС









