Aikyn.kz әлем чемпионатында қолданылатын ақылды футбол добы мен басқа технологиялармен euronews.com материалына сүйеніп таныстырады.
FIFA президенті Джанни Инфантиноның айтуынша, жаңа технологиялардың мақсаты – төрешілердің шешімдерін дәл етуге көмектесу және жанкүйерлердің ойынды тамашалуын жаңа деңгейге көтеру.
«Инновациялар әрбір ойыншыға, әрбір командаға және әлемнің кез келген жеріндегі әрбір жанкүйерге қызмет етуі керек», – дейді Инфантино.
Турнирде қолданылатын Adidas компаниясының Trionda добы арнайы сенсорлық чиппен жабдықталған. Чип доптың қозғалысын секундына 500 рет тіркейді. Бұл технология төрешілерге ойыншының допқа қай сәтте тигенін анықтауға көмектеседі. Соның арқасында офсайд жағдайларын анықтау әлдеқайда жылдам әрі дәл болады. Жаңа жүйе қолмен ойнау эпизодтарын тіркеп, пенальти белгілеу кезінде төрешілердің жұмысын жеңілдетеді. Бұрын бұндай сәттерді видеоны қайта қарау арқылы анықтау қиын болатын.
FIFA тағы бір маңызды жаңалық ретінде әлем чемпионатына қатысатын барлық 1 248 футболшының үш өлшемді цифрлық моделін жасайды. Ол үшін әр ойыншының денесі турнир алдында бір секундтық сканерлеуден өтеді. Нәтижесінде, олардың жоғары дәлдіктегі 3D-аватарлары жасалады. Бұл модельдер жартылай автоматтандырылған офсайд жүйесімен бірге жұмыс істейді.
Стадиондағы камералар доп пен ойыншылардың қозғалысын секундына 50 рет бақылайды. Егер шабуылшы офсайдта болса, жүйе автоматты түрде VAR орталығына ескерту жібереді. Ең қызығы – осы 3D-модельдер жанкүйерлерге көрсетілетін телетрансляцияларда да қолданылады. Даулы эпизодтарды көрермендер енді үш өлшемді форматта көре алады.
FIFA-ның ең ірі жобаларының бірі – Football AI Pro атты цифрлық көмекші. Бұл жүйе ойындарды автоматты түрде талдап, жаттықтырушыларға тактикалық ұсыныстар береді. Ол ойыншылардың әрекеттерін, қарсыластың әлсіз тұстарын және матчтың негізгі заңдылықтарын анықтайды.
Football AI Pro мәтіндік қорытындылар, видео шолулар және графикалық талдаулар дайындайды. Осылайша, бұрын тек бай федерациялар ғана қол жеткізе алатын күрделі аналитикалық құралдар енді барлық 48 ұлттық құрамаға қолжетімді болады.
Сарапшылардың пікірінше, FIFA енгізіп отырған технологиялар футболдағы адам факторын толық жоймайды. Бірақ олар төрешілердің қателігін азайтып, командаларға тиімді шешім қабылдауға көмектеседі.
2026 жылғы әлем чемпионаты тек футбол мерекесі ғана емес, жасанды интеллект пен цифрлық технологиялардың спорттағы мүмкіндіктерін көрсететін жаһандық алаңға айналды. Егер бұл тәжірибе сәтті болса, алдағы онжылдықта кәсіби футболды технологиясыз елестете алмайтын жағдайға жетеміз.









