13,5 миллион тонна астық пен ұн экспортталды

«Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ мәліметінше, 2025 жылғы қыркүйектен 2026 жылғы 17 шілдеге дейінгі аралықта астық пен астыққа шаққандағы ұн экспорты 13,5 млн тоннаға жетті, – деп хабарлайды Aikyn.kz. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 16%-ға жоғары. Өткен маусымда сыртқы нарықтарға 12 млн тонна өнім экспортталған болатын.

Экспорт көлемінің өсуіне Орталық Азия елдері мен Ауғанстандағы дәстүрлі нарықтардағы жоғары сұраныс негізгі серпін берді.

Атап айтқанда, Өзбекстанға экспорт 37%-ға өсіп, 5,6 млн тоннаны құрады. Қырғызстанға экспорт көлемі 1,4 есеге артып, 504 мың тоннаға жетті. Ауғанстанға жөнелтілген өнім көлемі 59%-ға өсіп, 2,2 млн тоннаны, ал Түрікменстанға экспорт 34%-ға ұлғайып, 210 мың тоннаны құрады.

Жүк тасымалы көрсеткіштерінің оң өсімі қазақстандық ауыл шаруашылығы өнімдеріне сұраныстың жоғары екенін айғақтайды. Сондай-ақ бұл экспорттық логистиканы дамыту және шетелдік серіктестермен сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейту бағытында қолға алынған шаралардың нәтижелі екенін көрсетеді.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»   TELEGRAM арнасынан табасыз.