Осы баянды бастаманың бағдарын саралап, алдағы міндеттерді айқындауға арналған маңызды алаңдардың бірі – Меркі ауданында өткен «Меркі бизнес форумы» болды. Ауқымды іс-шараға Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев арнайы қатысып, өңірдің инвестициялық мүмкіндіктері мен экономикалық даму перспективалары жөнінде кеңінен сөз қозғады.
– Мемлекет басшысы өңірлердің экономикалық әлеуетін күшейтіп, инвестиция тарту мәселесіне ерекше назар аударып келеді. Бұл бағытта Жамбыл облысында да ауқымды жұмыстар атқарылуда. Соңғы үш жылда өңір экономикасына 764,5 миллиард теңге инвестиция тартылып, облыс негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі бойынша республикадағы көшбасшы өңірлердің қатарына енді. Бүгінде біз бұл көрсеткіш бойынша елімізде үшінші орында тұрмыз. Сонымен қатар тікелей шетелдік инвестициялар көлемі де айтарлықтай артты. Егер бірнеше жыл бұрын бұл көрсеткіш 184 миллион АҚШ долларын құраса, бүгінде 289,7 миллион АҚШ долларына жетті. Оның басым бөлігі – жеке инвестициялар. Бұл кәсіпкерлер мен инвесторлардың өңірдің болашағына деген сенімінің нақты дәлелі, – деді Ербол Шырақпайұлы.
Аймақ басшысы өңірде жүзеге асырылып жатқан инвестициялық жобалардың нәтижесіне де тоқталды. Оның айтуынша, биыл алғашқы төрт айда жалпы құны 143 миллиард теңгені құрайтын төрт ірі инвестициялық жоба іске қосылып, нәтижесінде 920 жаңа жұмыс орны ашылған. Ал жыл соңына дейін құны 458,8 миллиард теңгені құрайтын тағы 47 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр. Бұл жобалардың арқасында 2 700-ден астам тұрғын тұрақты жұмыспен қамтылмақ.
Басқосу барысында өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына, кәсіпкерлік саласының өркендеуіне және қоғамдық жұмыстарға белсенді үлес қосқан бірқатар азаматқа құрмет көрсетіліп, арнайы марапаттар табысталды.
Бизнес форумда сөз алған белгілі ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор Намазалы Омашев облыстағы оң өзгерістерге тоқталып, соңғы жылдары елді мекендердің көркейіп, жаңа әлеуметтік нысандардың көптеп салынуы халықтың бірлігі мен ынтымағын нығайта түскенін айтты. Ғалымның пікірінше, өңірдің тұрақты дамуы – билік пен халықтың өзара сенімі мен бірлескен еңбегінің нәтижесі.
Жиында кәсіпкерлер тарапынан да нақты ұсыныстар мен маңызды жобалар таныстырылды. Солардың бірі – Novek жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің Меркі ауданындағы өкілі Бахыт Көкебаевтың бастамасы болды. Оның айтуынша, алдағы жылдары Меркі ауданы аумағында жалпы құны 6 миллиард теңгені құрайтын екі заманауи колледж салу жоспарлануда екен. Атап айтқанда, медициналық және құрылыс бағытындағы білім беру ұйымдары бой көтермек. Әрқайсысы мың студентке арналған бұл оқу орындары өңірдің кадрлық әлеуетін арттыруға және еңбек нарығында сұранысқа ие мамандар даярлауға мүмкіндік береді.
Келесі кезекте сөз тізгіндеген «Меркі ет комбинаты» ЖШС-ның директоры Берік Егембердиев туған жерге жанашырлық таныту әрбір азаматтың азаматтық борышы екенін атап өтті.
Форум аясында Меркі ауданы әкімдігі мен туған жердің дамуына қолдау білдірген азаматтар арасында жалпы құны 360 миллион теңгені құрайтын алты ынтымақтастық меморандумына қол қойылды.
Бизнес форумның қорытынды бөлімінде Меркі ауданының бай тарихы мен мәдени мұрасын, көркем табиғаты мен туристік әлеуетін кеңінен таныстыратын «Меркі» фотокітабының тұсаукесері өтті. Жинақта ауданның көрікті жерлері, тарихи ескерткіштері, ұлттық құндылықтары мен бүгінгі даму келбеті фотосуреттер арқылы жан-жақты көрсетілген.
Осылайша, «Меркі бизнес форумы» өңірдің экономикалық мүмкіндіктерін кеңінен танытып қана қоймай, кәсіпкерлер мен жергілікті билік арасындағы ынтымақтастықты нығайтқан маңызды диалог алаңына айналды. Форумда көтерілген бастамалар мен қол қойылған келісімдер ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына жаңа серпін берері айқын.
Саятхан САТЫЛҒАН,
Жамбыл облысы










