Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бүгінде қазақы тазы тұқымын сақтау, оның санын көбейту және ұлттық мұрамызды халықаралық деңгейде кеңінен таныту мәселесіне айрықша мән береді. Бұл бағыттағы жұмыстар халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан саятшылық дәстүрін жаңғыртып қана қоймай, қазақы тазының тарихи-мәдени құндылығын жаңа деңгейде дәріптеуге мүмкіндік беріп отыр.
Әулеттің әуестігі
Таң сібірлеп, Сыр бойының самалы есіп тұрған шақта Мейрамбек Ұлтанбекұлы жеті тазысын кезек-кезек қарап шығады. Әрқайсының бабын, жүрісін, мінезін жақсы білетін ол жүйріктерінің күтіміне ерекше мән береді. Біріне жемін беріп, бірін жүгіртіп, енді бірінің бабын байқап, әдеттегі тіршілігін жалғастырады. Бұл көрініс Қызылорда облысына қарасты Сырдария ауданының орталығы Тереңөзек кентінің тұрғыны үшін күнделікті өмірдің бір бөлшегіне айналған.
Мейрамбектің тазы баптап, асырап жүргеніне 30 жылдан астам уақыт болған. Осы уақыт ішінде ол қазақы тазының табиғатын танып, күтімін жасап, бабын келтіріп, жүйрігін жарата білетін тәжірибелі бапкерге айналды.
Мейрамбек Ұлтанбекұлы үшін тазы өсіру жай ғана әуестік емес, бала күнінен бойына сіңген ата дәстүрі ретінде қалыптасқан. Әкесі өмір бойы жылқы бағыпты. Ал ағасы Берік мектеп қабырғасында жүрген кезінен құмай тазы ұстап, аңшылыққа қызығушылығын байқатады. Сол кезеңде бала Мейрамбек осы ағасының қасынан жиі табылып, тазының бабын жасауды, аңға салуды ерте кезден үйреніпті. Бүгінде ол Сыр бойындағы саятшының бірі ретінде ұлттық құндылықты кейінгі ұрпаққа жеткізуді мақсат етіп келеді.
«Әкеміз марқұм өмір бойы мал бақты, жылқышы болды. Соның бір жағында жүрдік. Менің алдымда Берік деген тетелес ағам бар. Сол ағамның мектеп кезінен тазы ұстап, оны баптауға зор қызығушылығы болды. Мен де сол кісінің қасында жүріп, екеулеп құмай тазыны баптадық. Әрдайым жайлауға итімізді ертіп барамыз. Сол жерде әрі малымызды түгендейміз, әрі аңшылыққа шығамыз. Яғни бір оқпен екі қоян атамыз. Балалық шақтың мұндай талай қызықты сәті әлі күнге дейін көз алдымда тұр», – дейді Мейрамбек Ұлтанбекұлы.
Осылайша, табиғатпен етене өскен бала үшін бұл тіршілік бірте-бірте өмір салтына айналыпты.
Танудың да сыры бар
Мейрамбек әскерден келген соң білім алып, көп жыл ішкі істер органдарында қажырлы еңбек етіп, 2009 жылы құрметті зейнетке шығады. Бірақ осы уақыт аралығында бала күнгі қызығушылығы оны тазыдан бір сәтке алыстатқан жоқ. Керісінше, 2016 жылдан бастап тазы өсіруді бірыңғай қолға алыпты. Бұл шешімнің астарында жеке қызығушылықтан гөрі ұлттық құндылығымызды жаңғыртуға деген үлкен арман-мақсат жатқанын іштей түйсінеді.
Алғашқы жылдары ол 10-12 шақты тазы ұстап, оларды баптап, аңға салып жүреді. Ең бастысы, бұл өнерді өзінен кейінгі ұрпаққа үйретуге баса мән берді. Қазір оның Марат және Мейірман есімді екі ұлы да әкесінің қасынан табылып, тазы өсірудің қыр-сырын меңгеріп жүр. Әсіресе кіші ұлы Мейірманның қызығушылығы жоғары екенін айтады.
Оның айтуынша, тазының қасиеті оның жүйріктігімен ғана өлшенбейді. Ол тазының адамға жақындығын, иесіне деген ерекше сезімталдығын осы тұқымның басты қасиеті деп санайды.
Сонымен қатар тазыларды танудың да өзіндік белгілері бар. Бұл тұрғыда таза тұқымды тазыны тірсегінен тануға болатынын айтады. Яғни оның өзіндік бітімі, жүріс-тұрысы мен ерекшелігі болады. Сондай-ақ тазы тұқымы жабағы тазы мен шашақ тазы деп екі түрге бөлінеді екен.
«Алдыма атадан балаға мирас болып жеткен құндылықтарымызды жоймай, өскелең ұрпақтың жадында аз да болса жаңғыртуға үлес қоссақ деген мақсат қойдым. Негізі, қазақта «Иттің бәрі тазы емес, еттің бәрі қазы емес» деген нақыл бар. Осы тұрғыдан алғанда тазы тұқымы өте тазалығымен ерекшеленеді. Адамға да жақын келеді. Тіпті қасыңда адам жоқ кезде олармен әңгімелесіп отыруға да болады», – дейді ол.
Бұл сөз сырт көзге әсірелеу болып көрінуі мүмкін. Бірақ тазыны жылдар бойы бағып, бабын жасаған адам үшін оның әрбір қылығы таныс. Қайсысының мінезі қандай, қайсысы аңға қалай түседі, қандай күтімді қажет ете-ді – мұның бәрі күнделікті тәжірибемен қалыптасқан ұғым деп түсіндірді.
Баптау да еңбек
Оның айтуынша, тазыны жүйрік ету үшін тек аңға салу жеткіліксіз деп есептейді. Яғни оған күнделікті үлкен күтім қажет. Бұл ретте Мейрамбек пен ұлдары кешкілік тазыларына екі-үш сағат уақыт бөледі. Иттерін шомылдырады, жүгіртеді, әркез жағдайын бақылайды.
Ең бастысы, шілде айында ерекше күтім қажет екенін алға тартады. Әсіресе бұл кезеңде қатты жүгіртпей, денсаулығына баса мән беру керек екенін жеткізді. Оның айтуынша, жаздың аптап ыстығында ұзақ жүгіртуге болмайды. Бұл иттің өкпесіне үлкен салмақ салады. Сондықтан негізгі жаттығу мен аңшылық маусымы қыркүйектен кейін басталады.
Бір қарағанда, бұл қарапайым ғана күтім тәртібі секілді. Алайда саятшының тәжірибесінде әр маусымның, әр кезеңнің өз есебі бар. Иттің бабын бұзбау, денсаулығын сақтау, күшін дұрыс пайдалану тазы өсіру мәдениетінің құрамдас бөлігі деп түсіндірді.
Қазір Қызылорда облысында Аралдан Жаңақорған ауданына дейін тазы өсіруге ден қойған азаматтар қарасы аз емес. Олар әрдайым бір-бірімен тәжірибе алмасып, иттерін сынап, аңшылыққа бірге шығатын орта қалыптастырыпты.
«2024 жылы Жезқазған трассасы бойында 16-17 тазы өсіруші бас қосып, тазыларымызды сыннан өткіздік. Мұндай кездесулердің негізгі мәні бәсекеден бұрын тәжірибе алмасу деп есептеймін. Осы сәттен бастап Сыр бойында құмай тазыға қызығушылық танытушылардың қарасы аз емес екенін байқадым. Әлі күнге дейін ара-тұра бас қосып, бір-бірімізбен тәжірибе алмасып, ақыл-кеңесімізді беріп тұрамыз. Негізі, аңшылыққа аттанудың өзі қазақ үшін ежелден қалыптасқан салт-дәстүрдің бір бөлігі ғой. Сондықтан тазыны ертіп түзге шыққан азаматтар «Қанжығамыз майлансын, қазан аузы жоғары» деп ырымдаймыз. Бұл – аңшылықтың өзінен бұрын оған деген құрметтің, табиғатпен үндестіктің белгісі деп есептеймін», – дейді Мейрамбек.
Бүгінде Мейрамбек Ұлтанбекұлы тазы өсірумен қатар атадан балаға мирас болып жеткен осы құндылықты келешек ұрпақтың жадында жаңғыртуды басты парызы санайды. Сондықтан ол қос ұлын да бала күнінен тазының бабын жасауға, оны күтіп-баптауға, аңшылық мәдениеттің қыр-сырын тануға баулып келеді. Яғни бір кездері өзі ағасы Берікке еріп, тазы баптаудың алғашқы әліппесін үйренсе, бүгінде сол тәжірибесімен балаларын баулып отыр. Осылайша, бір әулеттегі қызығушылық ұрпақтар сабақтастығына ұласып келеді. Мейрамбектің пайымынша, ұлттық мұраның өміршеңдігі де осындай сабақтастыққа байланысты болса керек.
Президент тарапынан қазақы тазы тұқымын сақтау, көбейту және ұлттық мұра ретінде дәріптеуге көрсетіліп отырған қолдау тазы өсірушілерге жаңа серпін беріп отырғанын жеткізді. Әсіресе мұны атакәсіпті жаңғыртып, оның аясын кеңейтуге берілген зор мүмкіндік ретінде қарастырады.
Дегенмен ұлттық тұқымды сақтаумен қатар, оны күнделікті тіршілігіне айналдырған азаматтардың нақты мәселелері де назардан тыс қалмауы қажет деген пікірін жеткізді. Оның ішінде тазы өсірушілердің құжаттандыру мәселесін жеңілдету, тұқым тазалығын сақтау, ветеринариялық қызметтің қолжетімділігін арттыру маңызды деп санайды. Сонымен қатар тазы баптаудың ғасырлар бойы жинақталған тәжірибесін жүйелеп, оны жас ұрпаққа кеңінен насихаттаудың да маңызы зор екенін алға тартады.
Биыл елімізде тұңғыш рет Қазақ тазысы мен төбеті күнінің аталып өтуін де ол ұлттық мұраға деген құрметтің арта түскенінің белгісі деп бағалайды. Осы арқылы дала мәдениетін дәріптеп, саятшылық дәстүрді жаңғыртуға және атадан балаға жалғасқан тәрбиені қайта қалыптастыруға жол ашады деген пікірде. Кейіпкеріміздің басты арманы – әулетінің тазыға деген қызығушылығын ғана сақтап қана қоймай, бұл дәстүрдің Сыр бойында кеңінен қанат жайып, ұлттық мәдениеттің ажырамас бөлігіне айналуын мақсат тұтады.
Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ,
Қызылорда облысы









