Психология: саладағы сапа стандарты

Аталған бағыттың тең төрағалары болып Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Айна Мусралимова мен академик, әлеуметтану ғылымдарының докторы, профессор Зарема Шаукенова тағайындалды.

Осы бастама аясында тәжірибелі практик-психологтар, зерттеушілер және елі­­­міз­дің жетекші жоғары оқу орындарының оқытушыларынан құралған арнайы жұмыс тобы жасақталды. Депутат Айна Мусралимова психологиялық көмекті дамыту мәселесіне қатысты депутаттық сауал жолдап, саладағы түйткілді мәселелерді көтерді.

2024 жылы сарапшылар мемлекеттік және жекеменшік жоғары оқу орындарының бейінді кафедраларымен бірлесіп, пси­­­­холог мамандарды даярлау жүйесін, ғы­лыми мектептердің ахуалын және кәсіби стандарт­тарды жетілдіру мәселелерін талқы­­лады. Сонымен қатар психологиялық қызметті заңнамалық тұрғыдан реттеудің халықаралық тәжірибесі жан-жақты зерделенді.

Ал 2025 жылғы 20 ақпанда Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінде Әлеу­­меттік-мәдени даму комитетінің төра­ғасы Асхат Аймағамбетовтың жетекшілігімен «Психология – мамандық және ғы­лым ретінде: мәселелері мен шешімдері» тақырыбында арнайы отырыс өтті. Жиында саладағы өзекті мәселелер, мамандар даярлау сапасы және психологиялық қызметтің құқықтық негіздерін жетілдіру бағыттары кеңінен талқыланып, депутаттар «Қазақстан Республикасындағы психологиялық қызмет туралы» заң жобасын әзірлеген-ді. Бұл заң жобасы аталған саладағы құқықтық реттеуді көздейді. Биылғы 8 сәуір­де заң Мәжіліс депутаттары тарапынан бірінші оқылымда мақұлданды. Жұмыс тобы оқылым барысында депутаттар ұсынған жекелеген баптарға енгізілетін түзетулер бойынша жұмыс­ты жалғастыруда. Барлық мүдделі тарап, жауапты құрылымдар және ұйымдар талқылаулар өткізіп жатыр. Бұл халықтың да, кәсіби психологтардың да мүдделерін қорғауға бағытталған, психологтар мен азаматтар арасындағы өзара әрекеттестіктің барлық қырын реттейтін тәсілдерді қалыптастыруға мүмкіндік береді. Мұның Қазақстан халқының психологиялық әл-ауқатына және психологиялық көмек көрсету мәдениетіне оң әсерін тигізері сөзсіз. 

Бұған дейін де аталмыш заң жобасы бо­йынша жұмыстың қалай басталғаны және қандай өзекті мәселелер көтерілгені ту­ралы жазылған еді. Жалпы, қабылданғалы отыр­ған заңның жаңашылдығы мен пі­кір алуандығына қарамастан, заң жобасын әзірлеу барысында депутаттардың, мем­лекеттік органдардың, психологиялық қа­уымдас­тықтың және сарапшылардың үй­лесімді өзара іс-қимылын атап өткен жөн. 

Заң қабылданатын уақыт алыс емес. Алайда, бұл мәселе жөнінде мамандар не дейді? Осыған орай Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті жалпы және қолданбалы психология кафедрасының меңгерушісі, заң жобасын дайындау жөніндегі жұмыс тобының мүшесі Арман Нұрмаханбетов пен психология бөлімінің алғаш­қы түлектеріне сауал тастадық.

Арман НҰРМАХАНБЕТОВ,

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті

жалпы және қолданбалы психология кафедрасының

меңгерушісі, психология ғылымдарының докторы,

қауымдастырылған профессор:

Кәсіби білікті мамандар қатары артып келеді

– Бұл мәселе «AMANAT» партия­сы Әйел­дер қанаты тарапынан уақытылы кө­те­ріліп отыр. Тиісті заң жобасын әзірлеу бастамасы депутаттарға тиесілі. Осылайша, тақырып жеке мәселе шең­берінен шығып, әлеуметтік саясат деңгейіне көтерілді. Жағдайға Қасым-Жомарт Тоқаевтың берген бағасы үлкен серпін берді. Ол IV Ұлттық құрылтайда жалған психологтар мен коучтардың кеңінен таралғанын ашық айтып, олардың адамдарға өмір үйретіп, осы арқылы табыс тауып отырғанын атап өтті. Көптеген адам коуч­тарға сеніп, бармақ тістеп қалып жатыр. Сондықтан бұл мәселе кәсіби пікірталас аясынан шығып, инс­титуционалдық шешімді талап ететін қоғамдық тәуекел ретінде қарастырылып отыр. 

Қазақстанда күн сайын ондаған мың маман білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қызмет және құқық қорғау жүйесінде жұмыс істейді. Бұл – мектептердегі буллингтің алдын алу, дағдарыс жағдайларында психологиялық сүйемелдеу, кадрларды іріктеу мен даярлау, отбасылармен жұмыс, күйзеліс пен психологиялық жарақат жағдайында қолдау көрсету. Жүйенің негізгі элементі – базалық психологиялық білім. Бұл жай ғана формалдық немесе бюрократиялық талап емес, кәсіби қызметтің іргетасы. Онсыз дұрыс диагностика жүргізу де, этикалық тұрғыдан негізделген араласуды қамтамасыз ету де, өз құзыретінің шекарасын түсіну де мүмкін емес. 

Сапа критерийлері нақты айқындалмаған жағдайда, тіпті ең дамыған кәсіби қауымдастықтың өзі жабық мүдделер бірлестігіне айналу қаупіне ұшырайды әрі ол жалған ғылыми немесе эзотерикалық қауымдастықтардан көп айырмашылығы болмай қалуы мүмкін. Өйткені тек атауының өзі мазмұнның сапасына кепілдік бермейді. Нақты жалғыз өлшем – дәлдік. Әлемдік тәжірибеде ол ғылыми зерттеулер, жарияланымдар, қайта өндіріле алатын нәтижелер және тәуелсіз сараптама арқылы айқындалады. Беделді ғылыми журналдар әдіснамалық талаптарға сай келмейтін жұмыстарды қабылдамайды. Бұл – кәсіби білімді имитациядан ажырататын негізгі сүзгі. Айта кететін жайт, Дүниежүзілік ден­саулық сақтау ұйымы қабылдаған 2013-2030 жылдарға арналған психикалық денсаулық саласындағы іс-қимылдардың кешенді жоспары алты ортақ қағидат пен тәсілге негізделген. Соның бірі – дәлелді деректерге негізделген тәжірибе. Психикалық денсаулықты қорғау стратегиялары, сон­дай-ақ емдеу, алдын алу және денсаулықты нығайту шаралары ғылыми деректерге және/немесе мәдени ерекшеліктерді ес­­­кере отырып, озық тәжірибеге сүйенуге тиіс.

Бүгінде психологиялық қызмет туралы заңның қажеттілігі бар екені кәсіби қауым­дастық тарапынан белсенді түрде қол­дау табуда. Алайда қазір қоғамдық кеңістікте жеке тәжірибемен айналысатын, нарық­тық нишаларға бағытталған кейбір тараптар әлеуметтік желілерде психолог болу үшін міндетті түрде бейінді білім қажет емес деген пікірді белсенді түрде алға тартуда. Шы­нында да, бүгінгі күні нарық әртүрлі деңгейдегі психологқа толы. Оның үстіне, көптеген «инстаграм-психологтар» мен коучтар жо­ғары оқу орнында негізгі мамандық бойынша білім алмай-ақ, белгілі бір курстардан өткеннен кейін өз тәжірибесін бастаған.

Қоғамдағы психологиялық қызметтерге деген сұраныс жоғары базалық психологиялық білімі жоқ кеңес берушілер үшін де ашық алаңға айналды. Олардың қатарында НЛБ мамандары, жеке даму коучтары, өмір сапасын жақсарту бойынша сарапшылар, қысқамерзімді курстардан өткен «психотерапевтер», сондай-ақ әлеуметтік желілердегі өз парақшаларынан «психологиялық» кеңестер беріп, түрлі марафонға шақыратын блогерлер мен онлайн-кеңесшілердің үлкен тобы бар. Осындай алуан түрлі психологиялық қызметтер нарығында кәсіби кеңеске мұқтаж адамдардың бәрі бірдей бұл қызметтің сапасын айқындайтын нақты критерийлерге ие емес.

Белгілі неміс психологы Герман Эббингауздың «психологияның өткені ұзақ, бірақ тарихы қысқа» деген сөздерін еске ала отырып, өткенге көз жүгіртсек, Қазақстандағы психологияның өзіндік жарқын әрі жеткілікті деңгейде ұзақ даму жолы бар екенін көру қуантады. Елі­­­­міз­де психолог кадрларды даярлау жүйесінің трансформациясы нәтижесінде, дипломы бар психологтардың жаңа буыны қалыптасып келеді. Қазақстандық университеттер халықаралық білім беру кеңістігіне бел­сенді түрде ық­пал­дасуда. Қос диплом бағдарламалары жүзеге асырылуда. Отандық жоғары оқу орындарына шетелден, оның ішінде Еуропа елдерінен студенттер келіп білім алып жатыр. Бұл базалық психоло­гия­лық білім сапасы мәселесінің жа­һандық академия­лық талаптар жүйесіне және біліктіліктерді өзара тану үдерісіне кіріктіріліп отырғанын білдіреді.

Қазір Қазақстандағы шамамен 50 жоғары оқу орны, яғни елдің барлық жетекші университеттері жыл сайын жоғары білімі бар психологтарды даярлайтыны қуантады. Біздің ғылыми психологияда өз дәстүріміз бар; көптеген мемлекеттік органда психологтар жұмыс істейді және оларсыз ТЖМ-де, ҰҚК-де, медициналық мекемелерде, армияда, мектепте, спортта, еңбек ұжымдарында жұмыс жүргізуді елестету қиын. Өз ісіне адал, адамдардың бақытты болуына көмектесуді өз миссиясы етіп санайтын психологтардың бірнеше буыны қалыптас­ты. Елдегі психология ғылымының докторлары мен кандидаттарының, профессорлар мен доценттердің жалпы саны 200-ден асады, олардың ішінде 40-тан аса ғы­лым докторы бар. Бұл ғылыми-педагоги­калық, зерттеушілік және тәжірибелік пси­­холог кадрлардың негізгі өзегін құрайды. 

Сапалы психологиялық көмекке деген сұраныс алдағы уақытта да арта береді. Бұл ретте біреулер психологиялық көмекке рухани және физикалық ресурстарын арттыру үшін жүгінеді. Ал өмірінде қиын жағдайға тап болғандар өз ішіне тұйықталмай, психология­лық көмекке жүгінуден ұялмайды. Мен осындай көмекке мұқтаж адамдар тиісті білімі мен жоғары кәсіби даярлығы бар мамандардан көмек алса деген шын ниетім бар. 

 

Ольга ЗАХАРОВА,

әлеуметтік қызметкер (Канада):

Батыс тәжірибесін көшіру  міндет емес

– Мұндай заңның қабылдануын толық қолдаймын. Шынымды айтсам, Қазақстанда оның әлі күнге де­йін болмағанына таңғалдым. Алайда мен та­нысқан заң жоба­сы қысқа жазыл­ған, ол заң емес, сол заң қандай болуы керек екенінің кон­­­цепциясына көбірек ұқсайды. Онда орындау тетіктері мен жауапкершілік мәселелері жеткілікті деңгейде нақтыланбаған. Депутаттардың оқылым барысында бұған назар аударғаны жақсы болды. Канададағы тәжі­рибемде ақпарат тек ерекше жағдайларда ғана (науқастың өз өміріне немесе айналасындағы адамдарға қауіп төнген кезде) ата-аналарға емес, тиісті органдарға бері­ле­ді. Егер заң психологтарды жасөспі­рім­дер туралы ата-анасына немесе мектепке мін­детті түрде «хабарлауға» міндеттейтін бол­са, онда ешбір жас көмек сұрап келмейді.

Сондай-ақ жоғары білімсіз жұмыс істеу мүмкіндігі туралы сұрақты мүлде орынсыз деп есептеймін – әрине, базалық білім міндетті. Психологиялық білім – бұл іргетас. Мен дипломсыз жұмыс істеу туралы пікірталастарға қарап, дәрігерлердің психология саласына өтуге талпыныс деп күдіктенем: басқаша айтқанда, бұл дәрігерлердің өз қызмет аясын кеңейтіп, жауапкершілігі төменірек мамандыққа қайта бейімделу әрекеті. Канадада да, Америкада да бұл мүмкін емес: дәрігер өзін психолог деп атай алмайды, ал психолог тиісті лицензиясыз дәрігер бола алмайды.

Кез келген заң оны орындауды қадағалайтын атқарушы органсыз ешқандай мағынаға ие емес. Ассоциациялар мәселесіне келсек: егер олар бірнешеу болатын болса, бұл алдын ала «қақтығысқа» әкелуі мүмкін. Канадада бұл жүйе «легализация» ретінде жұмыс істейді: сақтандыру компаниясы психолог қызметін төлеуі үшін немесе сізді психолог ретінде жұмысқа қабылдауы үшін, міндетті түрде кәсіби ассоциацияға мүше болып, жыл сайын жарна төлейсіз. Бұл – маман мәртебесін қамтамасыз ететін жүйенің міндетті бөлігі. Алайда Қазақстан жағдайында бұл сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін тудыруы мүмкін.

Канадада (Онтарио провинциясында) 20 жыл бойы өмір сүріп, жұмыс істеп келемін. Мұнда лицензиялау жүйесі өте қатаң. Әлеуметтік қызметкерлер көп, ал жеке психологтар азырақ, себебі олардың қызметі өте қымбат және көбіне тек аккредитация болған жағдайда ғана мемлекет немесе сақтандыру жүйесі арқылы өтеледі. Сонымен бірге Қазақстан батыс тәжірибесін «көзсіз» көшірмеуі керек. Ұлттық-мәдени ерекшеліктерді ескеруі қажет, әсіресе өңірлер мен ауылдарда отбасылық қаты­настар мен психологиялық көмек туралы түсінік батыс стандарттарынан айтарлықтай өзгеше.

Ирина БОМБЕРГЕР,

Германиядағы сарапшы және 

кеңес беруші психолог:

Базалық университеттік білім маңызды

– Қазақстанда мұндай заңның қабылданғаны дұрыс және қатаң заңнамалық реттеуді құптаймын. Германияда психологтар мен психотерапевтердің қызметі нақты регламентпен бекітілген, бұл тәжірибе үшін өте пайдалы. Бұл маманға оның қандай қызметтерді көрсетуге құқығы бар, ал қайсысын көрсетуге болмайтынын нақты түсінуге мүмкіндік береді. Қоғам үшін бұл – пациенттердің құқықтарын қорғау, этика немесе емдеу шарттары бұзылған жағдайда бақылаушы органға (палатаға) ресми шағым түсіру мүмкіндігі, сондай-ақ білікті көмектің кепілдігі дегенді білдіреді.

Менің ойымша, базалық университеттік білім – міндетті түрде қажет. Германияда «дипломы бар психолог», «психология магистрі» және тіпті «кеңес беруші психолог» ұғымдары заңмен қорғалған. Жеке институттарда қысқа мерзімді курстарды (жарты жыл-бір жыл) аяқтаған адам өзін психолог деп атауға құқылы емес. Университеттік тиісті дипломсыз бұл атауды қолдану үшін әкімшілік, тіпті қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. Клиникалық практикамен айналысу үшін кемінде 5 жыл оқу (магистратура деңгейі) және одан кейін тағы 3-5 жыл бейінді мамандану қажет.

Кәсіби психологтар қауымдастықтарының аккредитациясы мен сапасын бағалау – жүйенің қажетті элементі. Германияда бұл қызметті «Психотерапевтер палатасы» реттейді, онда терапия жүргізуге құқығы бар әрбір маман міндетті түрде тіркелуге тиіс. Палата тіркеу нөмірін береді, кәсіби біліктілікті, этикалық кодекстің сақталуын бақылайды және пациенттердің шағымдарын қарастырады. Ал психологияның басқа салалардағы қызметі (мектептер, әлеуметтік қызметтер) тиісті министрліктер арқылы реттеледі.

Германиядағы оқу ұзақтығы: психология бойынша магистр дәрежесін алу үшін университетте 5 жыл оқу қажет, одан кейін психотерапевт мәртебесін алу үшін кемінде тағы 3 жыл (теориялық дайындық және клиникалардағы тәжірибе) оқу керек. Мамандану: жұмысқа рұқсат (апробация) тек нақты бір бағытқа (мысалы, когнитивті-мінез-құлық терапиясы немесе психоанализ) және белгілі бір жас тобына (ересектер немесе балалар) ғана беріледі. Төлем және бақылау: медициналық сақтандыру жүйесі арқылы жұмыс қатаң реттеледі – сеанс уақыты 45-55 минут аралығында белгіленген, сондай-ақ қызмет құны да нақты бекітілген. Құпиялылық: адамның кеңес беру немесе терапиялық көмек алып жүргені туралы ақпаратты жария еткені үшін психологқа қылмыстық жауапкершілік қарастырылған.

Майя ЦЫГАНЕНКО,

ұйымдық психолог, бизнес-тренер, 

көшбасшылар мен командаларды дамыту

жөніндегі консультант: 

Іргелі дайындықсыз сапа болмайды

– Заңның қабылдануын қол­­дай­мын. Ол ма­ман­­­дықтың нақты шекарасын айқындап, мамандардың жауапкершілігін арттырады және клиенттерді қор­ғай­ды. Бұл елде пси­холо­гиялық көмекке деген сенімді қалыптастырудағы өте маңызды қадам. Әрине, базалық психологиялық білім міндетті болуға тиіс. Қосымша курстар мен тәжірибе маңызды, бірақ іргелі дайындықсыз сапаны қамтамасыз ету және өз құзыретінің шекарасын түсіну қиын.

 2016 жылдан бері мен American Psychological Association мүшесімін және халықаралық тәжірибеде реттеу мәселесі жеткілікті түрде нақты шешілген. АҚШ-та психолог мамандығы штат деңгейінде реттеледі. Көп жағдайда ұзақмерзімді бейінді білім (әдетте PhD немесе PsyD докторлық дәрежесі), супервизиямен жүргізілетін үлкен көлемдегі практикалық тәжірибе және міндетті кәсіби емтихан (EPPP) тапсыру талап етіледі. Сонымен қатар кейбір штаттарда білім беру бағдарламасының аккредитациясы (мысалы, APA арқылы) ескеріледі, бұл даярлық сапасын қосымша растайды. Жалпы модель үш негізгі элементке негізделген: білім, супервизиядағы практика және білімді тәуелсіз бағалау. Лицензиясыз дербес тәжірибемен айналысу мүмкін емес немесе өте шектеулі.

Қайрат АЙДАРБЕКОВ,

азаматтық авиация академиясының

қауымдастырылған профессоры, 

бизнес-тренер:

Шынайы жұмыс істейтін құрал болуға тиіс

– Ең бастысы – заң формалды құжатқа айналмай, шынайы жұмыс істейтін құрал болуы керек. Біріншіден, ол мамандықтың нақты шекарасын айқындайды: кім тәжірибе жүргізе алады, білім мен жауапкершілікке қандай талаптар қойылады, заңбұзушы­лықтар үшін қандай санкциялар қарастырылады. Екіншіден, бұл псевдомамандардың үлесін азайтып, қоғамның психологиялық көмекке деген сенімін арттырады. Маңызды мәселе – заң халықаралық стандарттарға сүйенуге тиіс және шамадан тыс бюрократиялық құжатқа айналмауы керек.

Психолог әлсіз, осал психикалық күйлермен жұмыс істейді, сондықтан мұндағы қателіктердің салдары өте ауыр болуы мүмкін. Қысқамерзімді курстар дайындықты толықтыра алады, бірақ олар базалық дүниетанымдық ұстанымдарды қалыптастырмайды және психиканың дамуын жүйелі түсінуге қажетті негіз бермейді. Ал бұл – психологиядағы кез келген практикалық бағыттың әмбебап іргетасы. Әрине, университеттен ешкім толық дайын маман болып шықпайды, бірақ сол базалық білім кейінгі кәсіби дамудың қалай жүретінін айқындайды. Уақыт өте келе адам сол кезде берілген іргетастың қаншалықты маңыз­ды екенін тереңірек түсіне бастайды.

Бүгінде тәжірибелік психологтардың кәсіби қауымдастығы біршама бытыраңқы әрі алуан түрлі көрінеді. Психотерапияның әртүрлі бағыттарының өкілдері көбіне оқшау әрекет етеді, ал олардың қауымдас­тықтары сапасы нақты бақыламайтын жабық клубтарға айналу қаупіне ұшырайды. Аккредитация даярлау, супервизия және этика бойынша бірыңғай стандарттарды қалыптастыруға мүмкіндік береді. Бұл сонымен қатар мамандардың өздерін де қорғайды: кәсіби «ойын ережелерін» нақтылап, мамандық мәртебесін арттырады. Дамыған елдерде қауымдастықтар (мысалы, American Psychological Association және British Psychological Society) өзін-өзі реттеу функциясын атқарады, бірақ сонымен бірге олар қоғам мен мемлекет алдында да есеп береді.

Психологиялық көмек көрсету саласындағы халықаралық тәжірибе жеткілікті деңгейде жүйеленген: міндетті бейінді білім, лицензиялау, тұрақты супервизия және үздіксіз кәсіби даму талап етіледі. Мысалы, АҚШ пен Еуропада маман тек диплом алып қана қоймай, бақылаумен өтетін практиканың белгілі бір сағаттарын орындап, біліктілік емтихандарын тапсыруы керек. Сонымен қатар кәсіби этика мен шағымдарды қарау тетіктері маңызды рөл атқарады. Бұл тәжірибе көрсетіп отырғандай, психологиялық көмектің сапасы тек маманның жеке мотивациясына емес, талаптар мен бақылаудың жүйелілігіне тікелей байланысты.

P.S.                                        

Тәжірибелі мамандар пікірі осыған саяды. Сонымен бірге шетелдік модельдерді тікелей көшіру шешім бола алмайтынын түсіну маңызды. Қазақ­станның өзіне тән әлеуметтік және мәдени контексті бар. Дегенмен негізгі қағидаттар әмбебап болып қала береді. Адамның психологиялық әл-ауқатына тікелей әсер ететін мамандықты кездейсоқ немесе бейресми ұстанымдарға сүйеніп қалыптастыруға болмайды. Бүгінгі талқылау түптеп келгенде екі түрлі тәсілдің бірін таң­дауға саяды. Біріншісі – мамандықты сапалы білім беру жүйесі, ғылыми стандарттар мен кәсіби тұрғыда дәлелденген тәжірибелер негізінде қалыптастыру. Екіншісі – тек өзін-өзі сәйкестендіру немесе белгілі бір қауымдастыққа мүше болу арқылы маман ретінде танылу. Алғашқы бағыт терең білім мен кәсіби даярлықты талап еткенімен, қоғам үшін сенімділік пен тұрақтылықты қамтамасыз етеді. Ал екінші тәсіл бірінші жүйесіз жүзеге асқанда, «бұл іспен кез келген адам айналыса алады» деген жалған түсінік қалыптастырып, қолжетімділіктің жеңіл иллюзиясын тудырады. Алайда мұндай ұстаным, түптеп келгенде қоғам үшін елеулі қауіптер мен кәсіби жа­уапсыздыққа алып келуі мүмкін. Сондықтан базалық сапалы психоло­гиялық білім туралы және болашақта кәсіби қауымдастықтарды аккредитациялау мәселесін шектеу ретінде емес, мамандықтың алтын стандарты ретінде қарастыру қажет. 

Айна ХАСАН