Күн панельдерінің энергия шығынын азайту жолы табылды

Nature ғылыми журналында жарияланған зерттеу материалына сүйенген Aikyn.kz ғылыми жаңалықтың күн энергетикасы үшін маңызын түсіндіреді.

Күн сәулесінен көбірек электр энергиясын өндіру үшін міндетті түрде қосымша күн панельдерін орнату қажет емес. Қолданыстағы панельдерге түсетін жарық энергиясын тиімді пайдалану да электр өндірісін арттыра алады. Бірақ ғалымдар ұзақ уақыт бойы жартылай өткізгіштердің физикалық қасиеттеріне байланысты күрделі мәселемен бетпе-бет келіп отыр.

Күн элементтерінің құрамындағы жартылай өткізгіштер жарық энергиясын сіңірген кезде теріс зарядталған электрондар босап шығады. Олардың орнында оң заряд тасымалдаушы кемтіктер пайда болады.

Электр энергиясын өндіру үшін осы зарядтарды жинап, электр тізбегіне бағыттау керек. Алайда электрондар мен кемтіктер қайта қосылған кезде олардың тасымалдайтын энергиясы жоғалады. Физикада бұл құбылыс рекомбинация деп аталады.

Негізгі мәселе мынада. Күн сәулесін жақсы сіңіретін көптеген жартылай өткізгіштерде зарядтардың рекомбинациясы да жылдам жүреді. Оксфорд университетінің физика кафедрасының профессоры Лаура Херц бастаған зерттеушілер тобы висмут сульфиді (Bi₂S₃) деп аталатын жартылай өткізгіштің өзгеше қасиетке ие екенін анықтаған.

Ғалымдар материалдың жұқа қабықшаларына өте қысқа лазерлік импульстер түсіріп, аса жылдам терагерцтік спектроскопия әдісімен электр зарядтарының қанша уақыт сақталатынын өлшеген. Тәжірибелер бөлме температурасынан абсолюттік нөлге жақын температураға дейінгі аралықта жүргізілген.

Профессор Марина Филиптің зерттеу тобы жүргізген теориялық есептеулері висмут сульфидінің ерекше қасиетін оның электрондық құрылымымен байланыстырады.

Материалда электрондардың энергетикалық деңгейлер арасында ауысуына мүмкіндік беретін, энергиясы жағынан бір-біріне жақын екі жол бар. Олардың біріншісі күн сәулесін тиімді сіңіруге мүмкіндік берсе, екіншісі электр зарядтарының ұзақ уақыт сақталуына жағдай жасайды.

Энергиясы төмен күйлер электр зарядтарын уақытша сақтайтын өзіндік «қойма» қызметін атқарады. Соның арқасында электрондар мен кемтіктердің қайта қосылу жылдамдығы төмендейді. Материалды салқындату кезінде электр зарядтарының сақталу уақыты одан әрі ұзарған. Бұл тәжірибе зерттеушілердің теориялық моделін растаған.Ғалымдардың есептеуінше, висмут сульфидінің ерекше электрондық құрылымы бөлме температурасының өзінде жарықты бірдей деңгейде сіңіретін кәдімгі жартылай өткізгіштермен салыстырғанда зарядтардың жоғалу жылдамдығын 75%-ға төмендетеді.

«Біздің зерттеуіміз жарықты тиімді сіңіру мен зарядтардың жылдам жоғалуы арасындағы қайшылықты еңсеруге болатынын дәлелдеді. Біз күн энергиясын тиімді пайдалануға көмектесетін жартылай өткізгіштерді әзірлеудің жаңа қағидасын анықтадық», – дейді профессор Лаура Херц.

Лаура Херцтің пікірінше, жаңалықтың басты құндылығы қолданыстағы материалдардың қасиеттерін жақсартуда ғана емес, жартылай өткізгіштердің жұмыс істеуінің өзгеше физикалық механизмін анықтауда жатыр.

Әзірге ғалымдар дайын күн элементінің тиімділігін емес, материалдың іргелі физикалық қасиеттерін зерттеген. Жаңа механизмді өнеркәсіптік технологияларға енгізу үшін қосымша тәжірибелер қажет.

Кейінгі зерттеулер бұл тәсілдің практикалық тиімділігін растаса, болашақта күн панельдерінің санын көбейтпей-ақ, олардан алынатын электр энергиясының көлемін арттыру мүмкіндігі пайда болмақ. Сонымен қатар жаңалық күн энергетикасына арналған жаңа материалдар әзірлеуге ғылыми негіз қалыптастырады.