Құрылтай Компьютерлік қылмыстар туралы конвенцияны ратификациялады. Құжат Қазақстанның киберқылмысқа қатысты ақпарат алмасу, электрондық дәлелдемелерді сақтау және халықаралық құқықтық көмек көрсету бағытында өзге мемлекеттермен өзара іс-қимылын күшейтуге мүмкіндік береді, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
2001 жылы 23 қарашада Будапештте қабылданған Конвенция – ақпараттық технологиялар саласындағы қылмыстарға қарсы күреске бағытталған алғашқы халықаралық шарт. Құжатқа бүгінде АҚШ, Канада, Аустралия, Жапония, Ұлыбритания және Еуропа елдерін қоса алғанда, 80-нен астам мемлекет қатысады. Оған Қазақстанның қосылуы осы елдермен киберқылмысқа қатысты ақпарат алмасу және құқықтық көмек көрсету бағытындағы өзара іс-қимылды дамытуға мүмкіндік береді.
Құрылтай депутаты, «Әділет» партиясы фракциясының мүшесі Үнзила Шапақтың айтуынша, конвенцияның маңызды ерекшелігі – технологиялық бейтараптығы.
«Қарапайым тілмен айтқанда, конвенция белгілі бір платформаға, әлеуметтік желіге, мессенджерге немесе нақты бір технологияға арналмаған. Ол компьютерлік жүйелер, компьютерлік деректер, трафиктік деректер сияқты құқықтық санаттарға негізделеді. Сондықтан бүгінгі цифрлық ортада бұл конвенцияның құқықтық негізі сақталып отыр», – деді Үнзила Шапақ.
Депутат конвенцияның құқықтық тетіктері бірнеше бағытты қамтитынын атап өтті. Соның бірі – компьютерлік жүйеге заңсыз кіру, деректерге заңсыз қол жеткізу және компьютерлік жүйелердің жұмысына кедергі келтіру сияқты әрекеттерді қылмыстық құқықбұзушылық ретінде қарастыру.
Тағы бір маңызды бағыт – электрондық іздер мен дәлелдемелерді сақтау. Цифрлық ортада деректердің өзгертілуі немесе жойылып кету қаупі болғандықтан, оларды жедел сақтап, қажетті жағдайда қолжетімділікті қамтамасыз етуге қатысты процессуалдық тетіктер қажет.
«Қылмыс цифрлық ортада жасалған кезде жәбірленуші бір елде, қылмыстық топ екінші елде, ал серверлік жүйе үшінші елде орналасуы мүмкін. Сондықтан мемлекеттердің өзара халықаралық ынтымақтастығының құқықтық негізі маңызды. Конвенция құзыретті органдардың өзара іс-қимылын қамтамасыз етуге қажетті құқықтық тетіктерді қалыптастырады», – деді депутат.
Конвенцияда экстрадиция, ақпарат алмасу және бірлескен тергеу әрекеттерін жүргізуді қоса алғанда, халықаралық құқықтық көмек тетіктері қарастырылған. Бұл трансшекаралық қылмыстарды тергеп-тексеру кезінде Қазақстанның халықаралық әріптестерімен өзара іс-қимыл жасау мүмкіндігін арттырады.









