Елімізде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған, халықтың экономикалық әлеуетін арттырып, тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған «қуатты өңірлер – қуатты ел» қағидасы барын білеміз. Осыны ескере отырып, алда тұрақты түрде оқырманға «қуатты өңірлер – қуатты ел» айдарын ұсынып отырамыз. Бұл айдардың әр шығарылымында салаларға жеке тоқталып, өңірлердегі көрсеткіштерге назар саламыз. Алғашқы бөлімде тұрғын үй тақырыбына тоқталып, республика аумағындағы жемісті істерді шолып көрдік.
Баспана – қай кезде де қоғамның назарынан тыс қалмайтын сала. Сол үшін мемлекеттік саясатының бір тетігі саналып отыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев былтырғы Жолдауында тұрғын үй тақырыбына ерекше зер салғаны есімізде болатын. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту ісін айта келе, құрылыс қарқынына дем беру керегін жеткізген.
– Соңғы жылдары қарқынды дамып келе жатқан тұрғын үй құрылысы саласына айрықша назар аударған жөн. Былтыр (2024 жылы – ред.) 19 миллион шаршы метр баспана пайдалануға берілді. Сонымен бірге құрылыс сапасын арттыру үшін жасанды интеллект технологияларының (Building Information Modeling, BIM) көмегімен ғимараттарды ақпараттық модельдеу әдісін кеңінен қолдану керек. Үкімет құрылыстың барлық кезеңдерін толық есепке алуды, жоспарлауды, оған мониторинг жүргізуді қамтамасыз ететін ұлттық цифрлық платформаны іске қосу қажет, – деген болатын Президент.
Міне, содан бері жалпы тұрғын үй нарығы назардан тыс қалған жоқ. Ірі шаһарларды айтпағанда, әр өңірде құрылыс қарқыны артты. Жаңа нысандар бой көтеріп, соған сай тұрғын үйге қол жеткізгендер саны өсті. Мәселен, 2024 жылы республикада 172 мыңнан астам отбасы қоныс тойын тойласа, 2025 жылы 185,8 мың отбасы баспаналы болды. Бұлардың қатарында жеңілдетілген ипотека алғандар, халықтың осал тобы ретінде кезекте тұрып келгендердің қарасы мол. Сондықтан мемлекет тұрғын үй саясатын жүйелі түрде іске асырып келеді деп бағалай аламыз.
Осы тұста елдегі саяси жетекші ұйым саналатын «Әділет» партиясының сайлауалды бағдарламасында тұрғын үй тақырыбына басымдық берілгенін де айта кетейік. Бағдарламаның басты тармағының бірі – азаматтардың тұрғын үй жағдайын жақсарту. Осы мақсатта елімізде алдағы 5 жыл ішінде жан басына шаққандағы тұрғын үй аумағын 30 шаршы метрге жеткізу көзделген. Бұған қоса, апатты жағдайдағы баспаналарда тұрып жатқан 30 мың меншік иесін жаңа үйлерге көшіру ісі де қамтылған. Сонымен қатар жастарды тұрғын үймен қамту, ипотекаларды қолжетімді ету, баспана мәселесін жұмыс берушілер арқылы шешу және жалға беру нарығын қауіпсіз ету қарастырылған.
Жан басына шаққанда баспана аумағын 30 шаршы метрге жеткізу мақсатын өте орынды деп санар едік. Себебі қазір Ұлттық статистика бюросы 2025 жылы Қазақстанда жан басына шаққандағы баспана аумағының көрсеткіші 25,1 шаршы метр екенін мәлімдеген. Жаман көрсеткіш емес, әйтсе де дамыған елдермен салыстырғанда азырақ екенін жасырмаған жөн. Бұны экономист Сапарбай Жобаев та айтып отыр.
– Эстонияда ХІІ ғасырдан бастап тастан, күйдірілген кірпіштен үйлер тұрғызыла бастаған. Ал бізде осындай баспаналар ХІХ ғасырдан бастап қана салынды. Сол кезден бері тұрғызылған баспаналарды есептесек, елімізде әр азаматқа 25 шаршы метрден келеді. Жаңағы айтқан Эстонияда бұл көрсеткіш – 30-40, Еуропаның кей елдерінде 50 шаршы метрге жеткен. Біз әр азаматқа 30 шаршы метрден жеткізу үшін алдағы 8-10 жылда жыл сайын тұрақты түрде 22 млн шаршы метр тұрғын үй салуымыз керек. Сондықтан елде тұрғын үй құрылысы тұрақты дамуы үшін әр тараптың мүддесін ескеру қажет. Банктер де, құрылысшылар да, несиеге тұрғын үй алушылар да нарыққа ынталы болғаны абзал, – дейді сарапшы.
Бұл ретте еліміздегі тұрғын үй құрылысының динамикасына зер салып көрейік. 2022 жылы көрсеткіш 15,4 млн шаршы метр болса, 2023 жылы – 17,8 млн шаршы метр, 2024 жылы рекордтық деңгейде 19 млн шаршы метр тұрғын үй салынды. Ал 2025 жылы сандар тағы да жаңарып, 20,1 млн шаршы метрге жетті. Демек, көздеген межені орындауға әлеует толық жетеді.
Мадияр ТӨЛЕУ









