Аббат Өрісбаев: Әскери оқу-жаттығулар адам өміріне қауіп төндіретін сынаққа айналмауы керек

«Әділет» партиясы фракциясының мүшесі Аббат Өрісбаев Премьер-министр Олжас Бектеновке әскери, арнайы және авариялық-құтқару оқу-жаттығулары кезінде қауіпсіздіктің бірыңғай цифрлық жүйесін енгізу туралы депутаттық сауал жолдады. Құрылтай депутатының айтуынша, оқу-жаттығу барысында қауіпсіздік талаптарын күшейтіп, төтенше жағдайдың алғашқы минуттарында әрекет етуге мүмкіндік беретін тетіктер қалыптастыру қажет, – деп хабарлайды Aikyn.kz. 

Аббат Өрісбаев Маңғыстау облысындағы әскери оқу-жаттығу кезінде қаза тапқан сарбаздардың туған-туыстарына көңіл айту үшін бірнеше өңірге барғанын атап өтті. Депутат Мемлекет басшысы оқиғаға қатаң баға беріп, Қорғаныс министрлігіндегі жағдайды жан-жақты тексеру жөніндегі комиссия құрылғанын да еске салды. Қазір қайғылы оқиғаның себептерін анықтау және қаза болған сарбаздардың отбасыларына көмек көрсету мақсатында Үкіметтік комиссия жұмыс істеп жатыр.

«Біз бұл шешімдерді қолдаймыз. Сонымен бірге әскери реформаның маңызды бағыттарының бірі ретінде қауіпсіздік талаптарын күшейту қажет деп санаймыз. Әсіресе әскери, арнайы және авариялық-құтқару оқу-жаттығулары кезінде қауіпсіздік талабы қатаң сақталуы тиіс. Өйткені мұндай жаттығулардың өзінде тәуекел жоғары», – деді депутат.

Депутат оқу-жаттығу аумағын дрондар арқылы үздіксіз бақылауға алып, әр қатысушыға жеке электронды белгі беруді ұсынды. Мұндай жүйе адамның орналасқан жерін кез келген уақытта анықтауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар қатысушыларға геолокацияны көрсететін және қауіп төнген жағдайда SOS белгісін жіберетін арнайы құрылғы беру туралы да айтты. Адам құлап қалса, ұзақ уақыт қозғалыссыз жатса немесе суға түссе, жүйе автоматты түрде дабыл беруі тиіс.

Ұсыныстар қатарында адамның физиологиялық жағдайын бақылайтын құрылғыларды енгізу де бар. Олар жүрек соғысы секілді негізгі көрсеткіштерді бақылауға мүмкіндік береді. Бұған қоса ауа райы, желдің жылдамдығы, көріну қашықтығы және теңіздегі толқын туралы ақпарат бір орталыққа үздіксіз түсіп тұруы керек. Қауіп деңгейі артқан жағдайда оқу-жаттығудың қауіпті бөлігін дереу тоқтату ұсынылды.

Сондай-ақ әр оқу-жаттығуға бірыңғай қауіпсіздік паспортын әзірлеу ұсынылды. Құжатта қатысушылардың медициналық тексеруден өткені, қауіп-қатер картасы, эвакуация бағыты, құтқару тобының құрамы және ауа райына байланысты шектеулер көрсетілуі тиіс. Оқу-жаттығу өтетін аумақты да алдын ала мұқият тексеру қажет.

«Бұл жерде ең басты мәселе – адам өмірі және қауіпсіздігі. Әскери қызметші де, құтқарушы да оқу-жаттығу кезінде өз қауіпсіздігіне сенімді болуы керек. Қандай жағдай болмасын, төтенше жағдайға алғашқы минуттарда әрекет етуге мүмкіндік беретін жүйе жұмыс істеуі тиіс. Оқу-жаттығу адам өміріне қауіп төндіретін сынаққа айналмауы керек», – деді Аббат Өрісбаев.

Депутат Үкіметтен мемлекеттік органдардың осы бағыттағы жұмысын қайта қарап, қауіпсіздік талаптарының орындалуын тексеруді сұрады. Сондай-ақ үш ай ішінде оқу-жаттығулар кезіндегі қауіпсіздіктің бірыңғай стандартын әзірлеп, оны алдымен бірнеше өңірде сынақтан өткізу ұсынылды.