Балалар құқығы – басты назарда

Қабылдауға партияның облыстық филиалы төрағасының орынбасары Қуантай Бисалиев, облыстық мәслихат депутаты Айгүл Әмірғалиева, Атырау облысы Бала құқығы жөніндегі өңірлік уәкілі, Атырау қалалық мәслихатының депутаты, білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау, құқық қорғау, құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық салаларының өкілдері қатысты.

Тұрғындардың басым бөлігі – көпбалалы және жалғызбасты аналар балаларын балабақшаға орналастыру, тұрғын үй және жылыту жүйесімен қамтамасыз ету, емделуге қаржылай көмек алу, оңалту құралдарына қол жеткізу, сондай-ақ қиын өмірлік жағ­дайдан шығуға қолдау көрсету мәселелерін көтерді.

Мәселен, алты баланы жалғыз тәрбиелеп отырған ана балаларын балабақшаға орна­ластыруға көмек сұрады. Сондай жағдайдағы тағы бір жалғызбасты көпбалалы ана үйге жылыту жүйесін орнатуға немесе қажетті қаржылай көмек көрсетуге ықпал етуді өтінді. Ал жеті баланың анасы III топтағы мүгедектігі бар жұбайымен бірге ерекше қажеттілігі бар баласын Алматы қаласына емделуге апару үшін қаржылай қолдау сұрады.

Қабылдауда екі құлағының есту қабілеті ауыр дәрежеде бұзылған кәмелетке толмаған баланы қажетті медициналық құралмен қамтамасыз ету мәселесі де көтерілді. Дә­рігерлердің қорытындысына сәйкес, балаға бас сүйек арқылы дыбыс өткізетін BAHA 6 MAX аппаратын екі құлағына да қолдану ұсынылған. Қазір аппараттың біреуі ғана берілген. Баланың есту қабілетін жақсартып, сөйлеу тілінің толыққанды дамуына мүмкіндік жасау үшін екінші аппаратпен қамтамасыз етуге көмек сұралды.

Сондай-ақ басқосуда тұрақты баспанасы жоқ, екі баласы бар ананың жағдайы қаралды. Қазір ол Аналар үйінде тұрады. Бұған дейін үйінің болмауына байланысты уақытша мемлекеттік мекеменің қарауына алынған балаларының бірі анасына қайта­рылған, ал екінші баласы сот шешімімен әкесінің қамқорлығында қалған. Әйел қазан айында Аналар үйінен шығатын­дықтан, уақытша баспанамен және әлеу­меттік қолдаумен қамтамасыз етуге көмек қажет екенін жеткізді.

– Балалардың қауіпсіздігі мен құқығын қорғау – тек бір отбасының немесе бір мекеменің  емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті. Бүгін көтерілген әрбір мәселенің артында баланың тағдыры тұр. Сондықтан аналардың өтініштері қағаз жүзінде қалып қоймай, тиісті мемлекеттік органдармен бірлесіп нақты шешімін табуы қажет. Әйел­дер қанатының тарапынан бұл мәсе­лелердің шешілу барысын бақылауда ұстаймыз, – деді облыстық мәслихат депутаты Айгүл Әмірғалиева.

Айта кету керек, қоғамдық қабылдауда айтылған әрбір өтініш жеке қаралып, қолданыстағы заңнама аясында түсінікте­мелер берілді. Көтерілген мәселелер тиісті мем­лекеттік органдар мен құзырлы меке­ме­лерге жолданып, олардың шешілу барысы партия филиалының бақылауына алынды.

Баян ЖАНҰЗАҚОВА