Маңғыстау облысында халық санының артуына байланысты жыл сайын ауызсу тапшылығы туындайтын. Бұған дейін Түпқараған ауданының тұрғындарына ащы су құбырлар арқылы, ал тұщы су жерасты көздерінен арнайы тасымалдаушылармен жеткізілетін. Енді «AMANAT» партиясының қолдауымен зауыт толық іске қосылып, құбырлар арқылы тұшыландырылған су тұрғындарға беріліп отыр.
Түпқараған су тұшыту зауытының басқарушы директоры Асқар Сұлтановтың айтуынша, Форт-Шевченко, Баутино және Аташ елді мекендерінде шамамен 12 мыңға жуық тұрғын тұрады. Олардың қазіргі тәуліктік су тұтыну көлемі – 2 000 текше метр. Халықтың сұранысына сай су тұшытып, жүйелі жұмыс жүргізіліп жатыр.
«Партияның сайлауалды бағдарламасы аясында атқарылған жұмыстардың әрқайсысы нақты нәтижеге бағытталды. Аймақта 9 су тұшыту зауыты іске қосылып, 58,3 шақырым су құбыры жаңартылды. Бұл Маңғыстау тұрғындарын тұрақты әрі сапалы ауызсумен қамтамасыз етуге бағытталған жүйелі жұмыстың айқын көрінісі», – деді «AMANAT» партиясы Маңғыстау облыстық филиалының төрағасы Нұрбек Қарасаев.
Тұрғындар да қазір тіршілік көзінен тапшылық көрмейтінін жеткізеді. Өңір үшін өзекті мәселенің оң шешілуіне мұрындық болған «AMANAT» партиясы мен жергілікті атқарушы органдарға алғысын айтуда.
«Жаз мезгілінде ауызсудың жетіспеушілігі қатты байқалатын. Кешке егін суаратын кезде судың жылдамдығы баяулап, әбігерге салатын еді. Ал қазір партияның қолдауымен жағдайымыз өзгеріп, мәселеміз шешімін тапты. Бүгінде сапалы, таза, ішуге ыңғайлы суды тұтынып отырмыз. Ауданымыздағы су тапшылығы толық шешілді», – деді аудан тұрғыны.
Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өңірлерді таза ауызсумен қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасына сәйкес және партияның сайлауалды бағдарламасы аясында облыста бірнеше жоба сәтті орындалды. Атап айтқанда, Ақтау қаласы, Мұнайлы ауданындағы су тұшыту зауыттарының қуаты артты. «Кендірлі» курорттық аймағында орналасқан «Тоқмақ» жерінде қуаты тәулігіне 50 мың текше метр болатын ірі су тұшыту зауыты іске қосылды. Осылайша, аймақтағы ауызсу тапшылығы мәселесі толық шешіліп, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған жұмыстар нәтижесін берді.










