«Әділет» партиясының «Әділетті болашақ үшін» сайлауалды бағдарламасының басым бағыттарының бірі – ауылдарды жан-жақты дамыту, ауыл кәсіпкерлігін қолдау және ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыру.
Үгіт-насихат жұмыстары аясында Құрылтай депутаттығына үміткерлер Ақжол Құрмансейіт пен Алмат Жөкебаев Ұлытау ауданына қарасты Терісаққан және Қорғасын ауылдарының тұрғындарымен кездесті.
«Ауыл – елдің алтын қазығы. Сондықтан ауыл тұрғындарының тұрмысын жақсартып, кәсіп бастауға және еңбек етуге қолайлы жағдай жасау – партиямыздың негізгі міндеттерінің бірі», – деді кандидаттар.
Ұлытау облысының ауылдық елді-мекендерінде соңғы 3 жылда 20 фельдшерлік амбулатория ашылды. 250-астам тұрғын жеңілдетілген 2,5 пайызбен несие алып, кәсібін дамытқан. Сондай-ақ ауылдық жерлерде спортты дамыту мақсатында да жұмыстар жүргізілуде.
Ауылдарға сапар барысында кандидаттар «Есіктен-есікке» акциясын өткізді. Ұлытау ауданының Құрметті азаматы, ардагер журналист Мағзұмбек Машайқовтың үйіне барып, партия бағдарламасымен таныстырды. Зейнеткер өз кезегінде заман жастардыкі екенін айтып, алғысын білдірді.










