Қасым-Жомарт Тоқаев Владимир Путинге Омбы төрінде қонақжайлық танытқаны үшін алғыс айтты. Сонымен қатар ХХІІ өңіраралық ынтымақтастық форумы аясындағы жүздесу Қазақстан – Ресей ықпалдастығының негізгі бағыттарындағы жан-жақты диалогты жалғастырып, алдағы қадамдарды нақтылауға мүмкіндік беретінін жеткізді.
– Біз – аса ірі сауда серіктестеріміз. Былтыр сауда көлемі шамамен 28 миллиард долларды құрады. Биылғы беталысымыз да өте жақсы. Өткен жылғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда, биыл бес айда өзара сауда көлемінің қарқыны айтарлықтай арта түсті. Ресей экономикамызға инвестиция салатын елдердің арасында көш бастап тұр. Инвестиция көлемі шамамен 30 миллиард долларға жетті. Бірлескен күш-жігердің арқасында жалпы құны 53 миллиард доллар болатын 177 перспективті өнеркәсіп жобасының тізімі жасақталды. Оның 122-сі іске асырылды. Қазіргі күрделі геосаяси жағдайды ескерсек, бұл – көңіл қуантатын жетістік, – деді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысы гуманитарлық саладағы ықпалдастық деңгейін жоғары бағалады. Сондай-ақ Қазақ ұлттық университетінің Омбыдағы филиалын ашуға қолдау білдіргені үшін Ресей мемлекетінің басшысына ризашылығын білдірді.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстандағы алғашқы атом электр станциясын бірлесе салу жобасының ағымдағы жағдайы туралы пікір білдірді.
– Маған Балқаш көлі маңында нысан орнын дайындау жұмыстары аяқталуға жақындағанын баяндады. Бұл жоба Қазақстан аумағында энергияның жаңа түрін өндіруге ғана қатысты емес. Ол сонымен қатар мемлекеттеріміздің, ең бастысы, халықтарымыздың және өскелең ұрпақтың арасында алтын көпір болады. Өйткені біз Ресей көмегімен техникалық кадрларды, кейін атом индустриясы сияқты аса күрделі салада жұмыс істейтін жергілікті қазақ мамандарын даярлағымыз келеді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Кездесу барысында Мемлекет басшысы Ресей мен Украина арасындағы қақтығысты реттеу мәселесіне қатысты өз ұстанымын жеткізді.
– Өзіңізге мәлім, мен әуел бастан мұның мемлекетаралық қақтығыс екенін айтқанмын. Бұл қандай да бір азаматтық соғыс емес. Біз украин халқына, оның мәдениеті мен тіліне әрдайым құрметпен қараймыз. Аталған қақтығыстың көпшілік үшін, соның ішінде біз үшін түсініксіз тұстары көп. Білуімше, сіз Аляскадағы Анкориджде өткен кездесуде дипломатиялық тұрғыдан барынша икемділік таныттыңыз. Осы орайда өз пікірімді білдіргім келеді. Өйткені маған да өтініштер айтылады. Меніңше, қақтығысты уақытша тоқтатып, 2.0. Ыстанбұл формуласына оралған дұрыс. Себебі аталған келіссөз барысында айтарлықтай нәтижеге қол жеткізілген еді. Содан кейін алпауыт елдердің, соның ішінде Ресейдің кепілдігі арқылы көптен күткен бейбітшілікке қадам басуға болады. Қазақстан – бұл мәселеде сырт қалатын ел емес. Алайда қаншама мәрте ұсыныстар мен үндеулер айтылғанына қарамастан, мен бұл қақтығыста арағайын болудан үзілді-кесілді бас тартамын. Өйткені Ресей – ұлы ел, ал орыс халқы – ұлы халық. Күн тәртібіндегі барлық мәселені делдалсыз-ақ шеше алады. Алайда бүгін өз пікірімді білдіруді жөн көрдім. Себебі адамдар менің Омбыға жоспарлы сапарымнан, Сізбен кездесуімнен хабардар. Тығырықтан қалай шығу керек екенін ешкім білмейді. Қос тараптың өз ұстанымы бар. Әйтсе де, осы алауыздықты уақытша доғаруға болады. Бұл – сынақтан өткен халықаралық тәжірибе, амал. Өкінішке қарай, өрімдей жастар құрбан болып жатыр. Олар – бауырлас Ресей мен Украина халықтарының келешегі. Сондықтан мұның бәрін тоқтату керек. Өйткені, менің ойымша, қазіргі болып жатқан жағдай Ресей және Украина мемлекеттерінің дұшпандарына ғана тиімді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент сөзін қорыта келе, еліміз Ресеймен стратегиялық серіктестікті және одақтастық қатынастарды дамытуға бейіл екенін растады.
– Қазақстанның Ресеймен қарым-қатынасындағы ұстанымына келер болсақ, біз Ресейді әрдайым ұлы мемлекет деп санаймыз. Бұған еш күмәніңіз болмасын. Мен бұл туралы барлық халықаралық форумдарда айтып жүрмін. Біз қанша қиын болса да, Ресеймен стратегиялық серіктестікті және одақтастық қатынастарды дамытуға бейілміз. Бүгінгі форум – соның айғағы, – деді Мемлекет басшысы.
Өз кезегінде Ресей Президенті Омбыда Қасым-Жомарт Тоқаевпен жүздескеніне қуанышты екенін жеткізіп, Өңіраралық форум екіжақты қарым-қатынастың дамуына елеулі үлес қосып келе жатқанын атап өтті.
– Елдеріміздің ынтымақтастығы табысты дамып келеді. Сөз жүзінде емес, іс жүзінде стратегиялық сипатқа ие болды. Оны ұдайы өсіп келе жатқан тауар айналымының деңгейінен аңғаруға болады. Өткен жылы екіжақты сауда-саттық шамамен 28 миллиард долларды құрады, ал биылғы бес айда, біздің статистикалық мәліметімізге сәйкес, тағы да 4 пайыздан аса өсті. Бұл қарқынды динамика келешегіміз жарқын екенін көрсетеді. Сонымен қатар оған инвестиция да ықпал етеді. Өйткені инвестиция алдағы күнге жағдай жасап, көрсеткіштерді айқындайды. Бұл ретте де ауыз толтырып айтарлық жетістіктеріміз аз емес. Себебі Ресей кәсіпорындарының, ресейлік бизнесмендердің қатысуымен жалпы инвестиция көлемі 30 миллиард доллар болатын 70 жоба іске асырылып жатыр. Ресей – Қазақстан экономикасының ең ірі инвесторы. Әріптестігіміз әртүрлі бағытта өрбіп келеді. Мәселен, металлургия өнеркәсібі, машина жасау, энергетика, фармацевтика секілді басқа да салалар қамтылған, – деді Владимир Путин.
Бұдан бөлек, Ресей Президенті мәдени-гуманитарлық қарым-қатынасты нығайту мәселесіне тоқталды.
– Гуманитарлық байланыстар саласындағы ықпалдастығымыз өте маңызды. Бұл орайда, әлбетте, білім саласы алдыңғы орынға шығады. Қазақстанның мыңдаған азаматы ресейлік жоғары оқу орындарында білім алып жүр. Омбыда Қазақстанның мемлекеттік университетінің филиалы ашылғанын атап өткім келеді. Ресейлік студенттерге 100 мемлекеттік стипендия ұсынылғаны үшін алғыс айтамыз. Олар ақысыз негізде білім алып жатыр, – деді Ресей басшысы.
Владимир Путин екі ел халықаралық аренада және өңірлік ұйымдар аясында белсенді қарым-қатынасты жолға қойғанына назар аударды. Биыл Ресей ҰҚШҰ-ға, ал Қазақстан – ЕАЭО-ға төрағалық етеді.
Сонымен қатар Владимир Путин Қазақстан мен Ресейдің тарихи тамырластығы туралы сөз қозғады.
– Бүгін госпитальға арнайы барғаныңызды білемін. Омбы Сіз үшін Ресейдің қатардағы қаласы емес. Бұл жерде Сіздің әкеңіз 1945 жылы қыста ауыр жарақаттан кейін ем-дом алған. Біз Ұлы Отан соғысы мен халқымыздың нацизмді жеңуге қосқан үлесін әрдайым есте сақтаймыз. Қасым-Жомарт Кемелұлы, Сізбен жүздескенімізге қуаныштымыз, – деді Ресей Президенті.
Әңгімелесу барысында мемлекеттер басшылары сауда-экономикалық байланыстарды одан әрі нығайту, соның ішінде энергетика, көлік-логистика, ғарыш, ауыл шаруашылығы салаларындағы бірлескен жобаларды жүзеге асыру перспективасын егжей-тегжейлі талқылады.
Бұдан бөлек, президенттер халықаралық және өңірлік күн тәртібіндегі өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасты.
Кездесуден кейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен Президент Владимир Путин Омбы қаласында XXII Қазақстан – Ресей өңіраралық ынтымақтастық форумының пленарлық сессиясына қатысты. Биылғы басқосу «Жаһандық логистика экожүйесін қалыптастыру: Ресей – Қазақстан ынтымақтастығының жаңа көкжиегі» тақырыбына арналып отыр.
Мемлекет басшысы, ең алдымен, Ұлы Отан соғысының ардагерлері, соның ішінде әкесі Кемел Тоқаев туралы естеліктерді көздің қарашығындай сақтағаны үшін Ресей Президенті мен Омбы облысының басшылығына ризашылығын білдірді. Майдангер Кемел Тоқаев Екінші Беларусь майданының құрамында жүріп, Польша жерінде алған ауыр жарақатынан кейін осы қалада емделген еді.
Мемлекет басшысы өңірлердің іс жүзіндегі ықпалдастығы екіжақты күн тәртібінің мазмұнын байытып, Қазақстан мен Ресей ынтымақтастығының қарқынды дамуына тың серпін беріп отырғанын атап өтті.
– Бүгінде мемлекеттеріміздің қарым-қатынасы мүлдем жаңа деңгейге көтерілді. Ол – мемлекеттер басшыларының, үкімет жетекшілері мен жергілікті билік басшыларының, сондай-ақ екі ел парламенттерінің ортақ күш-жігерінің нәтижесі. Менің былтыр қараша айында Ресейге жасаған мемлекеттік сапарым мен Президент Владимир Путиннің биыл мамыр айындағы елімізге мемлекеттік сапары бұл тұрғыда тарихи мәнге ие. Қос сапардың қорытындысы бойынша қол қойылған Мемлекетаралық қарым-қатынасты жан-жақты стратегиялық серіктестік және одақтастық деңгейіне дейін жеткізу жөніндегі декларация, сондай-ақ Достық пен тату көршіліктің жеті негізі туралы бірлескен мәлімдеме елдеріміздің алдағы ондаған жылдардағы жасампаз ынтымақтастығы мен өсіп-өркендеуіне берік негіз қалады. Қазақстан мен Ресей қарым-қатынасы барлық бағытта нығайып келе жатыр деп толық сеніммен айтуға болады. Ресей – Қазақстанның ірі сауда серіктесі. Былтыр екіжақты тауар айналымы 28 миллиард долларға жуықтады. Ортақ күш-жігердің арқасында бұл көрсеткіш ұдайы өсіп келеді: биылғы бес айда өзара сауда-саттық көлемі былтырғы ұқсас кезеңмен салыстырғанда шамамен 10 пайызға жуық артты, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы Ресей Қазақстанның басты инвестициялық серіктестерінің бірі ретінде соңғы 20 жылда еліміздің экономикасына 30 миллиард доллардан астам қаржы салғанына тоқталды.
– Бұл салада оң қарқын байқалады: биылғы бірінші тоқсанда Ресейден келген инвестиция ағыны 45 пайызға ұлғайды. Яғни бес айдағы көлемі 773 миллион долларды құрады. Көпжылдық өзара тиімді ынтымақтастық нәтижесінде қазір Қазақстан экономикасының түрлі саласында ресейліктердің үлесі бар 20 мыңнан аса кәсіпорын табысты жұмыс істеуде. Сонымен қатар Ресейдегі қазақстандық бизнестің позициясы нығайып келеді. Ресей экономикасына құйылған қаржымыз 9 миллиард доллардан асты. Экономикалық күн тәртібінде өнеркәсіп саласындағы серіктестіктің алар орны ерекше. Елдеріміз 177 ірі жобадан тұратын тізім жасақтады. Инвестицияның жалпы көлемі 52 миллиард доллардан асады. Оның 122-і іске асырылып, 30 мыңнан астам жұмыс орны ашылды, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, «Росатом» бастаған халықаралық консорциумның қатысуымен Қазақстанда алғашқы атом электр станциясын салу жобасы болашаққа бағдарланған екіжақты ынтымақтастықтың стратегиялық сипатқа ие болғанын көрсетеді. Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы ғарыш саласындағы ынтымақтастық та өзара іс-қимылдың басым бағыты екенін атап өтті.
– Биыл сәуір айында «Союз-5» зымыран тасығышы алғаш рет ұшырылды. Бұл елеулі уақиға ғылыми, инженерлік, өндірістік мүмкіндіктерін тоғыстырса, Қазақстан мен Ресей түрлі саладағы өршіл бастамаларды жүзеге асыра алатынын анық көрсетті. Қазақта «Бірлік бар жерде тірлік бар» деген мақал бар. «Где лад, там и клад» деген орыстың нақыл сөзінің мағынасы осыған жақын. Мызғымас достық пен тату көршілік байланыстарға, өзара сенім мен қолдауға, бір-біріміздің мүддемізді ескеруге негізделген қарым-қатынас бауырлас халықтардың әл-ауқатын арттыруда жаңа белестерді бағындыруға жол ашатынына сенімдімін, – деді Президент.
Мемлекет басшысының пайымдауынша, форум тақырыбы қазіргі халықаралық жағдай тұрғысынан ерекше өзекті. Оның пікірінше, әлемдегі ең ұзын әрі тұтас құрлық шекарасымен түйіскен Қазақстан мен Ресейге Еуразиядағы көлік-логистика жүйесінің дамуында жетекші рөл атқаруды тағдырдың өзі бұйыртып отыр.
– Бұл – қазіргі өте күрделі геосаяси жағдайда елдеріміздің жаһандық бәсекедегі артықшылығын айқындайтын басты фактор. Біз күш-жігер жұмылдырудың арқасында бұл саладағы барлық міндетті табысты еңсеріп, инфрақұрылымды жүйелі дамытып келеміз әрі транзиттік әлеуетімізді нығайта түстік. Өткен жылы елдеріміз арасындағы теміржол көлігімен жүк тасымалдау 3,5 пайызға артып, 92 миллион тоннаны құрады. Сонымен қатар Қазақстан аумағы арқылы транзит тасымалы жандана түсті. Тек соңғы бес жылда Қытай – Ресей – Қытай бағыты бойынша Қазақстан территориясынан өткен контейнерлік тасымалдың көлемі сегіз есе артты. Ресей – Қазақстан – Қытай бағытындағы миллионыншы контейнер елеулі меже болды. Әлбетте, мұнымен шектеліп қалмаймыз. Автомобиль көлігімен тасымалдау да еселене түсті. Былтыр оның көлемі 8,5 миллион тоннадай болған. Биылғы бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша өткен жылғы кезеңмен салыстырғанда 4,3 миллион тоннаға жетіп, екі еседен аса ұлғайды. Бұл саладағы бірлескен жүйелі жұмысты жалғастырcақ, осы қарқынды сақтап қалуға әбден болады. Мен бұған сенімдімін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент Солтүстік – Оңтүстік дәлізін дамытуға айрықша мән беріліп отырғанына назар аударды. Былтыр бұл тараптағы жүк тасымалы едәуір өскен. Тағы бір маңызды бағыт – Батыс Еуропа – Батыс Қытай дәлізі.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, Ақтөбе – Ұлғайсын жолындағы реконструкция дәліздің өткізу мүмкіндігін екі есе арттыруға мүмкіндік береді.
– Қолданыстағы цифрлық платформалар базасында «Қазақстан – Ресей» цифрлық көлік дәлізін пилоттық режимде іске қосуды ұсынамын. Себебі бұл – көлік нөпірі көп бағыттардың бірі. Екі елдің көлік-логистика жүйесін цифрлық тұрғыда тиімді интеграциялау және жаңа технологияларды кеңінен қолдану бізге өзара сауда-саттық көлемін ұлғайтып, көлік ағынын арттыруға және жан-жақты экономикалық байланыстарды нығайтуға мүмкіндік береді. Биыл мамыр айында Владимир Владимирович Путиннің Қазақстанға жасаған мемлекеттік сапары аясында жүргізушісіз жүк көліктері алғаш рет екі ел ортасында қатынады. Мұны айтулы уақиға деуге болады. Осынау сәтті тәжірибе Қазақстан мен Ресейдің көлік саласындағы серіктестігі жаңа технологиялық деңгейге шыққанын көрсетті, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев елдеріміздің көлік-логистикалық байланысын нығайтудың шекара маңындағы аймақтар үшін маңызы зор деп санайды.
– Шекара маңындағы өңірлерде «500+» шартты атауымен әуе қатынасын дамытудың бірлескен бағдарламасын әзірлеу ұсынылады. Бастамаға сәйкес, Астана мен Ресейдің Қазақстанмен шекаралас әрі халық саны 500 мыңнан асатын қалалары арасында тікелей әуе рейстерін кезең-кезеңімен ашу көзделген. Бұл бағдарламаның іске асуы өз кезегінде екі елге де туристердің көптеп келуіне қолайлы жағдай жасайды. Бұдан бөлек, бірлескен трансшекаралық туристік бағыттар ашу да тиімді деп есептеймін. Ол үшін елдеріміздің туризм индустриясы өкілдерінің арасындағы ықпалдастықты жандандырған жөн. Айтпақшы, Қазақстанға демалуға және көрікті жерлерді тамашалауға келетін туристердің саны жағынан Ресей қазір бірінші орында тұр. Екінші орында – Қытай, үшінші – Үндістан, төртінші – Түркия. Туризмді қарқынды дамытуға мүмкіндігіміз жеткілікті. Атап айтқанда, еліміз географиялық тұрғыдан ұтымды орналасқан. Алуан түрлі табиғи ландшафт, бай әрі бірегей тарихи-мәдени мұрамыз да көпшілікті қызықтырады. Ең бастысы, Ресей туристері үшін Қазақстанда тіл және менталдық тұрғыдан ешқандай кедергі жоқ. Мәдениетіміз бен тарихымыз ортақ. Шекара маңындағы туризмді дамыту экономика қарқынын арттырып қана қоймайды. Бұл – арадағы сенімді нығайтып, тату көршілік қатынастардың біртұтас кеңістігін қалыптастыруға салынған инвестиция. Екіжақты байланысымыздың қаншалықты мықты екені осыдан көрінеді. Әрі бұл бірге өсіп-өркендеуімізге тың серпін береді, – деді Президент.
Мемлекет басшысы Қазақстан мен Ресей арасындағы қарым-қатынастың беріктігі өңірлердің, іскер топтардың, ғылыми және мәдени қоғамдастықтардың белсенді байланысы арқылы нығая түсетін жоғары деңгейдегі сенімді диалогтан, ең бастысы, миллиондаған адамның достығынан байқалатынын айтты.
– Біздің сан қырлы ынтымақтастығымызда сабақтастық пен серпінді даму өзара үйлесім тапқан. Ортақ тарихымызды ардақтай отырып, болашаққа бірге көз тігеміз. Қазақстан ұлы Ресей елімен жасампаз стратегиялық серіктестікті дамытуға әрдайым ниетті. Омбы қаласына менімен бірге үлкен делегация келді. Оның құрамында орталық мемлекеттік органдардың басшылары, шекаралас облыстардың әкімдері, іскер топ өкілдері бар. Бұл біздің жүйелі жұмыс істеп, екіжақты ықпалдастықтың негізгі бағыттары бойынша нақты келісімдерге қол жеткізуге мүдделі екенімізді білдіреді. Бүгінгі форумның нәтижесі Қазақстан мен Ресейдің стратегиялық серіктестігі мен одақтастық қатынастар жылнамасындағы кезекті жарқын кезеңге жол ашып, мемлекеттеріміздің гүлденуіне және бауырлас халықтардың игілігін арттыруға ықпал етері сөзсіз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Өз кезегінде Ресей Президенті Ресей мен Қазақстан серіктестігін ілгерілетуге өңірлердің қосқан үлесін жоғары бағалады. Оның айтуынша, аймақ басшылары мен бизнестің үйлесімді әрекетінің нәтижесінде сауда-саттық жанданып, өзара инвестиция ағыны ұлғайып келеді.
– Ең басты нәрсені айтайын: Ресей мен Қазақстанның көлік және логистика саласында, сондай-ақ экономика мен қоғамдық өмірдің басқа да бағыттарында өзара тиімді ықпалдастықты арттыруына мүмкіндіктері мол. Осындай үйлесімді әрі ұжымдық жұмысты жалғастырса, Ресей мен Қазақстанның өңірлері екі елдің бауырлас халықтарының игілігі үшін жан-жақты стратегиялық серіктестік пен одақтастықты одан әрі тереңдетуге елеулі үлес қосады, – деді Владимир Путин.
ХХІІ Қазақстан – Ресей өңіраралық ынтымақтастық форумы аясында Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путинге тауар айналымының ашықтығын қамтамасыз етуге, тасымалдау үдерісін цифрландыруға және автокөлік тасымалының қауіпсіздігін арттыруға бағытталған жобалар таныстырылды.
Атап айтқанда, президенттерге тауар айналымы мен өнімнің шығарылған жерін растауға мүмкіндік беретін тауарларды цифрлық таңбалау жүйесі, тасымалдау үдерісіне қатысушыларға арналған Smart Cargo бірыңғай цифрлық платформасы, жасанды интеллект көмегімен көлік ағынына үздіксіз талдау жүргізетін AI Jol бірыңғай цифрлық жобасы туралы мәліметтер берілді.
Сонымен қатар мемлекеттер басшыларына теміржол, автокөлік және авиа байланыстарын дамыту үшін қолға алынған бірлескен шаралар мен шекарадағы көлік өткізу пункттерін қос тараптан бірдей жаңғырту перспективасы туралы мәлімет берілді.
Ардақ СҰЛТАН










