Азаматтарды Құрылтай депутаты Кендебай Адамбек офлайн және бейнебайланыс арқылы қабылдады. Олар жер мен сот дауларына және мемлекеттік орган шешімдерінің орындалуына қатысты мәселелерін жеткізді.
Жастар мен ерекше қажеттіліктері бар азаматтарды жұмыспен қамту мәселелері де көтерілді. Атап айтқанда, мемлекеттік грантпен білім алып, мамандығы бойынша жұмыс таба алмай жүрген түлектердің жағдайы сөз болды. Міндетті еңбек өтеу талабы орындалмаған жағдайда оқу грантына жұмсалған қаражатты қайтаруға тура келеді.
Кездесуде баспанаға қолжетімділік тақырыбы да қозғалды. Семей қаласының тұрғыны Гүлбаршын Төлеубекова бірнеше жылдан бері мемлекеттік бағдарлама арқылы ипотека рәсімдей алмай жүр. Бірде менеджердің қателігінен баспана алу мүмкіндігінен қағылса, енді «табысыңыз жеткіліксіз» деген желеумен ипотекалық тұрғын үйге қол жеткізе алмай отыр.
– Мен жалғызбасты анамын. Отбасымды қамтамасыз ету үшін бірнеше жерде жұмыс істеймін. Соған қарамастан баспана алуға табысым жеткіліксіз деген жауап алып жүрмін. Осыған дейін мемлекеттік бағдарлама бойынша үй алуға бірнеше рет өтініш бердім. Бір жолы мүмкіндігім болып тұрған кезде менеджердің қателігінен өтінішімнен бас тартылды. Осы мәселені шешуге көмектессеңіздер, – деді Гүлбаршын Төлеубекова.
Кендебай Адамбек азаматтың өтініші жан-жақты зерделенетінін айтты. Депутат бұл мәселені тиісті мемлекеттік органдармен бірлесе қарастырып, шешу жолдарын пысықтамақ.
– Бүгін көтерілген мәселелер 1-2 адамның ғана мәселесі емес, бүкіл халықтың көкейінде жүрген сұрақтар. Сондықтан алдымен зерделеп, әріптестерімізбен ақылдасып, мүдделі министрліктерден ақпарат алып, барынша шешуге тырысамыз. Бұл азаматтардың ешқайсысы еріккеннен келіп отырған жоқ. Олар әділеттілік іздейді. Ал әділеттілік – біздің партиямыздың негізгі идеясы. Бұл түйткілдер нақты шешімін таппайынша жағдай менің бақылауымда болады. Ешқандай мәселені жарым жолда қалдырмаймыз, – деді Кендебай Адамбек.
«Әділет» партиясының Республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесі еліміздің барлық өңірінен келген азаматтарды қабылдауды жалғастырады. Тұрғындар мұнда өз мәселелерін айтып, заң аясында кеңес алып, олардың шешілуі бойынша көмек ала алады.
Бекбол АМАНГЕЛДІ









