Қарағандылық жас маман «Жастарға жұмыс» жобасы арқылы тұрақты қызметке орналасты

Жастарды жұмыспен қамту және олардың еңбек нарығында өз орнын табуына қолдау көрсету мақсатында жүзеге асырылып жатқан «AMANAT» партиясының «Жастарға жұмыс» жобасы өз нәтижесін беруде, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Жобаға қатысушылардың бірі – Қарағанды облысы Бұқар-Жырау ауданы Доскей ауылының жас маманы Ахмедиянов Дархан. Ол 2025 жылы колледжді тәмамдағаннан кейін өз мамандығы бойынша жұмыс іздей бастаған. Осы кезеңде Дархан «Жастарға жұмыс» жобасы аясында ұйымдастырылған бос жұмыс орындары жәрмеңкесіне қатысып, өзіне қажетті мүмкіндікке қол жеткізді.

Жәрмеңке қорытындысы бойынша ол Қарағанды облысының Бұқар-Жырау аудандық «AMANAT» партиясы филиалына IT-маман болып жұмысқа орналасты. Бүгінде жас маман өз саласында тәжірибе жинақтап, кәсіби біліктілігін арттырып, ұйымның цифрлық бағыттағы жұмысына үлес қосып келеді.

Дарханның айтуынша, жоба оған өз мамандығы бойынша еңбек етіп, кәсіби дамуына және болашағына сенімді қадам жасауына мүмкіндік берген.

«Жастарға жұмыс» жобасы жастардың әлеуетін ашуға, олардың тұрақты жұмысқа орналасуына және еңбек нарығында сұранысқа ие маман ретінде қалыптасуына нақты қолдау көрсетіп отыр. Осындай бастамалардың арқасында көптеген жас өз кәсібін тауып, табысты еңбек жолын бастауда.

Жоба алдағы уақытта да жастарды жұмыспен қамтуға және олардың кәсіби дамуына бағытталған тиімді алаңдардың бірі болмақ.