Түнгі уақытта тыныштықты бұзғаны үшін 21 625 теңге айыппұл салу жеткіліксіз – депутат

«Әділет» партиясы фракциясының мүшесі, Құрылтай депутаты Кендебай Адамбек «Әділет» партиясы фракциясының мүшелері атынан Ішкі істер министрі Ержан Сәденовке депутаттық сауал жолдады, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Депутаттық сауалға азаматтардың түнгі уақытта қоғамдық тәртіптің жиі бұзылуына қатысты өтініші негіз болған.

Кендебай Адамбек Мемлекет басшысы «Заң және тәртіп» қағидатын іске асыру аясында кез келген құқықбұзушылыққа мүлдем төзбеушілік болуы керектігін бірнеше рет атап өткенін еске салды.

– Азаматтардың қауіпсіздігі мен тыныштығын қамтамасыз ету – уәкілетті органдардың басты міндетінің бірі. Бұл ұстаным «Әділет» партиясының бағдарламасымен де үндеседі. Партия үшін заң үстемдігі – әділетті мемлекеттің негізгі қағидаты. Ал құқық қорғау жүйесін жетілдіру, ең алдымен, адам мүддесін қорғауға және қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталуға тиіс, – деді депутат.

Оның айтуынша, бүгінде тұрғындар көтерген мәселеге дер кезінде нақты шешім қабылданып, оның нәтижесін күтеді.

– Қалалардың орталық көшесінде мотоциклдер мен тюнинг жасалған автокөліктердің жүргізушісі рұқсат етілмеген жарысты жиі ұйымдастырады. Олар жылдамдықты асырып, пиротехника қолданып, тұрғын үйлер орналасқан аумақта әдейі қатты шу шығарады, – деді Кендебай Адамбек.

Депутат мұны тек жол қозғалысы ережесін бұзу мәселесі ретінде қарастырмау керектігін айтты.

– Бұл мәселе жол қозғалысы ережесін бұзу шеңберінен шығып, қоғамдық қауіпсіздікке қатысты мәселеге айналды. Сонымен қатар азаматтардың тынығуына, түнгі тыныштығына теріс әсер келтіреді. Алайда құқық бұзушылар көп жағдайда жауапкершіліктен тыс қалып жатады. Оның бірнеше себебі бар, – деді ол.

Оның сөзінше, бірінші мәселе – мұндай құқықбұзушылықтардың тіркелуі.

– Біріншіден, мұндай құқықбұзушылықтар өте сирек тіркеледі. Көп жағдайда шара азаматтардың шағымынан кейін ғана қабылданады, – деді депутат.

Осы ретте ол шу деңгейінің шамадан тыс көтерілуін автоматты түрде тіркейтін жүйені қолдануды ұсынды.

– Мәселені шешудің бір жолы – шу деңгейінің шамадан тыс көтерілуін автоматты түрде тіркейтін акустикалық жүйе орнату. Шетелде мұндай тәсілдер қолданылады. Мысалы, АҚШ-та автоматты акустикалық камералар пайдаланылады. Кей жағдайда көлікті тәркілеу де қарастырылған. Германия мен Францияда түнгі рейдтер өткізіліп, арнайы жылжымалы зертханалар қолданылады, – деді Кендебай Адамбек.

Депутат көтерген екінші мәселе – қолданыстағы жазаның тиімділігі.

– Қазір түнгі уақытта тыныштықты бұзғаны үшін 5 АЕК, яғни 21 625 теңге айыппұл салынады. Мұндай жаза құқықбұзушылықты тоқтатуға жеткілікті әсер етпеуі мүмкін, – деді ол.

Осыған байланысты ол Құрылтай депутаттары атынан Ішкі істер министрлігіне бірнеше ұсыныс жолдады.

Атап айтқанда, рұқсат етілген шу деңгейінің асып кетуін автоматты түрде анықтау үшін арнайы акустикалық құрылғылар мен шу өлшегіштерді фото және бейнетіркеу жүйесіне біріктіру бойынша пилоттық жобаны іске қосу ұсынылды.

Сонымен қатар депутаттар түнгі заңсыз жарыстардың жолын жедел кесу және көліктердің шығару жүйесіне заңсыз өзгерістер енгізілгенін тексеру үшін патрульдік полиция мен учаскелік инспекторлардан тұрақты бірлескен экипаждар құруды ұсынды.

Тағы бір ұсыныс көлікке заңсыз енгізілген техникалық өзгерістерге қатысты.

– Көлікке заңсыз енгізілген техникалық өзгерістер толық жойылғанға дейін құқық бұзушының көлік құралын арнайы тұраққа қою, – делінген депутаттық сауалда.

Сондай-ақ түнгі уақытта тыныштықты бұзғаны үшін белгіленген жазаның оның салдарына және азаматтардың қалыпты өмір сүруіне тигізетін әсеріне қаншалықты сай келетінін қайта қарау ұсынылды.

Бұдан бөлек, депутаттар жолдағы құқықбұзушылықтарды ұсақ бұзақылық ретінде саралаудың нақты тәртібін әзірлеуді көтерді.

– Бұл ретте қоғамды әдейі және ашық түрде құрметтемеудің нақты белгісін, сондай-ақ дәлелдемелерді жинау тәртібін белгілеу, – деді К.Адамбек.