Бүгінгі Құрылтай отырысында «Әділет» партиясының депутаты Сергей Пономарев өз депутаттық сауалында өкпенің қатерлі ісік, әсіресе қаупі жоғары азаматтарды сәулесі төмен дозалы компьютерлік томография арқылы тексеру қажеттігін айтып, отандық жасанды интеллект жүйесін іске қосу мәселесін көтерді. Бүгінде бұл бастама нақты медициналық тәжірибеге енгізіле бастады. Ендеше, “өкпе қатерлі ісігінің скринингі не үшін қажет және жаңа технология денсаулық сақтау жүйесін қаншалықты өзгерте алады?” деген сұраққа жауап іздеуге тырыстық, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Депутаттың айтуынша, өкпенің қатерлі ісігі диагнозы жыл сайын 3 мыңнан астам адамға қойылады.
– Мемлекет басшысы осы жылды Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жариялады. Президент озық жасанды интеллект технологияларын қолдану елдің дамуы мен денсаулық сақтау саласын қоса алғанда, негізгі бағыттарды жаңғыртудың қуатты қозғаушы күшіне айналуы тиіс екенін бірнеше рет атап өтті. Сондықтан осыны біз дұрыс пайдалана білуіміз керек. Мәселен, өкпенің қатерлі ісігі еліміздегі онкологиялық аурулардың ішінде өлім-жітімі өте көп тіркелген. Жыл сайын 3 мыңнан астам адамға осы диагноз қойылады. Ал оған себеп – дертті алғашқы кезеңінен дұрыс анықтай алмаудан. Осы тұрғыдан алғанда, скринингтің маңызы зор. Өйткені оның мақсаты – аурудың белгілері пайда болғаннан кейін емдеу емес, қатерлі ісікті алғашқы кезеңінде анықтау. Ерте қойылған диагноз емдеуді уақытында бастауға және оның тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді, – деді Әділет» партиясының депутаты Сергей Пономарев.
Оның айтуынша, төмен дозалы КТ өкпе тіндеріндегі өте ұсақ өзгерістерді анықтауға мүмкіндік береді. Оның стандартты компьютерлік томографиядан ерекшелігі – сәулелену мөлшерінің төмен болуында.
– Халықаралық тәжірибе де бұл әдістің тиімділігін көрсетіп отыр. Мәселен, АҚШ-та жүргізілген National Lung Screening Trial зерттеуінде төмен дозалы КТ қолданылған топта өкпенің қатерлі сігінен болатын өлім қаупінің шамамен 20 пайызға төмендегені анықталған. Италияда жүргізілген MILD зерттеуінде де ұзақмерзімді бақылаудың нәтижесі осы дерт бойынша өлім-жітімнің азайғанын анықтаған. Бұл жерде өкпенің қатерлі ісігіне арналған скринингті бүкіл халыққа жаппай жүргізу қажет емес. Скрининг ең алдымен ауруға шалдығу қаупі жоғары адамдарға бағытталады. Қазақстанда 2026 жылы өкпе қатерлі ісігін ерте анықтауға арналған скрининг нормативтік тұрғыдан енгізілді. Нысаналы топқа 50 жастан 70 жасқа дейінгі азаматтар, атап айтқанда, айтарлықтай темекі шегу өтілі бар және зиянды өндірістік факторлар әсер ететін ортада жұмыс істеген адамдар енгізілген. Мұндай тәсіл медициналық тұрғыдан да, экономикалық тұрғыдан да дұрыс. Себебі қауіп деңгейі жоғары азаматтарды жүйелі тексеру арқылы дертті ертерек анықтау ықтималдығын арттырады, – деді ол.
Демек, мәселе жай ғана жаңа медициналық аппаратты енгізуде емес. Ең бастысы – ауруды адамның денсаулығына айтарлықтай қауіп төндірмей тұрып анықтау. Бұл мәселені Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының радиология және ядролық медицина бөлімінің меңгерушісі Жандос Аманқұлов та қостады.
Оның айтуынша, елімізде жыл сайын өкпенің қатерлі ісігі бойынша 4 мың жаңа жағдайы тіркелген. Ал осы дерттен жылына шамамен 2 мың адам қайтыс болады. Өлім-жітімнің жоғары болуының негізгі себептерінің бірі – аурудың кеш анықталуы.
– Өкпенің қатерлі ісігі алғашқы сатысында анықталса, науқастардың шамамен 90 пайызының бес жылдық өмір сүру көрсеткіші жақсарады. Ал аурудың төртінші сатысында бұл көрсеткіш 10 пайыздан аспайды. Яғни, аурудың сатысына қарай өмір сүру көрсеткішінде он есеге жуық айырмашылық бар. Алдын ала есептеулер бойынша, өкпе обырының ерте сатысындағы бір жағдайды емдеу шамамен 500 мың теңгеге түседі. Егер сырқатты үшінші-төртінші сатысында анықтаса, емдеу шығыны 50 миллион теңгеге дейін жетуі мүмкін. Бұған химиотерапия, сондай-ақ қымбат иммундық және таргеттік препараттарды қолдану қажеттілігі кіреді, – деді Жандос Аманқұлов.
Өкпенің қатерлі ісігін ертерек анықтау үшін елімізде скрининг бағдарламасы қосылды. Алайда Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Жамбыл облыстары және Ұлытау облысында пилоттық режимде енгізу жоспарланып отыр.
Скрининг қалай жүргізіледі?
Мамандар тексеру алдымен сауалнама толтырудан басталатынын жеткізді. Егер адамның нысаналы топқа жататыны және төмен дозалы КТ-дан өтуге көрсетілімі бар-жоғын анықталады.
«Зерттеудің өзі небәрі 15 секундқа созылады, еш қиындығы жоқ. Тексеруден кейін пациент күнделікті өміріне қайта орала алады», – деп түсіндірді маман.
Одан кейін түсірілген суреттерді дәрігерлер сараптайды. Нәтижесіне қарай пациентке әрі қарай қандай қадам жасау керектігі жөнінде тиісті ұсынымдар беріледі.
Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институты Торако-абдоминалды онкология орталығының дәрігер онколог-хирургі, медицина магистрі Самат Исмаилов өкпе қатерлі ісігінің алғашқы сатыларында, әдетте айқын белгілер байқалмайтынын айтты.
– Сондықтан адам аурудың бар екенін білмеуі мүмкін. Көп жағдайда дерт кейінгі сатыға өткенде ғана анық көрінеді. Әдетте аурудың айқын белгілері үшінші-төртінші сатысында пайда болады. Өкпе қатерлі ісігі кезінде бұл көбіне ұзақ уақытқа созылатын жөтел түрінде жүреді. Сондай-ақ қақырықта қанның болуы, кеуде тұсының ауруы немесе дене салмағының төмендеуі де белгілердің бірі болуы мүмкін», – деді дәрігер онколог-хирург Самат Исмаилов.
Айта кетейік, егер скринингтің нәтижесінде өкпенің қатерлі ісігін ертерек анықтап, асқынған жағдай азайса, оның медициналық тиімділігі туралы айтуға болады. Сондықтан бағдарламаның әр кезеңі тұрақты түрде талданып, ашық статистика қалыптастыру керек. Скрининг – бір реттік науқан емес, өкпенің қатерлі ісігінің скринингі – бір реттік медициналық тексеру емес, ұзақмерзімді жүйеге айналуы тиіс.









