Ваучерлік жүйе балабақша кезегіне қатысты мәселені шеше алды ма?

Қазақстанда балабақша кезегі жылдар бойы ата-аналарды алаңдатып келе жатқан өзекті мәселелердің бірі. Соңғы жылдары бұл проблеманы шешудің бір тетігі ретінде ваучерлік қаржыландыру жүйесі енгізілді. Ресми дерекке сүйенсек, жаңа жүйе кезекті азайтып, қайталанатын өтінімдер мен «жансыз» жазбаларды анықтауға мүмкіндік берген, – деп хабарлайды Aikyn.kz. 

Алайда кезек санының азаюы мектепке дейінгі білімнің барша балаға бірдей қолжетімді болғанын білдіре ме? Ата-ана өзі қалаған балабақшадан орын ала   ма? Ал мемлекет бөлген қаржы нақты көрсетілген қызметке жұмсалып жатыр ма? Осы сұрақтар әлі де күн тәртібінде тұр.

Кезек саны азайғанмен, сұраныс әлі де бар

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2025-2026 оқу жылының басында Қазақстанда 11 909 мектепке дейінгі ұйым жұмыс істеген. Оның ішінде 9 041 балабақша және 2 868 шағын орталық бар. Бұл ұйымдарда 987 826 бала тәрбиеленген.

Кейінгі жылдары мектепке дейінгі ұйымдар саны артып келеді. Мәселен, 2023 жылы олардың саны 11 346 болса, 2024 жылы 11 681-ге, 2025 жылы 11 909-ға жеткен. Балалар саны да 2023 жылғы 984 940-тан 2025 жылы 987 826-ға дейін өскен.

Яғни, мектепке дейінгі білім ұйымдарына деген сұраныс әлі де жоғары. Сондықтан мәселені тек кезектің санымен емес, нақты орын саны мен олардың қолжетімділігі арқылы бағалау маңызды.

Ваучерлік қаржыландыру осы мәселені шешудің жаңа тәсілі ретінде 2024 жылдан бастап кезең-кезеңімен енгізіле бастады. Ондағы басты қағида – «ақша ұйымға емес, балаға беріледі». Ата-ана мемлекеттік немесе жекеменшік балабақшаны өзі таңдай алады.

2025 жылғы ресми мәлімет бойынша, ваучерлік жүйеге 4,7 мыңға жуық мектепке дейінгі ұйым қосылып, 500 мыңнан астам бала орын алған. Республикалық маңызы бар қалаларда кезек екі есе қысқарған.

Бұдан бөлек, Оқу-ағарту министрлігі ваучерлік қаржыландыру есебінен бюджет қаражаты үнемделгенін және жүйе «жансыз» әрі жалған жазбаларды анықтауға мүмкіндік бергенін мәлімдеген еді.

Бұл – жаңа жүйенің тиімділігін көрсететін маңызды көрсеткіш. Бірақ статистикадағы оң өзгеріс ата-ананың барлық мәселесі шешілді дегенді білдірмейді.

Балабақшада бос орынның болуы жеткілікті ме?

Ваучерлік жүйенің негізгі ерекшелігі – ата-ананың балабақшаны таңдау мүмкіндігі. Алайда таңдау құқығы мен нақты бос орынның болуы – екі бөлек мәселе.

Мысалы, Астанада 2026-2027 оқу жылына 2-5 жастағы балалар үшін мемлекеттік және жекеменшік балабақшаларда шамамен 15 мың бос орын қарастырылған. Қалалық Білім басқармасының мәліметінше, бос орындар алдымен күту парағындағы балаларға ұсынылады.

Білім беру жүйесіне қатысты ресми деректе Астанада 697 балабақша жұмыс істейтіні, онда 66 795 бала тәрбиеленіп жатқаны көрсетілген. Ваучерлік жүйе енгізілгеннен кейін 2-6 жастағы балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен қамту деңгейі 88,4 пайыздан 97,3 пайызға дейін өскені, ал кезек 50 мыңнан 20 мың балаға дейін азайғаны айтылады. Сонымен қатар 2029 жылға дейін 14 мың орынға арналған 60 балабақша салу жоспарланған.

Бұл ретте цифрлық кезекті азайту мен балабақша инфрақұрылымын жетілдіру қатар жүруі керек. Себебі ақпараттық жүйе бос орындарды тиімді бөлуі мүмкін, бірақ жаңа орын құра алмайды.

Кезек жүйесі баланың жасын ескермейді

Қазіргі тәртіп бойынша ата-ана ваучер алғаннан кейін таңдаған балабақшасында бос орын болмаса, уақытша басқа ұйымды таңдап, қалаған балабақшасына кезекке тұра алады.

Ал Астана тұрғыны Фарида Сүндетқызының жағдайы бұл механизмнің ата-ана үшін қаншалықты түсінікті екеніне қатысты сұрақ туғызады. Ол немересін елордадағы №99 мемлекеттік балабақшаға кезекке қойған. Алайда бірнеше айдан кейін ғана баланың жасына сәйкес келмейтін топтың кезегінде тұрғанын білген.

«Қарапайым ата-ана немесе әже баласын балабақшаға беру үшін жүйенің бүкіл қыр-сырын зерттеп отыруға тиіс емес. Баланың туған жылы жүйеде тұр, жасы белгілі. Соған сәйкес келетін топтарды жүйенің өзі ұсынуы керек. Сәйкес келмейтін топ болса, оған кезекке қоюға жол бермеуі қажет», –  дейді Фарида Сүндетқызы.

Оның айтуынша, үйінің жанында мемлекеттік балабақша болғанымен, бала сол ұйымға орналаса алмайтын жағдайлар да ата-аналар арасында жиі талқыланады.

Бұл кезектің санын ғана емес, оның қалай құрылатынын да бақылау қажеттігін көрсетеді.

Кезектегі бала саны нақты сұранысты көрсете ме?

Білікті педагог Нұржамал Бекетова да кезекте тұрған балалардың барлығын бірдей дәл қазір балабақшаға мұқтаж деп қарастыруға болмайтынын айтады.

«Кезекте тұрған балалардың барлығы бірдей қазіргі уақытта балабақшаға мұқтаж дегенді білдірмейді. Бала басқа балабақшаға барған, жеке мектепке дейінгі ұйымға ауысқан немесе отбасы балабақшаға бару мәселесін кейінге қалдырған болуы мүмкін. Сондықтан кезектегі мәліметтерді үнемі жаңартып, нақты қажеттілікті анықтап отыру маңызды», –  дейді Нұржамал Бекетова.

Оның айтуынша, жаңа тұрғын үй кешендері көптеп салынып жатқан аудандарда бала саны тез өседі. Ал мектепке дейінгі ұйымдардағы орын санын осы өзгеріске сай уақытылы арттыру әрдайым мүмкін бола бермейді. Сондықтан кезекті тұрақты жаңартып қана қоймай, әр аудандағы нақты бала саны мен қолжетімді орындарды жеке талдау қажет.

Білім саласының сарапшысы, Qazaq Expert Club мүшесі Жазира Асанова да кезектегі балалар санын нақты сұраныспен теңестіруге болмайтынын айтады. Оның пікірінше, бір ауданда бос орын болуы мүмкін, ал сұраныс басқа ауданда жоғары болады.

Яғни, орын санында ғана емес, сұраныс пен ұсыныстың географиялық және жас ерекшелігі бойынша сәйкес келуінде мәселе де бар.

Ваучер нақты көрсетілген қызметке төлене ме?

Кезек жүйесінен бөлек, ваучерлік қаржыландырудың өзі де баланың балабақшаға нақты барып жүргеніне байланысты болуы керек.

Нұржамал Бекетованың пікірінше, егер бала балабақшада тек құжат жүзінде тіркеліп, іс жүзінде бармаса, ваучерлік қаржыландырудың тиімділігі төмендейді.

«Сондықтан баланың нақты қатысуын күнделікті цифрлық жүйе арқылы тіркеу және сол дерек негізінде ваучерлік қаржы төлеу қажет», –  дейді педагог.

Ал Жазира Асанова бақылау тетігі тек баланың қатысуын тіркеумен шектелмеуі керек деп есептейді.

«Бақылау бірнеше деңгейде болуы керек. Баланың нақты қатысуы цифрлық жүйеде тіркеліп, ата-ана оны растап, ал мәліметтер бойынша күмәнді немесе жүйелі ауытқулар автоматты түрде анықталуы қажет. Оған қоса, мемлекеттік органдар тарапынан тәуекелге негізделген іріктемелі бақылау болуы тиіс», – дейді сарапшы.

Осы пікірлерден шығатын ортақ тұжырым – мәселені тек кезектегі балалар санының азаюымен өлшеу жеткіліксіз. Бір жағынан, кезектегі деректер нақты сұранысты көрсетуі керек. Екінші жағынан, бөлінген қаржы нақты көрсетілген қызметке жұмсалғаны расталуы қажет.

«Әділет» партиясының депутаты мәселені қайта қарауды ұсынды

Мектепке дейінгі білім беру жүйесіндегі осы мәселені «Әділет» партиясы фракциясының мүшесі Ләззат Қожахметова Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменоваға жолдаған сауалында көтерді.

Депутаттың айтуынша, қазіргі жүйеде ата-ана баласын өзі қалаған балабақшаның күту парағына тікелей қоя алмай, алдымен басқа балабақшаға тіркеуге мәжбүр болатын жағдайлар бар. Соның салдарынан бала бір балабақшада тіркелгенімен, отбасы іс жүзінде басқа ұйымнан орын күтеді.

«Кейбір жекеменшік балабақшалар баланы іс жүзінде қабылдамай, тек құжат жүзінде тіркеп қояды. Ата-аналар мемлекеттік балабақшадан орын алу мүмкіндігін сақтап қалу үшін мұндай шартқа келісуге мәжбүр. Мемлекеттік қаржы нақты көрсетілген қызмет үшін төленуі керек. Сондықтан баланың балабақшада жай ғана тіркелуі емес, сол жерде шын мәнінде тәрбиеленіп, қызмет алуы басты өлшем болуы тиіс. Яғни, мәселені кезек тұрғысынан емес, мектепке дейінгі білім беру жүйесінің тиімділігі ретінде қарастыру қажет», –  деді депутат.

Депутат үш негізгі ұсыныс айтты. Біріншіден, ата-ана баласын басқа балабақшаға формалды тіркемей-ақ, өзі таңдаған ұйымның күту парағына тікелей қоя алуы керек. Екіншіден, бос орын пайда болған кезде бала ашық әрі түсінікті кезекпен қабылдануы қажет. Үшіншіден, мемлекеттік қаржы баланың нақты балабақшада болғанын және қызметтің көрсетілгенін растайтын цифрлық деректер негізінде төленуі тиіс.

Сонымен қатар «формалды тіркелу» мен «нақты тәрбиелену» ұғымдарының аражігін ажыратып, пилоттық жобалардың нәтижелерін қоғамға ашық жариялау қажеттігі де айтылды.

Мемлекет әр балаға қаржы бөледі. Ендеше, сол қаржының артында нақты бала, нақты орын және нақты көрсетілген қызмет тұруы керек.

Осыған байланысты депутат министрлікке:

Балабақшаға кезекті азайту – өз алдына бөлек нәтиже. Алайда жүйенің тиімділігі кезекте тұрған баланың нақты сұранысы ескеріліп, бос орын ашық бөлініп, мемлекет қаржысы нақты көрсетілген қызметке төленуімен өлшенеді.