Министрлік жалған сот шешімдерімен 129 сайтты бұғаттаған

Reuters зерттеуіне сүйенген Aikyn.kz жалған сот құжаттарының интернет еркіндігіне қандай қауіп төндіретінін түсіндіреді.

Үндістанның телекоммуникация министрлігі биыл интернет-провайдерлерге заңсыз бәс тігу қызметін ұсынатын 129 сайтты бұғаттауды тапсырған. Reuters жүргізген зерттеу бұл шешімдердің жалған сот қаулылары негізінде қабылданғанын анықтаған.

Алаяқтар Раджастан және Аллахабад штаттарының жоғары соттары атынан құжаттар дайындап, оларды электрондық пошта арқылы мемлекеттік қызметкерлерге жіберген. Хат жолдаған адамдар өздерін заңгер ретінде таныстырған. Нәтижесінде министрлік құжаттардың шынайылығын жеткілікті тексерместен, сайттарды бұғаттау туралы нұсқаулар берген.

Аллахабад жоғары соты жүргізген тексеріс барысында министрлік негізге алған қаулылар шын мәнінде сот тарапынан шығарылмағаны анықталған. Reuters мәліметінше, жалған құжатта соттың қолдан жасалған логотипі, мөрі және QR-коды болған. Бұл дерек бойынша полиция қылмыстық іс қозғады.

Уттар-Прадеш штатындағы киберқылмыспен күрес бөлімінің қызметкері Ганшьям Ядав тергеушілер министрліктен ақпараттық жүйелердің жұмыс тәртібі мен цифрлық әрекеттер журналдарын сұратқанын хабарлады. Полиция министрлікке 24 сұрақ жолдаған. Тергеушілер жалған құжаттардың мемлекеттік жүйеде қалай қабылданып, өңделгенін және оларды жіберген адамдардың кім екенін анықтауда.

Осы оқиғадан кейін Үндістан билігі интернет-сайттарды бұғаттау тәртібін қайта қарауға кірісті. Үкімет өкілінің айтуынша, министрлік сот қаулыларын орындамас бұрын олардың түпнұсқалығын тексерудің қосымша тетіктерін енгізетін болады.

«Бұл өте күрделі мәселе. Болашақта дәл осындай жолмен заңды жұмыс істейтін сайттар да бұғатталуы мүмкін», – дейді аты-жөнін жарияламауды сұраған шенеунік.

Министрлік жалған құжаттарға сүйеніп берілген бұғаттау нұсқауларын жойып, тиісті материалдарды ресми сайтынан алып тастауды жоспарлап отыр. Reuters хабарлаған сәтте күдікті алаяқтармен жүргізілген хат алмасулар мен жалған қаулылардың көшірмелері интернетте әлі де қолжетімді болған.Бұл оқиға әлемде жалған және жасанды интеллект көмегімен дайындалған құқықтық құжаттарға қатысты алаңдаушылықты күшейтті. Биыл шілдеде Үндістанның Жоғарғы соты іс жүзінде болмаған сот шешімдеріне сүйенген трибунал қаулысын жойған. Ал маусымда АҚШ-та судья ойдан шығарылған құқықтық сілтемелерді пайдаланған адвокаттарды іс жүргізуден шеттеткен. Бірақ Үндістандағы 129 сайтқа қатысты жалған қаулылардың жасанды интеллект арқылы әзірленгені әлі де нақтылануда.

Reuters зерттеуінен кейін оппозициялық саясаткерлер мен құқық қорғаушылар мемлекеттік органдарды сот шешімдерінің түпнұсқалығын мұқият тексеруге шақырды. Оппозициялық саясаткер Сакет Гокхале министрліктің сот қаулысын неге тексермегеніне наразылық білдіріп, бұндай салғырттықты қатаң сынға алды.

Үндістандағы жағдай цифрлық басқару жүйесінің әлсіз тұстарын ашып берді. Егер мемлекеттік орган құжаттың шынайылығын тексермесе, алаяқтар заңды рәсімдерді пайдаланып, интернет ресурстарына қолжетімділікті шектей алады. Сондықтан сайттарды бұғаттау жүйесінде шешім қабылдау жылдамдығымен қатар, сот құжаттарын тәуелсіз растау да маңызды.