Сырда жүгері жайқалады

Уақыт өте келе климаттың өзгеруі, трансшекаралық өзендердегі су тапшылығы және ауыл шаруашылығы саласындағы жаңа талаптар өңірдің қалыптасқан егіншілік жүйесіне басқаша көзқараспен қарауды қажет етіп отыр. Соған орай ендігі жерде мол өнім алумен қатар, әр тамшы судың қайтарымын есептейтін жүйеге көшу қажеттігі өздігінен сұранып тұр. Осы ретте биылғы науқаннан бастап жүгері өнімін жерсіндіруге бетбұрыс жасаған Сыр дихандарының алғашқы аяқалысы нәтижесіз емес.

Жаңа өндіріс – жаңа мүмкіндік

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа арнаған «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Жолдауында осы мәселелерге айрықша назар аударылды. Президент су ресурстарын ұтымды пайдалану, ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу, сақтау және өткізу инфрақұрылымын дамы­ту міндеттерін нақты атап көрсетті. Әсіресе Қызылорда облысының күрделі климаттық жағдайға қарамастан жүгері мен соя өсіріп, оны өң­деу­мен айналысып отырғанын оң тәжіриб­е ретінде атауы өңір үшін маңызды.

Негізінен, Қызылорда облысының ауыл шаруашылығы ұзақ жылдар бойы күріш өндірісіне арқа сүйеп келгені көпке мәлім. Сыр салысы Жақаев салған сара жолдан жаңылмай, өңірдің экономикалық әлеуетін қалыптастырып, мыңдаған отба­сының күнкөріс көзіне айналды. Дегенмен күріштің суды көп қажет ететін ерекшелігі қазіргі су тапшылығы жағдай­ында егіс құрылымын қайта қарауды талап ете бастады.

Соған орай цифрларды сөйлетсек, биыл облыста күріш алқабы 70 мың гектарды құрады. Яғни соңғы үш жылда оның көлемі 19 мың гектарға қысқарғаны байқалады. Мұны бірінші кезекте егіншілік құрылымын өзгерту бағытындағы нақты қадам деп бағалауға болады.

Әрине, бұл жерде Қызылорда күріштен біржола бас тартты деп айтудан аулақпыз. Дейтұрғанмен, аймақ шаруалары бір ғана дақылға тәуелділікті азайтып, ауыл шаруа­шы­лығының табыс көздерін көбейтуге ден қоя бастағаны аңғарылады. Осы тұрғы­дан кел­ген­де жүгері өндірісінің маңызы артып отыр.

Қызылорда облыстық Ауыл шаруа­шылығы және жер қатынастары басқар­масының дерегіне сүйенсек, биыл облыс бойынша 11 мың гектарға жүгері егіліп, одан 60 мың тон­надан астам өнім жиналған. Ал келер жылы арнайы Жол картасы бекі­тіліп, 2027 жылы жүгері егісінің көле­мін 28 мың гектарға жеткізу жоспарланған. Демек, бұл бағыттағы жұмыс уақытша науқан емес, өңірдің аграрлық даму стра­тегиясының бір бөлігіне айналып келеді.

Бұл тұрғыда сырбойылық шаруалардың өңір табиғатына таңсық өнімді жер­сін­дірумен қатар, жаңа өндіріске бетбұрыс жасауы осы сөзімізге толық дәлел. Нақты айтқанда, Сыр дихандары жүгері мен соя егуге бет бұрып қана қоймай, жаңа өндіріс орнын ашуға ықпал етіп отыр. 

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы өз Жолдауында агроөнеркәсіп кешенін жаңғырту, ауыл шаруашылығы өнімдерін сақтау және терең өңдеу мәсе­ле­лерін стратегиялық маңызы бар міндеттер ретінде айқындап берді.

Соған орай облысқа қарасты Сырдария ауданында «Қызылорда крахмал-сірне зауыты» жобасының бірінші кезеңі аясында жүгері кептіру және сақтау кешені іске қосылып отыр. Мұны егін шаруашы­лығын әртараптандыруға, жүгері егісінің көлемін арттыруға бағытталған маңызды бастама деп бағалауға болады.

Өздеріңізге белгілі, өңірдің экономика­лық және экологиялық жағдайы Сырдария өзен­індегі су деңгейіне тікелей байланысты. Сондықтан егіс алқаптарын әртарап­тан­ды­р­у және су ресурстарын тиімді пайдала­ну бүгінгі күннің басты талабына айналды.

Соған орай Президентіміздің суды көп қажет ететін дақылдар көлемін оңтай­лан­дыру жөніндегі тапсырмасына сәйкес, биыл күріш 70 мың гектарға егілді. Соңғы үш жылда күріш егісінің көлемі 19 мың гектарға қысқарды.

Алдымызда өңірдің қалыптасқан егіншілік жүйесін заман талабына сай бейімдеу міндеті тұр. Мұндай жобалар осы бағыттағы жұмыстардың бастауына айна­ларына сенім зор», – деді кешеннің ашылу рәсімінде аймақ басшысы Мұрат Нәлқожаұлы.

Негізінен, жүгері тек азық-түлік қана емес, өнеркәсіпке қажетті әмбебап шикізат ретінде құнды. Яғни одан крахмал, сірне, глюкоза, мал азығы және басқа да өнімдер өндіруге болады. Сондықтан жүгері алқабының ұлғаюы ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу өнеркәсібінің дамуына да ықпал етері сөзсіз.

Өңірде өндіріс өркен жайды

Президент Жолдауында ауыл шаруа­шылығы өнімдерін терең өңдеу маңызды міндеттің біріне айналып тұр. Осы тұрғыдан алғанда Сырдария ауданында жаңа кептіру және сақтау кешенінің іске қосылуын осы міндеттің ең маңызды бөлігі деп қарауға болады.

Жалпы, «Қызылорда крахмал-сірне зауыты» жобасының алғашқы кезеңі аясында ашылған кешен өңірдегі жүгері өндірісінің инфрақұрылымын қалыптас­тыруға ықпал етеді деп күтілуде. Яғни бұл егінші қауым үшін өнімді өткізумен қатар, оның сапасын жоғалтпай сақтауға мүм­кіндігін арттырады. Демек, жаңа кешеннің тиімділігі оның жыл бойы үздік­сіз жұмыс істеуімен, өнімді қабылдау мүмкіндігімен және сақтау сапасымен жоғары маңызға ие.

Бірінші кезекте мұның шаруалар үшін де маңызы зор. Өйткені жиналған өнімді сақтап, нарықтағы сұранысқа қарай сатуға мүмкіндіктері артып тұр. Ал өңдеуші кәсіпорын тұрақты шикізат қорымен қамтамасыз етілетін болады. 

Негізінен, облыс орталығына іргелес қоныстанған Сырдария ауданының ауыл шаруашылығы саласында тың серпін бар. Бұл жайында аудан әкімінің орынбасары Ерлан Ахетовтен сұрап білдік.

«Биыл Сырдария ауданында 33 939 гектар жерге түрлі ауыл шаруашылығы дақылдары орналастырылды. Оның ішінде негізгі дақыл саналатын күріш 18 541 гектар алқапқа егіліп, әр гектарынан орта есеппен 60 центнерден өнім алынды. Нәтижесінде, аудан бойынша 111,2 мың тонна күріш салысы жиналды. Сонымен қатар ауданның 20 мың тонна ақ күріші Әзербайжан, Моңғолия, Қырғызстан және Тәжікстан мемлекеттеріне экспорт­талды.

Ауыл шаруашылығындағы осындай нәтижелермен қатар, аудан экономикасын әртараптандыру және өнеркәсіп саласын дамыту бағытында да ауқымды жұмыстар атқарылуда. Соның айқын көрінісі ретінде жалпы құны 40 млрд теңгені құрайтын «Қызылорда крахмал-сірне зауыты» жобасын айтуға болады. 2025–2029 жылдарға жоспарланған бұл инвестициялық жоба жүгеріні терең өңдеуге, одан крахмал мен сірне өндіруге бағытталған.

Қазір жобаның алғашқы кезеңі аясында тәулігіне 1 200 тонна жүгері кептіруге мүмкіндік беретін кешен мен 30 мың тонна өнім сақтауға арналған қойма құрылысы жүргізілуде. Кәсіпорынның іске қосылуы жаңа жұмыс орындарын ашуға, жүгері өндірісін дамытуға, ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеуге және жергілікті шаруалардың өнім өткізу мүмкіндігін кеңейтуге жол ашады. Ең бастысы, бұл жоба ауданның өндірістік әлеуетін арттырып, экономиканың жаңа бағыттарын қалыптас­тыруға ықпал етеді», – дейді бізге Сырдария ауданы әкімінің орынбасары Ерлан Дәуітбекұлы.

Ең бастысы, өнімді кептіру және сақтау кешені үлкен өндірістің алғашқы бастауына айналып тұр. Ал жүгеріні терең өңдеу зауытының қуаты шикізаттың тұрақты жеткізілуімен және дайын өнімнің нарыққа шығуымен өлшенетіні мәлім.

Жалпы, Сыр өңіріндегі «Таң ЛТД» серіктестігі жүгеріні су үнемдеу техноло­гиясымен өсіру тәжірибесін қолға алса, «Ақтөбе және К» шаруашылығы дәстүрлі суару тәсілін қолданады. Мұндай бастама әр технологияның экономикалық тиімді­лігін бағалауға мүмкіндікті арттырып тұр.

Бұған қоса, Жалағаш ауданында швей­цариялық Harvest Agro компания­сының қатысуымен 21 мың гектарға жүгері мен соя егу жобасының басталуы өңірдің инвестициялық әлеуетін де көрсетеді.

Әлемдік тәжірибе нені көрсетеді?

Әлемдік аграрлық тәжірибеге көз салсақ, жүгері стратегиялық маңызы бар дақылдардың қатарына жатқызылады. Оның ішінде АҚШ, Қытай, Бразилия сияқты ірі өндіруші мемлекеттерде жүгері өндірісі егіншілік мақсатта ғана қолда­нылмайтыны байқалады. Оны көптеген мемлекет мал шаруашылығы, тамақ өнеркәсібі, биотехнология және экспорт­тық сауданың маңызды буынына айнал­дырған.

Нақты тәжірибеге сүйенсек, ғаламторда АҚШ-та жүгері өндірісі жоғары техн­оло­гиялы егіншілік жүйесімен ұштасқанын мәлімдейді. Ал Бразилия тәжірибесінде жүгеріні соямен алмастыра егу жүйесі кең таралған. Бұл топырақ құнарлылығын сақтауға, жерді тиімді пайдалануға және бірнеше өнім түрінен табыс табуға жағдай жасайтыны дәлелденген. Сол сияқты Қытайда жүгері мал азығы өндірісінің негізгі шикізаттарының бірі ретінде қарас­ты­рылатыны мәлім болды. Сонымен бірге оны терең өңдеу арқылы өнеркәсіпке қажетті өнімдер алуға басымдық беріледі екен. Мұндай әлемдік тәжірибелер арқылы жүгері өндірісінің тиімділігі егіс көлемімен өлшенбейтінін аңғаруға болады. 

Кейінгі жылдары Сыр өңіріндегі аграр­лық реформаның табысты болуы ең алдымен су ресурстарын тиімді пайда­лануға байланысты екені мәлім. Соған орай өңірде егістікті әртараптандыру мен суарудың түрлі тәсілдерін қолданысқа енгізуге басымдық беріліп келеді. Соның негізінде Сыр шаруаларының жүгері егіс­тігін дамыту бастамасын ауыл шаруа­шылығын әртараптандырудың нақты көрінісі десек қателеспейміз. Ал жүгері өндірісі осы ба­ғыт­тағы маңызды міндеттің біріне айналып, аграрлық әртараптан­дырудың жаңа мүмкіндігіне жол ашып отыр.

Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ,

Қызылорда облысы