Инвестициялау жолы тәуекелі аз, орташа, жоғары болып бөлінеді. Зейнетақы қорын реформалауға қатысты неше жылдан бері жалғасып келе жатқан қызу тартысты әңгіменің әзірге түйіні осы болып тұр әрі жаңалық енгізушілер осылай «бір оқпен екі қоян атқысы» келетін сияқты.
Жаңа тәртіп қордағы жинағын адамның өз басқаруына берудің бір жолы ретінде қарастырылады. Бір қарағанда, ақылға қонымды әрекет, әркім өз жинағын өзі басқарғаны дұрыс. Алайда оның да біршама түйткілді тұсы бар. Бірақ ол туралы кейінірек. Алдымен әңгіме Қорда қордаланып қалған қыруар қаражат жайында. Бас-аяғы 27 трлн теңгеден асып жығылатын орасан активті бір қолдың басқаруына беру ағаттық болар. Осы тұрғыдан алғанда, нарықтан басқарушы жеке компанияларды табу әлдеқайда ұтымды шешім деген пайым бар. Өйткені қаражат бір қолда, оның үстіне Ұлттық банкте тұрғаннан гөрі нарықта айналып жатқаны керек. Мұндайда инвестициялық табысы да әлдеқайда жоғары болары сөзсіз, өйткені бәсекелестік, жеке компанияның командалық жұмысы, олардың үстінен ҰБ бақылап отыруы сияқты тетіктер көп сенім туғызады.
Жуырда өткен Қазақстан қаржыгерлерінің конгресінде мынадай деректер айтылды. Бір жыл ішінде жеке басқарушы компаниялардың қарамағындағы зейнетақы активтері үш есеге өсіп, 268 млрд теңгеге жеткен. Сонымен қатар олардың инвестициялық табыстылығы Ұлттық банктің көрсеткішінен жоғары болған. Бұл – бір.
Екіншіден, еліміздің кәсіпкерлік секторы әлі күнге ұзақмерзімді қаржыландыруға мұқтаж. Зейнетақы активтерінен жеке банктер мен компаниялардың облигацияларына салынған инвестиция көлемі 963 млрд теңгеден 381 млрд теңгеге дейін азайып кеткен. Ұлттық банктің басқаруындағы зейнетақы активтерінің небәрі 0,03 пайызы ғана қазақстандық жеке компаниялардың бағалы қағаздарына салынған. Ал корпоративтік облигациялар нарығында тартылатын қаражаттың шамамен 90 пайызы квазимемлекеттік сектордың үлесіне тиесілі. Ұлттық банк басқаруындағы 27 трлн теңгенің нарықта лайықты деңгейде жұмыс істемей жатқанына нақты дәлел деуге болады. Үкімет осы олқылықты сезініп, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің қаулысымен жаңа талаптар бекітілді. Соған сәйкес, салымшы Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына инвестициялық портфельді басқарушыны (ИПБ) және инвестициялық портфельдің түрін таңдау туралы өтініш береді. Ал басқарушы жеке компания үш түрлі портфель ұсынады: консервативті портфель – бұл портфель бойынша ең төменгі кірістілік көрсеткіші 12 айдың, бірқалыпты портфель – 36 айдың және тәуекелі жоғары портфель – 60 айдың қорытындысы негізінде есептеледі. Оған қоса, кімдердің жинақтарын пайдаланатыны жасына қарай ерекшеленеді.
Жаңа жүйе көңілге қонымды деп бағаланғанымен, сарапшылар арасында одан да олқылық көретіндер бар. Қаржыгер, еліміздің зейнетақы жүйесіне көп жылдан бері талдау жасап келе жатқан Олжас Құдайбергенов жаңа тәсілге қарсы болмаса да мұндағы мәселе жауапкершілікке келіп тірелетінін айтады. Бұрын Қазақстанда жекеменшік зейнетақы қорлары жұмыс істеген кезде бірқатар жүйелі проблема болған. Олар өз акционерлерімен байланысы бар компаниялардың бағалы қағаздарын сатып алып, нарықтағы бағаларды қолдан жасаған. Сондай-ақ салымшыларды бір қордан екіншісіне тарту, бір адамның атына бірнеше есепшот ашу сияқты келеңсіздіктер де кездескен. Кейін қазіргі қолданыстағы БЖЗҚ құрылғаннан кейін бұл мәселелердің басым бөлігі шешіліп отыр. Қазір Қор зейнетақы активтерін өзі басқармайды, тек салымшылардың есепшоттарын жүргізеді. Ал активтерді басқару ісімен Ұлттық банк айналысады, оның мамандары – білікті адамдар.
– Егер Ұлттық банк зейнетақы активтерінің белгілі бір бөлігін басқаруды жеке компанияларға беріп, олардың жұмысына нақты шектеулер қойып, жауапкершілігін белгілесе, мұндай жүйені қолдауға болады. Ал салымшыға басқарушы компанияны өзің таңдап, зейнетақы жинағыңды соған сеніп тапсыр десе, жағдай мүлде басқаша өрбиді. Өйткені мұндай жағдайда нарықтағы тәуекелдің барлығы түптеп келгенде азаматтың өз мойнына артылады. Егер басқарушы компания салымшының ақшасынан айырылып қалса, мұны құбылмалы нарықтың кесіріне сілтей салуы мүмкін. Одан салымшы қаражатын талап ете алмайды, себебі өз еркімен қол қойып келіскен. Осындай үлгіні дұрыс деп санамаймын, – дейді сарапшы.
Оның сөзінше, зейнетақы жинағы қарапайым инвестициялық шоттағы ақша емес. Мұнда жіберілген қателіктің салдары жиырма-отыз жылдан кейін ғана білінуі мүмкін. Ол кезде жағдайды түзетуге тым кеш болады. Бұдан бөлек, әркімнің өз қалауымен басқаруына еркіндік берудің де кері салдары болуы бек мүмкін. Өйткені барлығына бірдей қолжетімді етіп қойса, қаржылық сауаты аз адам қате жіберері сөзсіз. Әлбетте, жиған қорын қандай жағдайда біреуге сеніп тапсырарын кәсіби білігімен шешіп жатса, құба-құп.
Бұған қоса, көптеген басқарушы компания қаржы-өнеркәсіптік топтармен тікелей немесе жанама түрде байланысты болып келеді. Бұдан мүдделер қақтығысы деген мәселенің шеті қылтиып шыға келеді. Айталық, басқарушы компанияға қысым жасалып, қандай да бір топтың мүддесіне қарай қаржы құралына инвестиция салдыруы мүмкін. Ерте ме, кеш пе осындай жағдайға тап болып жатса, арты тіпті қиындап кетуі мүмкін.
Сол үшін сарапшы көптен бері Сингапур жүйесін негіз етіп алуға үндеп келеді. Ол үшін үш негізгі бағыт бойынша өзгеріс жасау қажет деп есептейді.
Біріншіден, айлық табыстан төленетін міндетті төлемдерді жеңілдетіп, жұмыс берушілердің жалақы қорына түсетін қаржылық жүктемені азайту керек. Қазір жалақыдан жеке табыс салығы, бірнеше түрлі зейнетақы және әлеуметтік аударымдар, медициналық сақтандыру жарналары төленеді. Осының бәрін қосқанда қаржылық жүктеме айтарлықтай ауырлайды. Оның үстіне алдағы жылдары бұл жүктеме одан әрі ұлғаяды. Сондықтан сарапшы негізгі екі төлемді ғана қалдыруды ұсынады – жеке табыс салығы мен бірыңғай зейнетақы жарнасы.
Екіншіден, зейнетақы жүйесін тұрғын үймен қамтамасыз ету және медициналық сақтандыру жүйелерімен біріктіру қажет деп санайды. Бізде жұрт зейнетақы жинағын тек пәлен жылдан кейін ғана қол жеткізетін ақша деп қабылдайды. Жоқ. Керісінше, ол күнделікті өмірдегі әлеуметтік қажеттіліктерді өтеуге мүмкіндік беретін өзіндік әлеуметтік әмиянға айналуға тиіс.
– Мәселен, зейнетақы жарналарының белгілі бір бөлігін тұрғын үй жинақ шотына аударуға болады. Бұл үшін БЖЗҚ-ның әрбір салымшысына Отбасы банкінен автоматты түрде арнайы шот ашылады. Егер азаматқа баспана қажет болмаса, ол бұл мүмкіндіктен бас тартып, қаражатын қайтадан зейнетақы шотына аудара алады. Болмаған жағдайда оны білім алуға, медициналық сақтандыруға және инвестицияға жұмсауға болатын арнайы шотқа бағыттайды, – дейді Олжас Құдайбергенов.
Үшіншіден, оның пайымынша, мұндай жүйе мемлекеттің ұзақмерзімді жоспарлауының негізіне айналуы керек. БЖЗҚ, Отбасы банкі және медициналық сақтандыру жүйесі өзара байланысып, мемлекетке алдағы он жылға нақты жоспар құруға мүмкіндік беруі қажет. Мысалы, Отбасы банкі ұзақмерзімді қаржыландыруға қолы жеткеннен кейін алдағы он жылға арналған екі негізгі болжам әзірлеуге жауапты болады. Оның бірі – алдағы уақытта тұрғын үй сатып алуға деген сұраныс, екіншісі – демографиялық өзгерістер туралы болжам. Бұл болжамдар жыл сайын жаңартылып, жоспарлау мерзімі үнемі алдағы он жылды қамтып отырады. Соның нәтижесінде әрбір өңір алдағы он жылда өз аумағында қанша адам тұратынын, қанша тұрғын үй салу қажет екенін алдын ала болжай алады.
Қаржыгердің пікірінше, зейнетақы жүйесін тұрғын үй мәселесімен байланыстырудың өзіндік себебі бар. Кез келген зейнетақы жүйесінің басты кемшілігі – азамат оның нақты пайдасын тым кеш көреді. «Бүгін жақсы жарна төлесең, отыз-қырық жылдан кейін жақсы зейнетақы аласың» деген ел ішінде қалыптасқан «тәмсіл» бар. Әсіресе біздің жағдайда азаматтардың мұндай уәдеге күмәнмен қарайтыны жасырын емес. Сондықтан көпшілік зейнетақы жарнасын тағы бір салық түрі ретінде қабылдайды.
– Ал Сингапур азаматтарға міндетті жарналардың пайдасын бүгінгі тіршілігінде сезінуге мүмкіндік береді. Егер тұрақты аударымдар адамның төмен пайызбен ипотека алуына жол ашса, оның зейнетақы жарнасына деген көзқарасы түбегейлі өзгереді. Өйткені ол төлемнің нақты экономикалық тиімділігін өз көзімен көреді, – дейді ол.
Оның айтуынша, дәл осы материалдық тұрғыдан ынталандыру үлгісі Сингапурда зейнетақы жүйесімен қамтылған азаматтардың үлесін күрт арттырған. Аталған елдің тәжірибесіне сүйенсек, бастапқыда жүйемен қамту деңгейі шамамен 30-40 пайыз болған. Кейін үш-төрт жылдың ішінде бұл көрсеткіш 70-80 пайызға бір-ақ өскен. Ал он жылға жуық уақытта 100 пайызға жуықтаған. Қазақстан үшін мұндай тәжірибенің маңызы зор. Себебі халықтың жеткілікті деңгейде қамтылмай келе жатқаны еліміздің зейнетақы жүйесіндегі ең басты мәселелердің біріне айналып отыр. Сондықтан азаматтарға зейнетақы жарнасының нақты әрі жақын мерзімдегі пайдасын көрсету арқылы жүйеге қатысушылардың санын едәуір арттыруға болады.
Ербол ТҰРЫМБЕТ









