Жолдауда минималды жалақыны 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап 85 мың теңгеден 110 мың теңгеге дейін көтеру туралы айтылды. Бұл 1,8 миллион адамның табысын арттыруға ықпал етпек. Қазір біз Құрылтайда бюджет жобасын қарастырып жатырмыз. Ең төменгі жалақы мөлшерін көтеруге байланысты біраз өзгеріс енгізілетін болады.
Сондай-ақ инвестиция тартудағы түйткілді мәселелер туралы, Президент «Инвестицияның тиімділігі жұмыс істей бастаған өндіріс орындарының санымен, сапасымен және оның экономикаға қосқан нақты үлесімен бағалануға тиіс.
Әлемде инвестицияға талас күшейіп келеді. Бәсекеге қабілетті болу үшін жедел шешімдер қабылдап, жылдам әрекет ету қажет. Бірақ елімізде инвестор тарту және оларды жан-жақты қолдау жүйесінде бірізділік жоқ.
Әрбір мекеме немесе жеке тұлға ойында не бар болса, соны істей береді. Нәтижесінде кешенді көзқарас та, үйлесімділік те, сабырлық та, білім де жетіспейді. Сондықтан инвестиция тарту ісін бір орталықтан басқаруға мүмкіндік беретін тұтас жүйені жетілдіре түсу керек», – деді.
Мемлекет басшысы бұл тұрғыда Қазақстан инвестиция тартатын ел ғана емес, тартылған қаржыны нақты өндіріс пен экономикалық өсімге айналдыра алатын мемлекет болуы керектігі туралы нақты тапсырмалар берді. Бұл елімізде инвесторға қызмет көрсететін бірыңғай әрі үйлесімді жүйе қалыптастыруға, яғни инвестициялық жобаның бастамасынан бастап өндіріс толық іске қосылғанға дейінгі процесті бақылауға, әр мекеменің жауапкершілігін айқындауға негізделген нақты қадам деуге болады.
Сонымен қатар Жолдауда Ұлттық банк пен Үкімет Қазақстанның қаржы нарығын дамытудың бірыңғай стратегиясын әзірлеуі керек екені айтылды. Бұл еліміздің қаржы нарығын дамытуға қатысты маңызды міндеттің бірі. Жолдаудағы осы тапсырма аясында Ұлттық банк пен Үкіметтің қаржы секторын дамыту жөніндегі саясаты бір арнаға тоғысып, ортақ стратегиялық бағыт қалыптастыру бойынша бірқатар жұмыс істелуі тиіс.
Мұнда бірнеше өзекті мәселе бар: банк секторының экономикаға ықпалы, кәсіпкерлікті несиелендіру, инвестиция тарту, қор нарығын дамыту, қаржы ресурстарының қолжетімділігі және халықтың қаржылық сауаттылығы. Президент бұл тапсырманы қаржы нарығының мүмкіндіктерін кеңейту, жинақталған қаражатты нақты экономикаға бағыттау және бизнесті ұзақмерзімді қаржыландыру қажеттілігімен байланыстырып отыр деп ойлаймын.
Президенттің Жолдауда еліміздің дамуының нақты стратегиялық бағыттарын айқындаған тапсырмалары Үкіметке, барлық сала мамандарына және Құрылтай депутаттарына үлкен жауапкершілік жүктейді.









