Алайда Семейдегі жөндеу жұмыстарының белгіленген мерзімде аяқталмауы Үкімет деңгейінде сынға ұшырады. Бұл жағдай өңірдегі коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту, қаражатты тиімді игеру және жауапты мекемелердің жұмысын үйлестіру мәселелеріне тағы бір мәрте назар аудартты. Ендігі маңызды міндет – жылуды уақытында берумен ғана шектелмей, оны қыс бойы үздіксіз қамтамасыз ету.
Биыл Абай облысында жылу жүйелерін жөндеу мен жаңғыртуға қомақты қаржы бағытталды. Ресми мәліметтерге сүйенсек, республикалық және облыстық бюджеттерден, сондай-ақ Үкімет резервінен жалпы 14,5 миллиард теңге қарастырылған. Оның ішінде республикалық бюджеттен – 6,6 миллиард, облыстық бюджеттен – 5,4 миллиард, Үкімет резервінен 2,5 миллиард теңге бөлінген. Бұл – аз қаражат емес. Мұндай қаржының артында мыңдаған тұрғынның алаңсыз қыстап шығуы, білім беру мен денсаулық сақтау нысандарының қалыпты жұмыс істеуі, тұтас елді мекендердің тіршілігі тұр. Демек, бөлінген қаражаттың нәтижесі де соған сай болуы керек. Қаражаттың игерілуі туралы есеп беруден бұрын, оның халықтың тұрмыс сапасына қаншалықты әсер еткені маңызды.
Бүгінде Абай облысында орталықтандырылған жылумен жабдықтау жүйесі үш қала мен бес ауданды қамтиды. Атап айтқанда, Семей, Курчатов, Аягөз қалалары және Үржар, Бородулиха, Абай, Жарма, Жаңасемей аудандарының тұрғындары орталықтандырылған жылу жүйесін пайдаланады. Бұл елді мекендерді жалпы саны 49 жылу көзі қамтамасыз етеді. Ал жылу желілерінің жалпы ұзындығы 409 шақырымды құрайды.
Өңірдегі жылу жүйесінің негізгі жүктемесі облыс орталығы Семей қаласына тиесілі. Мұнда №1 жылу электр орталығы мен 20 қазандық жұмыс істейді. Жылу желілерінің ұзындығы 325 шақырымға жетеді. Ал Курчатов пен Аягөз қалаларында және бес аудандағы жылу көздерінің жұмысы да жалпы өңірлік жылумен жабдықтау жүйесінің ажырамас бөлігі саналады.
Биылғы жылыту маусымына дайындық аясында облыс бойынша 17 жылу көзінде кеңейтілген ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, 53,7 шақырым жылу желісі жөндеуден өткізілген. Бұл – өңірдің коммуналдық инфрақұрылымын қалыпты жұмыс жағдайында ұстауға бағытталған маңызды шаралар.
Семей қаласында 12 жылу көзінде кеңейтілген ағымдағы жөндеу жүргізіліп, тоғыз учаскедегі жалпы ұзындығы 26,1 шақырым жылу желісі қалпына келтірілген. Бұдан бөлек, қайта жаңғыртуға бағытталған жеті жоба аясында 20 шақырым жылу желісі мен бес орталық жылу пунктін жаңарту жұмыстары орындалған. «Теплокоммун-энерго» кәсіпорны өз қаражаты есебінен тағы 6,3 шақырым желіге ағымдағы жөндеу жүргізген.
Алайда жылу жүйесін жаңғырту бір маусымдық науқанмен шектелмеуі керек. Бүгін ауыстырылған құбыр ертеңгі қауіпсіздіктің кепілі болғанымен, желінің қалған бөліктеріндегі тозу деңгейі де назардан тыс қалмауға тиіс. Өйткені коммуналдық инфрақұрылымның сенімділігі жөнделген учаскелердің ұзындығымен ғана емес, бүкіл жүйенің техникалық жағдайымен өлшенеді. Сонымен қатар жылу желілері мен жылу көздерін жаңғыртуға бағытталған бес жоба келесі жылға өтпелі жобалар ретінде жоспарланған. Ұлттық жоба шеңберінде мемлекеттік құнды қағаздар есебінен 15,8 миллиард теңге қарастырылып, алты жоба бойынша келісімшарттар жасалған. Ал 2026 жылы ұзындығы 1,27 шақырым болатын Парус орталық жылу пунктін жылу желілерімен бірге қайта құру жобасы жүзеге асырылған. Мұның бәрі облыста жылу инфрақұрылымын жаңартуға белгілі бір деңгейде қаржылық және ұйымдастырушылық ресурс жұмылдырылып жатқанын көрсетеді.
Өңірдегі жылу жүйесін жаңғырту жұмыстарының ауқымды жүргізілуіне қарамастан, биылғы дайындық барысында мерзім мәселесі де күн тәртібіне шықты. Қазан айының басында өткен Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов жылу көздері мен желілердің дайындығын 1 қазанға дейін қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасының орындалуына тоқталды. Оның айтуынша, өңірлердің басым бөлігі белгіленген мерзімді сақтағанымен, Семей қаласында жылу желілері уақытында дайын болмаған.
– Жылыту маусымы жоспарға сәйкес басталды. Оңтүстік және батыс өңірлерде жылу бекітілген кестеге және ауа райы жағдайына байланысты беріледі. Мен жылу көздері мен желілердің дайындығын 1 қазанға дейін қамтамасыз етуді тапсырған болатынмын. Бір өңірден басқасының бәрі бұл тапсырманы мерзімінде орындады. Тек Семей қаласында жылу желілері уақытылы дайын болмай шықты. Абай облысы әкімінің аталған салаға жетекшілік ететін орынбасарын тәртіптік жауапкершілікке тартуды тапсырамын, – деді Олжас Бектенов.
Үкімет басшысының сыны өңірдегі жылу жүйесін дайындау барысында ұйымдастырушылық мәселелердің болғанын көрсетті. Әсіресе миллиардтаған теңге бөлініп, жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан жағдайда мұндай олқылықтың орын алуы заңды сұрақ туғызады. Егер қаржы қарастырылып, жобалар қолға алынған болса, онда не себепті жылу желілерін белгіленген мерзімге дейін толық дайындау мүмкін болмады?
Абай облысында тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласына жауапты облыс әкімінің орынбасары Бекжан Бапышев жетекшілік етеді. Ол бұл қызметке 2026 жылдың шілде айында тағайындалған. Үкімет отырысында көтерілген мәселеге қатысты ол журналистерге түсініктеме беріп, жөндеу жұмыстарының кешігуін мердігер ұйымның кемшілігімен байланыстырды.
– Үкімет басшысы Олжас Абайұлының берген ескертпелері толығымен қабылданды. Семей қаласы бойынша 2 жылдық 5 жоба бар. Сол бір жоба бойынша, мердігер ұйым тарапынан олқылықтар болды. Яғни құрылғылар уақытылы жеткізілмеді. Бүгінде қондырғылар толығымен орнатылды. Жылыту маусымын толығымен бастадық. Бірінші кезекте әлеуметтік нысандар, екінші кезекте тұрғын үйлер қосылды. Тұрғындардың алаңдауына еш негіз жоқ, – деді Бекжан Бапышев.
Әрине, мердігер ұйымның жабдықтарды уақытында жеткізбеуі жобаның орындалу мерзіміне әсер етуі мүмкін. Алайда мұндай тәуекелдер алдын ала ескеріліп, бақылау тетіктері күшейтілуі керек еді. Жобаның жүзеге асырылуына жауапты тараптар жабдықтардың жеткізілуін, құрылыс-монтаж жұмыстарының кестесін және нысанның уақытында пайдалануға берілуін тұрақты бақылауға алуы қажет. Өйткені бір мердігердің жұмыстағы олқылығы бүкіл өңірдің жылу дайындығына қатысты мәселе туғызбауға тиіс.
Қазіргі мәлімет бойынша, Семейде жылыту маусымы қала әкімінің қаулысына сәйкес 5 қазанда басталған. Жылу көздері штаттық режимде жұмыс істеп, желілер үздіксіз қызмет көрсетіп тұр. №1 жылу электр орталығы мен 20 қазандық бекітілген температуралық кестеге сәйкес жұмыс істеуде. Кәсіпорын қоймаларында көмір қоры жинақталған.
Жалпы, Абай облысындағы жылу инфрақұрылымын жаңғырту мәселесін тек биылғы маусымның дайындығымен шектеуге болмайды. Өңірдегі 409 шақырым жылу желісін күтіп ұстау үшін жүйелі инвестиция, ұзақмерзімді жоспар және нақты бақылау қажет. Осы тұрғыдан алғанда, биыл басталған және келесі жылға өтетін жаңғырту жобаларының орындалуы ерекше маңызды. Әрбір жоба бойынша нақты мерзім, қаржыландыру көлемі, орындалған жұмыс пен күтілетін нәтиже ашық көрсетілгені жөн. Бөлінген 14,5 миллиард теңге мен Ұлттық жоба аясындағы 15,8 миллиард теңгенің тиімділігі тек игерілген қаражат туралы есеппен бағаланбауға тиіс. Негізгі өлшем – жылу жүйесінің нақты жақсаруы.
Сонымен бірге жөндеу жұмыстарының сапасына тәуелсіз техникалық бақылауды күшейткен жөн. Өйткені құбырды ауыстырудың өзі мәселені түбегейлі шешпейді. Жұмыс сапасыз орындалса, аз уақыттан кейін сол учаскеде қайтадан ақау шығуы мүмкін. Сондықтан мердігерлердің жауапкершілігі мен техникалық қадағалаудың сапасы қаржы көлемімен бірдей назарда болуы қажет.
Абай облысындағы жылу беру маусымына дайындық – тек коммуналдық кәсіпорындардың жұмысы емес, тұтас өңірлік басқару жүйесінің жауапкершілігін көрсететін маңызды сала. Мемлекеттік тапсырмалардың уақытында орындалуы, бюджет қаражатының тиімді жұмсалуы, мердігерлердің міндеттемелерді сақтауы және жергілікті биліктің бақылауы өзара тығыз байланысты. Миллиардтаған қаржы бөлу – мәселені шешудің бір тетігі ғана. Одан кейін сол қаражаттың мақсатты жұмсалуын, жұмыстардың белгіленген мерзімде орындалуын және нәтижесінің сапалы болуын қамтамасыз ету қажет. Әйтпесе жыл сайын қомақты қаражат бөліп, жыл сайын бір мәселеге қайта орала беруіміз мүмкін. Бүгінде Абай облысында жылыту маусымы басталып, жылу көздері жұмыс істеп тұр. Алайда қыс әлі алда. Алдағы айларда коммуналдық жүйелердің шынайы дайындығы толық сыналады. Сондықтан жауапты мекемелер үшін басты міндет – жылу беру маусымын бастау ғана емес, оны ешбір іркіліссіз аяқтау.
Эльмира ЖҮРСІНБЕКҚЫЗЫ,
Абай облысы










