Робот құрастырған ұрпақ

Парасаттың жеңісі – жеке жетістік қана емес, балалардың инженерлік қабілетін ерте жастан дамытудың маңызын көрсететін мысал. Ендігі міндет – осындай мүмкіндіктерді басқа оқушыларға да ұсыну және технологиялық білімді жүйелі дамыту.

Жаңа буын инженерлері қажет

Атырау – мұнай-газ өнеркәсібі мен инженерлік мамандықтар шоғырланған өңір. Өндірісті автоматтандыру, деректерді талдау, жабдықтардың жұмысын бақылау және ұшқышсыз технологияларды қолдану салаларының дамуы болашақ мамандарға қойылатын талаптарды да өзгертеді. KazRobotics Қазақстандық білім беру және спорттық робото­техника федерациясы» республикалық қоғамдық бірлестігінің Атырау филиалының директоры, JasUp білім беру жобасының жетекшісі, робототехника маманы Асқар Алдан робототехника мен жасанды интеллектіні уақытша тренд емес, өңірдің кадрлық болашағын қалыптастыратын құрал екенін айтады.

– Бала технологияны өз қолымен құрастырып, бағдарлама жазып, нәтижесін көргенде ғана оның мүмкіндіктерін тереңірек түсінеді. Мұндай тәжірибе логикалық ойлауды, мәселені шешу және өз идеясын жүзеге асыру қабілетін дамытады. Бұл дағдылар болашақ инженерлерге ғана емес, технология кеңінен қолданылатын басқа да мамандық иелеріне қажет. Сондықтан робототехника мен жасанды интеллектіні оқыту қосымша білім беру шеңберінен шығып, балалардың технологиялық сауаттылығын қалып­тастырудың маңызды бөлігіне айналуы керек, – дейді маман.

Жасанды интеллектіні түсіну маңызды

Бүгінде жасанды интеллект ақпарат іздеуге, мәтін әзірлеуге, деректерді өңдеуге және күрделі тапсыр­маларды орындауға көмектеседі. Бірақ дайын құралды пайдалану мен оның жұмыс істеу қағида­ларын түсіну – екі бөлек деңгей. Робототехника маманы Асқар Алданның пікірінше, жасанды ин­теллект мектепте әрі жеке оқу бағыты, әрі басқа пән­дерді меңгеруге кө­мектесетін құрал ретінде қарас­тырылуы тиіс.

– Тек жеке пән қосу немесе баланы дайын ЖИ құралдарын қолдануға үйрету аздық етеді. Оқушы технологияның қалай жұмыс істейтінін түсінуі, нәти­жені сынай білуі және өз өнімін жасай алуы тиіс, – дейді ол.

Бұл үшін оқушыларды бағдарламалау, алгоритмдік ойлау және деректермен жұмыс істеу дағдыларына үйрету маңызды. Сонымен қатар жасанды интеллект ұсынған ақпаратты тексеру, дереккөздерді салыстыру, жеке деректерді қорғау және академиялық адалдық қағидаларын сақтау қажет.

– ЖИ мұғалімді де, оқушының өз бетінше ойлауын да алмастырмауы керек. Керісінше, ол зерттеуге, шығармашылыққа және күрделі есептерді шешуге көмектесетін құралға айналғаны жөн. Ал мұғалімнің міндеті – баланы дайын жауапты қабыл­дауға емес, сұрақ қоюға, ізденуге және өз шешімін негіздеуге үйрету, – дейді Асқар Алдан.

JasUp: теориядан тәжірибеге дейін

Атырауда робототехника мен жасанды интеллект бағытындағы білім беру жұмыстары түрлі жоба, турнир және практикалық сабақ арқылы дамып келеді. Солардың бірі – JasUp білім беру жобасы. Бастама балалардың техникалық шығарма­шылығын дамытуға, робототехникамен танысуына және заманауи технологиялар бойынша тәжірибе жинауына ба­ғытталған.

Мәселен, Arduino платформасымен жұмыс істеу балаларға микроконтроллерлерді бағдарламалауды, датчиктерді қолдануды және қарапайым автоматтан­дырылған құрылғылар жасауды үйренуге жол ашады. Ал хакатондар командалық жұмысқа, мәселені жылдам талдауға және шешім әзірлеуге баулиды. Дегенмен жарыстар мен қысқамерзімді курстар жүйелі білімнің орнын баса алмайды. Асқар Ал­данның айтуынша, мұндай бастамалардың нәтижесін бағалап, мектеп бағдарламасымен байланыстыру маңызды. 

– Бастауыш сыныптарда ойындар мен конструк­торлар арқылы логикалық және алгоритмдік ойлауды дамытуға болады. Орта буында робо­тотехника, бағдарламалау және инженерлік жобалау дағдыларын тереңдетуге мүмкіндік бар. Ал жоғары сыныптарда Python, деректерді талдау, машиналық оқыту негіздері мен компьютерлік көру бағыттарын қарастыруға болады. Мұндай тәсіл қолданыстағы оқу бағдар­ламаларымен сәйкестендірілуі қажет, – дейді маман.

Басты міндет – тең мүмкіндік қалыптастыру

Технологиялық білім беруді дамытуда тек жабдық сатып алу жеткіліксіз. Мұғалімдердің дайындығы, практикалық сабақтардың сапасы және қала мен аудан мектептері арасындағы мүмкіндіктер айырмашылығы да маңызды.

Асқар Алдан алдағы уақытта бірнеше бағытқа басымдық беру қажет деп санайды.

– Біріншісі – мұғалімдерді жүйелі әрі практика­лық тұрғыда даярлау. Екіншісі – аудан оқушыларының технологиялық білімге қолжетімділігін арттыру. Үшіншісі – мектептер, қосымша білім беру орта­лықтары, университеттер мен бизнес арасындағы ынтымақтастықты дамыту. Мысалы, ортақ зертхана­ларды пайдалану, мобильді оқу алаңдарын ұйымдас­тыру және онлайн мен офлайн сабақтарды ұштастыру арқылы технологиялық білімнің қол­жетімділігін кеңейтуге болады.

Ал мектептер мен кәсіпорындардың серіктестігі оқушылардың жобаларын нақты міндеттермен байланыстыруға мүмкіндік береді. Атырауда балалар қоршаған ортаның көрсеткіштерін бақылайтын датчиктер, су мен электр энергиясын үнемдеуге арналған құрылғылар немесе өндірістік қауіпсіздікке бағытталған оқу модельдерін әзірлеп көре алады. 

Бұл – болашақта дамытуға болатын жобалық бағыттар. Мұндай жұмыстардың мақсаты – оқушыдан бірден дайын өнім талап ету емес, оны мәселені зерттеуге, прототип жасауға және өз шешімін сынауға үйрету.

Сонымен бірге жетістікті тек жарыстағы орынмен өлшеу жеткіліксіз. Оқушының алған дағдысы, жасаған жобасы, техникалық шешімінің сапасы және өз идеясын түсіндіру қабілеті де ескерілуі керек, – дейді Асқар Алдан.

Бүгінгі оқушы – ертеңгі инженер

Қазақстан үшін жасанды интеллект пен робо­тотехника саласында мамандар даярлау техно­логиялық даму тұрғысынан маңызды. Елге дайын цифрлық құралдарды пайдаланатын мамандармен қатар оларды әзірлейтін, жетілдіретін және жер­гілікті қажеттіліктерге бейімдейтін инженерлер де қажет болады.

Атырау сияқты өнеркәсіптік өңірлерде бұл бағыт­тың практикалық маңызы ерекше. Робототехника мен бағдарламалауға мектептен бастап қызығушылық танытқан балалар болашақта инженерия, авто­маттан­дыру, ақпараттық технологиялар және ғы­лыми зерттеу салаларын таңдай алады. Алайда талантты анықтау жеткіліксіз. Баланың білімін тереңдетуіне, күрделі жобалармен айналысуына және жоғары оқу орын­дарымен байланыс орнатуына мүмкіндік беретін жүйе қажет. Ол үшін мектептегі білім, қосымша білім беру және жоғары оқу орындарындағы даярлық арасында сабақтастық болуы маңызды.

Парасат Сакишевтің халықаралық жеңісі осын­дай мүмкіндіктің бар екенін көрсетеді. Ендігі міндет – оның тәжірибесін басқа балаларға да қолжетімді ету, мұғалімдерді даярлау және инженерлік білімді жүйелі дамыту.

Өйткені технологиялық болашақты дайын құрылғылар ғана жасамайды. Оны жаңа идея ұсы­натын, күрделі мәселелерді шешуге ұмтылатын және өз шешіміне жауап бере алатын адамдар қалып­тастырады. Ал мұндай мамандарды даярлау бүгінгі мектептен және баланың өз қолымен құрастырған алғашқы роботынан басталады.

Баян ЖАНҰЗАҚОВА,

Атырау облысы