«Жекешелендіру» – күрделі тақырыптың бірі
– «Әбілдің» Қазақстан атынан «Оскарға» ұсынылуы – үлкен оқиға. Бірақ мұндай мәртебе режиссерге қуанышпен бірге жауапкершілік те жүктейді. Қазір қандай сезім басым?
– Шынымды айтсам, үлкен толқыныс жоқ. Тек мүмкіндікті орайымен пайдалану керек деген ой бар. Ол – «Оскардың» шорт-листіне қабылдайтын арнайы комитет пен кәсіби гильдия мүшелерінен тұратын Киноакадемия мамандарының қаншасы біздің фильмді көрді және олардың көбіне қалай көрсетуге болады деген мәселе. Өйткені, «Оскар» сияқты сыйлықтар халықаралық фестивалдердегідей емес, әрбір киноакадемияның көптеген мүшелерінің дауыс беруімен шешіледі. Ал фестивальдердегі сыйлықтар арнайы қазылар алқасының шешімімен анықталады. Бізде кейде «Оскарды» Канн, Венеция, Берлин секілді кинофестивальдермен салыстырып жатады. Бірақ кино саласында фестиваль мен сыйлықтың ара-жігін ажыратып алған жөн.
Фестиваль – негізінен жаңа фильмдерді ашатын, оларды алғаш таныстыратын алаң. Ал сыйлық – прокаты болған, жыл бойында көрсетіліп, көрерменге ұсынылған фильмдерді қорытындылап, бағалау. Әр елдің өз сыйлығы бар. Мысалы, Британия киноакадемиясы мен телевизиялық өнерінің сыйлығы – BAFTA, Француз киноакадемиясының сыйлығы Сезарь, Испания киноакадемиясы өнері мен ғылымының сыйлығы Гойя және Европалық киноакадемияның сыйлығы бар. Бұндай сыйлықтар әр елде бар. Мен тек ең беделділерін ғана атап отырмын. Яғни, соның бірі әрі ең атақтысы – «Оскар». Бізде де ондай сыйлық бар. «Құлагер» деп аталады. Алайда оған мемлекеттің назар аудармауы салдарынан бірде өтіп, бірде өтпей жатады. «Оскарға», жалпы осы сипаттағы сыйлықтарға қатысты ел біле бермейтін мынадай мәселелер бар. Атап өткен бұл сыйлықтың бәрі тек Европалық киноакадемияның сыйлығынан басқасы, ең бастысы өз елдерінің туындыларына арналып беріледі. Тек іштерінде бір ғана номинация «Өзге тілдердегі шетел фильмдері үшін» беріледі. Егер шетелдік қандай да фильм осы сыйлықтарға номинат болып жатса, демек осы номинация бойынша қатысып жатыр деген сөз. Ал «Оскар» – Америка киноакадемиясының сыйлығы. Яғни, бұл сыйлық негізінен америкалық және ағылшын тілді фильмдерге арналған. Тек кейінгі жылдары ішінара негізгі номинациялардың өзіне АҚШ тереториясында прокатқа шыққан фильмдерді де қатыстырып жүр. Біз «Әбілді» сол номинация бойынша ұсынып отырмыз.
Осыдан екі-үш күн бұрын ғана Азия елдерінен «Оскарға» ұсынылған фильмдерді Америка киноакадемиясының мүшелеріне арнайы көрсететін Asian World Film Festival-дан шақырту алдық. Ол Лос-Анджелестің Калвер-Сити қаласында өтеді. Фестиваль аясында Азия фильмдеріне арналған арнайы конкурстар да ұйымдастырылады. Ең маңыздысы – сол фильмдерді «Оскар» академиясының мүшелері көреді. «Әбіл» осы фестивальдің конкурстық бағдарламасына шақырту алды. Фестиваль 12-19 қараша аралығында өтеді. Қазір соған дайындалып жатырмыз. Қазір біз үшін негізгі мәселе – жол шығыны. Соған қажетті қаржыны қарастырудамыз. Министрлік тарапынан қолдау болса деген ой бар. Өйткені осындай мүмкіндікті жіберіп алмауымыз керек деп ойлаймын.
– «Әбіл» – бір адамның тағдыры туралы фильм сияқты көрінгенімен, тұтас бір дәуірдің жарасын қозғайды. Әбіл арқылы қазақ қоғамындағы қандай құрбандықты, қандай жоғалтуды айтқыңыз келді?
– Бұл сұраққа өзіңіз де жауап беріп отырған сияқтысыз. Фильмді көрермен көрді, өз бағасын берді деп ойлаймын. Туындыда сол кезеңдегі әділетсіздіктер мен қате шешімдер, олардың салдары көрсетілді. Мұндай қателіктер тек белгілі бір кезеңге ғана тән емес, кез келген уақытта қайталануы мүмкін. Ал оның қоғамға, адам тағдырына тигізетін зардабы қандай болуы ықтимал деген ой да қозғалды. Мен фильмде осы мәселелерді көрсетуге тырыстым. Сол ой көрерменге жетті деп ойлаймын.
– Қазақ киносында тарихи тақырып көп. Бірақ 90-жылдар әлі толық көркем игерілген жоқ сияқты. Бұл кезеңді экранға шығаруға не кедергі деп ойлайсыз?
– Барлық елде де тарихи тақырып көп. Ол айтыла да, талқылана да беруге тиіс. Қазақ киносында да әлі қозғалмаған, тереңірек үңілуді қажет ететін тақырып аз емес. Әр тақырыптың өзіндік аясы, өзіндік қыры бар. Мәселен, 90-жылдар туралы сөз болғанда көбіне «лихие 90-е» деген түсінік алға шығады. Алайда кез келген қоғам бір ғана әлеуметтік сипаттан тұрмайды. Ресей киносында да, қазақ киносында да сол кезеңдегі бандиттік, рэкеттік, заңсыз әрекет еткен топтар туралы фильмдер көп түсірілді. Кей жағдайда олардың өмір салты романтизацияланып та көрсетілді. Соның бір мысалы ретінде Ақан Сатаевтың «Рэкетир» фильмін айтуға болады. Осындай туындылардың әсерінен көрермен санасында 90-жылдар көбіне бандитизм, рэкетпен байланысты кезең ретінде қалыптасты.
Ал мен, жаңа айтқанымдай, қоғамның бір ғана әлеуметтік сипаттан тұрмайтынын ескеріп, сол кезеңге басқа қырынан қарауға тырыстым. Бұған дейін көп айтыла бермеген тұсын суреттеп, экранға шығарғым келді. Меніңше, бұл ой көрерменге жетті, түсінікті болды деп ойлаймын.
Жалпы, қай кезеңде де, әсіресе ТМД кеңістігінде, бұрынғы кеңестік жүйеден шыққан елдерде саяси реңкі бар, әлі толық ашылмаған тақырыптар кездеседі. Олардың арасында кинода ғана емес, жалпы ғылымда да қоғамдық, ғылыми және құқықтық бағасын толық алмаған мәселелер бар. Мұндай тақырыптарға бару әрқашан қиын. Жекешелендіру тақырыбы да – сондай күрделі мәселелердің бірі. Соған қарамастан мен бұл тақырыпты көтердім. Нәтижесінде ол көрермен мен қоғамның ой-санасында қайтадан жаңғырып, назарға ілікті. Суреткер ретіндегі негізгі мақсаттарымның бірі де осы еді. Сондықтан сол мақсатым белгілі бір деңгейде орындалды.
Көрерменді надан деп санауға болмайды
– Сіз қалай ойлайсыз, қазақ киносы әлемге несімен қызық: тарихи жарасы, адамның ауыр тағдыры?
– Біз кино арқылы әлемді біршама көріп, түрлі елдердің киногерлерімен, продюсерлерімен, дистрибютерлерімен, фестиваль мамандарымен араласып жүрміз. Сол тәжірибеге сүйенсек, қазақ киносына қатысты «мына тақырып өтеді, мына тақырып өтпейді» деген нақты талап жоқ. Ең бастысы, талантты туынды, сапалы дүние, суреткерлік көзқарас пен көркемдік деңгейде кино түсірілуі керек. Фильмнің әлеуметтік салмағы, философиялық мазмұны терең, көркемдік-сапалық құрылымы жақсы болса, ол қай жерде де, қай уақытта да өз көрерменін табады.
Әлемдік кинода белгілі бір кезеңде өзекті болатын тақырыптар бар. Олар қоғамдық-саяси өмірде, халықаралық қатынастарда да жиі көтеріліп, кеңінен талқыланады. Сондықтан мұндай мәселелердің өнерде де көрініс табатыны белгілі. Қазір әйелдер мәселесі, нәсілдік және жыныстық азшылық, иммиграция мен экологияға көбірек назар аударылып отыр. Өйткені бұлар – бүгінгі әлемнің қоғамдық-саяси өміріндегі маңызды мәселелер. Сондықтан мұндай тақырыптарды арқау еткен фильмдердің бірден назарға ілігуі заңды. Алайда бұл тек қазақ киносына қатысты үрдіс емес, бүкіл әлемдік киноға ортақ құбылыс. Қандай тақырып таңдалса да, негізгі шарт өзгермейді: туындының әлеуметтік салмағы, философиялық мазмұны мен көркемдік сапасы жоғары болуы керек.
– Кейінгі кезде отандық фильмдерден актерлермен қатар танымал блогерлер мен жұлдыздарды да жиі көріп жүрміз. Мұндай үрдіске көзқарасыңыз қалай?
– Мен үшін ең алдымен көркемдік сапа, мазмұн, туындының әлеуметтік сипаты маңызды. «Әбілді» көрермен қалай қабылдаса да түсіруім керек деп түсірдім. Алдағы уақытта Еуропа, Қытай және жалпы әлем киносының тәжірибесі көрсетіп отырғандай авторлық, терең мазмұнды, көркем сапалы дүниемен де касса жинағым келеді. Ол үшін тақырып пен көрермен сұранысын дұрыс үйлестіре білу керек. Бұл міндетті түрде хайп пен жеңіл дүниеге жүгіну деген сөз емес.
Көрерменді надан не тобыр деп санауға болмайды. Оның талғамы әртүрлі. Соңғы 5-10 жылдағы қазақ киносының даму бағытын, коммерциялық табысқа жеткен фильмдердің тенденциясын үнемі бақылап отырамын. Байқағаным – көрерменнің сапалы әрі мазмұнды дүниеге деген сұранысы жылдан-жылға артып келеді. Бұл – жақсы көрсеткіш. Сондықтан болашақта авторлық, мазмұнды фильмдер де жақсы касса жинайды деген ойдамын.
«Әбіл» мемлекеттік қаржыға түсірілді. Егер фильмге маркетингтік тұрғыдан тиісті қолдау көрсетіліп, оны насихаттауға жеткілікті қаржы бөлінгенде, коммерциялық табысы қазіргіден бірнеше есе жоғары болуы мүмкін еді. Кейінгі көрсетілімдерден де фильмге көрерменнің қызығушылығы бар екенін байқадық. Сондықтан авторлық кино арқылы да үлкен табысқа жетуге болатынына сенемін.
Касса жинау үшін танымал жұлдыздар мен блогерлерге сүйенуді мүлдем қате деп айта алмаймын. Бұл да – маркетингтің бір тәсілі. Бірақ бұл мен ұстанатын жол емес дегім келеді. Менің ұстанымым мынау: кастинг кезінде адамның қаншалықты танымал екеніне емес, экрандағы кейіпкерге қаншалықты сай келетініне мән беремін. Ең бастысы – оның болмысы мен тағдыры сценарийдегі кейіпкердің табиғатына жақын болуы керек.
«Әбілдегі» Ерлан Төлеутайдан бастап эпизодтық рөлдер мен көпшілік сахнасына қатысқан адамдарға дейін осы ұстаныммен таңдалды. Режиссер ретінде мен үшін басты талап – экрандағы кейіпкер мен оны сомдайтын адамның болмысы бір-біріне жақын болуы. Егер сол сәйкестік бар болса, оның танымалдығы немесе кәсіби актер болуы екінші кезектегі мәселе.
– Әңгімеңізге көп рақмет!
Сұхбаттасқан Сымбат БАУЫРЖАНҚЫЗЫ









