Елордалықтар өтініші тыңдалды

Мәселен, үшінші топтағы мүгедектігі бар 60 жастағы аста­на­лық Бауыржан Алдабергенов жұмысқа орналасуға көмек сұра­ды. Оның айтуынша, бұған дейін елордадағы №106 мектепте ша­руа­шылық меңгерушісі болып  істеген, алайда штат қыс­қа­руы­на байланысты жұмысынан айы­рылып отыр.

– Еңбек өтілім – 30 жыл, зейнетке шығуыма небәрі үш жыл қалды. Енді жұмыссызбын. Мек­теп басшылығына да, еңбек инс­пекциясына да жүгіндім, бірақ ешқандай нәтиже болмады. Үш баламыз бар, олардың біреуі асырауымызда, – дейді Бауыржан Алдабергенов.

Тұрғындар жұмыспен қамту­дан бөлек, баспанаға қатысты мәселелерін де айтып қалды. Қала тұрғыны Зарина Әйтімова тұрғын үй мәселесінде «Отбасы банкінің» әрекеттеріне шағымданып, қа­лып­тасқан жағдайдың мән-жайын анықтауға көмек беруін өтінді. Ал зейнеткер Күләш Медиева көп жылдан бері пәтер кезегінде тұрғанын, алайда кезекте тұрған санын да біле алмай отырғанын айтты. Ол мемлекеттен субсидия алатын құрылыс компаниялары жеке баспанасы жоқ зейнеткерлер үшін Астанада бірнеше тұрғын үй салып берсе деген ұсыныс айтты.

Запастағы полковник Рахым­жан Тәттіғұлов барлық қажетті құжаты барына қарамастан, әс­кери қызмет өтілін ескере отырып зейнетақы тағайындату, сондай-ақ өзіне тиесілі әлеуметтік, меди­циналық және санаторий-куро­рт­тық жеңілдіктерді алу мәселесін әлі күнге дейін шеше алмай жүр­ге­ніне шағымданды.

Қоғамдық қабылдауға оқушы­лар да келіп тұрады. Бұл жолы 11-сынып оқушысы стартап жоба­сын жүзеге асыруға жәрдем сұрап, депутат бұл өтінішті онлайн ре­жимде қарады. Жоба сауда нысан­дарының қызметін дамы­туға және олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталып отыр. Осыған байланысты жас­өспірім өз идея­сын жүзеге асыр­ғысы келеді. 

– Тұрғындар түрлі мәселе бойынша жүгінеді. Оның бары­сын­да орынды ұсыныстар да жиі айтылады. Азаматтардың бізге – «Әділет» партиясына жүгінетіні қуантады. Тәжірибе көрсеткен­дей, кейбір мәселе қысқа мерзімде шешімін тапса, енді біріне бірша­ма уақыт қажет. Алайда бірде-бір өтініш назардан тыс қалмайды. Әрбірі мұқият зерделеніп, уәкі­летті органдармен бірге пысық­талады, – деді Тілектес Адам­беков.

Еске салайық, азаматтар өз өті­ніштері мен ұсыныстарын «Әділет» партиясының қоғамдық қабылдау бөлмесіне e-Otinish жүйесі немесе партияның цифр­лық платформасы арқылы жолдай алады.

 Бекбол Амангелді