Көшпелі қабылдаулар барысында балаларға ерекше көңіл бөлінді. Соның ішінде 40 балаға логопед-дефектолог, психолог, бейімделген дене шынықтыру маманы және педиатр кеңес берді. Тексеру қорытындысы бойынша қазан айында бес балаға тегін оңалту шаралары ұйымдастырылады. Жалпы 462 адамға медициналық көмек көрсетіліп, соның ішінде 389 адамды дәрігер-онкологтар қабылдады. Олардың арасында он адам онкологқа алғаш рет жүгініп отыр. Енді олар қосымша тексеруден өту үшін облыс орталығына жіберіледі. Сонымен қатар 33 адам АИТВ инфекциясының алдын алу бойынша консультациядан өтті.
– Бейінді мамандардың ауданға келуі тұрғындардың кеңес алуын және дәрігерге жүгінуін айтарлықтай жеңілдетіп, кейінге қалдырмайды. Бірнеше маманға сұрақ қою және бірден қажетті ұсыным алу мүмкіндігі болғаны – аса маңызды, – деді Күршім ауданының тұрғыны Владимир Петров.
«Әділет Керуені» негізгі бағыттарының бірі – аурулардың алдын алу және оларды ерте анықтау. Көшпелі қабылдаулар барысында мамандар тұрғындарға денсаулықтың қандай өзгерістеріне мән беру және қай кезде дәрігерге жүгіну қажет екенін де түсіндіріп берді.
– Бастапқы кезеңде көп аурудың айқын белгілері болмауы мүмкін. Сондықтан профилактикалық тексеруден өту және маманға дер кезінде жүгіну – аса маңызды. Көшпелі қабылдаулар барысында тұрғындарға тек кеңес беріп қана қоймай, денсаулықтың қандай өзгерістеріне назар аудару қажет екенін түсіндіруге тырысамыз, – деді дәрігер-онколог Ербол Құсайынов.
Медициналық консультациялардан бөлек, тұрғындарға заңгерлер мен сот орындаушылары да құқықтық көмек көрсетті. Сондай-ақ азаматтар тұрғын үй мәселесі бойынша «Отбасы банкі» мамандарынан кеңес алып, депутаттардың қоғамдық қабылдау бөлмесіне де жүгінді. Ендігіде «Әділет Керуенін» еліміздің өзге де өңірлерінде өткізу жоспарланып отыр. Мұндай формат шалғай елді мекендердің тұрғындарына облыс орталығына бармай-ақ қажетті көмек алуға мүмкіндік береді.









