Саудадағы серпіннің сыры неде?

Қазақстанның сыртқы сау­да көрсеткіштері биыл ай­тарлықтай жақсарды. Ұлттық статистика бюросының жа­ңартылған дерегіне сәйкес, 2026 жылғы қаңтар-шілдеде елдің тауар экспорты 50,89 млрд доллар, ал импорты 36,86 млрд доллар болды. Соның нәтижесінде сауда профициті 14,03 млрд долларға жетті. Бұл – Қазақстанның шетелге сатқан тауары сырттан сатып алған өнімінен осынша сомаға артық болды деген сөз.

Алайда жоғары профицит экспорт құрылымының сапа­лы өзгергенін бірден білдір­мейді. 2026 жылғы қаңтар-шіл­деде шикі мұнай мен шикі мұнай өнімдері жалпы экс­порт­тың 48,2%-ын қамтамасыз етті. Одан кейін тазартылған мыс пен өңделмеген мыс қо­рытпалары – 6,6%, радиоак­тив­ті элементтер мен изо­топ­тар – 4,8%, мыс кендері мен кон­центраттары – 4,6%, фер­ро­қорытпалар 2,4% үлес алды. Яғни Қазақстан сыртқа сата­тын негізгі тауарлардың басым бөлігі әлі де табиғи ресурс­тардан тұрады.

Qazaq Expert Club сарап­шысы, қаржыгер Саида Тілеу­ленова мұны профициттің не­гізгі әлсіз тұсы деп санайды.

«Қазақстан экспортының құрылымы негізінен шикі­зат­тық сипатта қалып отыр. Мыс, мыс кендері, радио­ак­тив­ті эле­менттер мен ферро­қорыт­палар да айтар­лықтай үлеске ие. Сондықтан қа­зіргі профи­цит көбіне экспорт­­тық тү­­­­сім­­дер­­­дің жо­­­­ғары деңгейін көр­­­се­теді, бірақ әзірге экономика құры­­­лымының түбегейлі өз­гергенін білдір­­­­мейді. Оның кө­лемі әлемдік мұнай мен ме­талл бағасына, өндіру кө­леміне және шикі­затты сырт­қы на­рықтарға үз­діксіз жеткізу мүм­кіндігіне әлі де тәуелді».

Мұнайдың экспорттағы үлесі біртіндеп төмендеп ке­леді. 2025 жылғы қаңтар-шіл­деде ол 52,3% болған, ал биыл 48,2%-ға түсті. Бірақ бұл мұ­най­дан түсетін кіріс азайды де­генді білдірмейді. Экспорт­тың жалпы көлемі мен мұнай үлесін негізге алсақ, 2025 жыл­дың жеті айында мұнай экс­порты шамамен 22,8 млрд дол­­­лар, биыл 24,5 млрд доллар болған. Яғни мұнайдың үлесі төмендегені­мен, одан түскен қаражат ша­мамен 7,6%-ға көбейген.

Сыртқы сауданың геогра­фиясында да өзгеріс бар. Биыл экспорттың 18%-ы Қытайға, 17,7%-ы Италияға, 8,9%-ы Ре­сейге, 7,7%-ы Түркияға бағыт­талған. Нидерландтың үлесі 6,2%, Францияның үлесі 5,9% болды. Бір жыл ішінде Түркия­ның үлесі 4,7%-дан 7,7%-ға дейін өссе, Италияның үлесі 21,6%-дан 17,7%-ға төмен­де­ген. Бұл экспорт ба­ғыттарының біршама кеңей­­генін көрсет­кенімен, негізгі өнімдер өзгер­ген жоқ.

Тұрақтылыққа тасымал жол­дары да әсер етеді. Reuters мәліметінше, Қазақстан мұ­най экспортының 80%-дан аста­мын Каспий құбыр кон­со­р­циумы арқылы жөнелтеді. 2026 жылғы қаңтар-тамызда осы жүйе арқылы тасымал­дан­ған мұнай көлемі өткен жыл­дың сәйкес кезеңінен 8%-ға аз болған. Демек, құбыр жұмы­сы­ның тоқтауы, теңіз терми­налындағы ақау немесе гео­саяси шектеу экспорттық кі­ріске тікелей соққы беруі мүм­кін. Reuters жариялаған дерек профициттің тек мұнай бағасына емес, оны үздіксіз жеткізу мүмкіндігіне де тәуелді екенін аңғартады.

Елге енген доллар елде қала ма?

Сауда профициті сыртқы экономикалық тұрақтылық­тың маңызды көрсеткіші бол­ғанымен, оны елдің қолында қалған таза қаражат деп қа­был­дауға болмайды. Тауар экс­портынан келген валю­та­ның бір бөлігі шетелдік тасы­мал, сақтандыру, консалтинг және басқа қызметтер үшін төленеді. Бұған қоса, шетелдік инвесторларға дивиденд пен инвестициялық табыс ауда­ры­лады, сыртқы қарыздар өте­леді. Сондықтан сауда балансы мен төлем балансы бір ұғым емес.

Саида Тілеуленова да 14 млрд долларды ел ішінде то­лық қал­ған ақша ретінде тү­сін­діруге болмайтынын айтады.

«Тағы бір маңызды жайт бар: сауда профицитінің жо­ғары болуы экспорттан түскен барлық қаражат Қазақстан ішінде қалады дегенді білдір­мейді. Экспорттық түсімнің бір бөлігі кейіннен шетелдік қызметтерді төлеуге, шетел­дік инвесторларға инвес­ти­циялық табыс төлеуге, сырт­қы міндет­темелерге қызмет көр­сетуге және басқа да тө­лем­дерге жұм­салады. Сон­­­дық­­тан елдің сырт­қы жағ­дайының іргелі тұрақтылығын бағалау үшін тек сауда ба­лансына ғана емес, бүкіл төлем балансына да на­зар аудару маңызды. Сонымен қатар Қазақстан экспортының құрылымы мүл­­де өзгермей жа­тыр деу дұ­рыс болмас еді. Оң белгі бар: шикізаттық емес экспорт бір­тіндеп өсіп ке­леді».

Жоғары профицит теңгеге валюталық ұсыныс арқылы қол­дау көрсете алады. Бірақ тең­ге бағамына мұнай баға­сы­мен бірге импортқа деген сұ­ра­ныс, капиталдың қозға­лы­сы, Ұлттық қор операциялары, сыртқы қарыз төлемдері және нарықтағы күтулер де әсер ете­ді. Сол себепті «профицит өс­ті, демек теңге міндетті түр­де нығаяды» деген тікелей байланыс жасау дұрыс емес.

Инфляция көрсеткіші де осыны аңғартады. Ұлттық ста­тистика бюросының дерегіне сәйкес, 2026 жылғы шілдеде жылдық инфляция 10,2%, бір айлық өсім 0,6% болды. Яғни сыртқы саудадағы жоғары оң айырма ішкі бағаның өсуін автоматты түрде тоқтатпады. Инфляцияға азық-түлік пен қызмет бағасы, тарифтер, бюджет шығыстары, несие көлемі және өндіріс шығын­дары қатар ықпал етеді.

Экспортты мұнайдан тыс кеңейту бағытында да ілге­рілеу байқалады. Жалпы экс­порттан мұнай санатын алып қарасақ, қалған тауарлардың көлемі 2025 жылғы шамамен 20,8 млрд доллардан биыл 26,4 млрд долларға дейін көбейген. Өсім шамамен 26,8%-ды құ­рай­ды. Бірақ бұл соманың ішін­де мыс, уран, кен және фер­ро­қорытпа сияқ­ты шикі­заттық тауарлар бар. Сондық­тан оны толығымен «шикі­зат­­тық емес экс­порт» деп атауға болмайды.

«Сауда ми­нистр­лігінің де­ректері бо­йынша, 2026 жыл­дың бірінші жарты­жылды­ғын­да шикі­зат­тық емес және өң­делген тауарлар экс­порты 12,9 млрд дол­лардан 15,2 млрд долларға дейін өсті. Бұл экс­порт­тық ба­заның бір­тіндеп ке­ңейіп келе жатқанын көр­сетеді, дегенмен әзірге бұл сыртқы сектордың шикізат нарығын­дағы ко­нъюнк­тураға тәуел­­ділігін жою үшін жет­кі­ліксіз. Сондықтан 14 млрд доллар кө­­ле­міндегі сауда про­фициті – Қазақстан үшін, шынымен де, жақсы қор. Оның тұрақтылығы шикізат­тық емес экспорттың қанша­лықты жыл­дам өсе­ті­ніне, мұнай мен ме­талл баға­сы­ның қалай өзге­ретініне, өндіру мен жеткізу көлемінің сақталуына және экспорттық кірістердің ел ішіндегі инвес­тициялар мен өнімділіктің артуына қанша­лықты тиімді бағытта­ла­тынына байланысты бола­ды», – дейді маман.

Сонымен, 14 млрд доллар­дан асқан сауда профициті – Қазақстан экономикасы үшін оң нәтиже. Ол елге валюталық кіріс әкеліп, сыртқы міндетте­мелерді орындауға мүмкіндік береді. Бірақ бұл көрсеткіш әзір­ге мұнай мен металға, олар­дың әлемдік бағасына және бірнеше негізгі тасымал бағытына тәуелді. Профи­цит­тің, шын мәнінде, тұрақты бо­луы үшін экспорттық кіріс жа­ңа өндірістерге, техноло­гияға және еңбек өнімділігін арттыруға бағытталуы керек. Сонда ғана бүгінгі қолайлы нәтиже уақытша мүмкіндік емес, экономикадағы сапалы өзгерістің белгісіне айналады.

Кәмила ДҮЙСЕН