База төмендеді, баға ше?

Дегенмен реттеушінің шешімі нарық қатысушыларының болжамынан батылырақ болып шықты. Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығы жүргізген сауалнамада сарапшылардың 89%-ы мөлшерлеме 16,50%-ға дейін ғана төмендейді деп күткен. Қалғандары оны бұрынғы 16,75% деңгейінде сақтау мүмкіндігін болжаған еді. Сондықтан жаңа шешім экономистер мен қаржы нарығының назарын бірден аударды.

Базалық мөлшерлеме – Ұлттық банк­тің экономикадағы ақша құнын реттейтін негізгі құралының бірі. Ол екінші деңгейлі банктердің қаржы тарту шығындарына, депозиттер мен несиелер бойынша сый-а­қы мөлшерлемелеріне, бизнес белсен­ді­лі­гіне және халықтың тұтынушылық сұ­ра­нысына әсер етеді. Мөлшерлеме жо­ғары болған кезде несие қымбаттап, эко­номикадағы артық сұраныс тежеледі. Бұл инфляцияны баяулатуға көмектеседі. Бірақ қатаң ақша-кредит саясаты ұзақ уа­қыт сақталса, кәсіпкерлердің қаржы тар­туы қиындап, инвестициялық белсен­ді­лік әлсіреуі мүмкін.

Сондықтан Ұлттық банкке екі мін­дет­тің арасындағы тепе-теңдікті сақтау қа­жет. Бір жағынан, бағаның өсуін бақы­лау­дан шығармауы керек. Екінші жағынан, тым қымбат ақшаның экономиканың да­муына кедергі келтіруіне жол бермеуге тиіс. Қыркүйектегі шешім осы тепе-тең­дікті табуға жасалған сақ қадамға көбірек ұқсайды.

Шешім қабылдауға тамыз айындағы инфляция көрсеткіші негіз болды. Жыл­дық инфляция 9,8%-ға дейін баяулап, де­зинфляциялық үрдіс он бір ай қа­тары­нан жалғасты. Ресми мәліметте импорт­тық инфляцияның бәсеңдеуі, теңге ба­ға­мының салыстырмалы тұрақтылығы және азық-түлік нарығындағы маусымдық фак­торлар атап өтілді. Халықтың алдағы баға өсіміне қатысты күтулері де біршама төмендеген. Мұндай жағдай Ұлттық банк­ке мөлшерлемені тағы 0,5 пайыздық тар­маққа түсіруге мүмкіндік берді. Ресми ше­шімге сәйкес, базалық мөлшерлеме 16,25%, ал оның дәлізі плюс-минус 1 пайыз­дық тармақ деңгейінде белгіленген.

Экономист, Qazaq Expert Club тең құрылтайшысы Бауыржан Шурманов бұл шешімнің нарық болжамынан өзгеше бол­ғанына назар аударады.

«Ұлттық банктің базалық мөлшер­л­е­мені 16,25%-ға дейін төмендетуі нарық үшін күтпеген шешім болды. Сарап­шы­лардың басым бөлігі мөлшерлеме 16,50%-ға дейін ғана төмендейді деп болжаған еді. Реттеушінің мұндай қадамға баруына та­мыз айында жылдық инфляцияның 9,8%-ға дейін баяулауы негіз болды. Жеміс-көкөніс өнімдерінің маусымдық ар­зандауы, импорттық бағалардың бә­сең­деуі және теңгенің салыстырмалы тұрақ­тылығы да оң әсер етті. Сонымен қа­тар халықтың инфляциялық күтулерінің бір­шама төмендегені байқалды. Осы факторлар Ұлттық банкке ақша-несие шарттарын тағы да аздап жұмсартуға мүмкіндік берді», – дейді экономист.

Алайда мөлшерлеменің төмендеуі не­сие мен ипотека бірден арзандайды де­генді білдірмейді. Базалық мөлшерле­ме­нің банк өнімдеріне әсері белгілі бір уа­қыттан кейін сезіледі. Бұған қоса, банктер несие құнын есептегенде қорлану шығын­дарын ғана емес, қарыз алушының төлем қабілетін, тәуекел деңгейін, операциялық шығындар мен нарықтағы сұранысты да ескереді. Сондықтан мөлшерлеменің 0,5 пайыздық тармаққа төмендеуі қарапайым азамат алатын тұтынушылық несиенің пайы­зын дәл сондай көлемде бірден азайт­пауы мүмкін.

Бизнес үшін де нәтиже бірден байқал­май­ды. Дегенмен базалық мөлшерлеменің тө­мендеу циклі жалғасса, банктердің кә­сіп­керлерге ұсынатын қаржысы біртіндеп қолжетімді бола бастайды. Бұл айналым қаражатын толықтыруға, өндірісті кеңей­туге және жаңа жобаларды іске қосуға мүм­кіндік береді. Әсіресе шағын және ор­та бизнес үшін несие құнының төмендеуі маңыз­ды. Бірақ кәсіпкерлер үшін бір рет­тік шешімнен гөрі мөлшерлеменің алдағы бағыты мен экономикалық тұрақтылық маңыздырақ.

Депозит нарығында кері құбылыс болуы ықтимал. Базалық мөлшерлеме тө­мендеген сайын банктер салымдар бойынша ұсынылатын сыйақыны да бір­тін­деп қайта қарауы мүмкін. Соған қара­мастан қазіргі 9,8% инфляция жағдайында тең­гелік активтердің нақты кірістілігі әлі де оң деңгейде қалып отыр. Демек, жина­ғын теңгемен сақтайтын азаматтар үшін де­позиттер тартымдылығын бірден жо­ғалтпайды.

Сонымен бірге жылдық инфляцияның тө­мендеуіне қарап, экономикадағы баға мә­селесі шешілді деуге болмайды. Жы­л­дық көрсеткішке былтырғы жоғары са­лыс­тырмалы база да әсер етеді. Ал баға­ның соңғы айлардағы қозғалысын көр­сететін жедел индикаторлар ішкі қы­сым­ның толық жойылмағанын аңғартады. Мау­сымдық түзетілген айлық инфляция 0,9%, базалық инфляция 0,7% болды. Ба­залық инфляция маусымдық немесе уа­қыт­ша өзгерістерді алып тастап, бағаның тұрақты бөлігінің қалай өсіп жатқанын көрсетеді.

«Қазіргі шешімді базалық мөлшер­леме­нің жылдам төмендеу кезеңі басталды деп қабылдауға әлі ерте. Жылдық инф­ля­ция баяулағанымен, ел ішіндегі баға қы­сымы жоғары деңгейде сақталып отыр. Маусымдық факторларды есепке ал­ма­ғанда, айлық инфляция 0,9%-ды, ал база­лық инфляция 0,7%-ды құрады. Бұл ба­ғаның тұрақты бөлігінің әлі де айтар­лық­тай жылдам өсіп жатқанын көрсетеді. Бұ­ған қоса, бюджет шығындары, ком­мунал­дық тарифтер мен жанар-жағармай баға­сы инфляцияны қайта жеделдетуі мүм­кін. Сондықтан алдағы шешімдер ағым­дағы көрсеткіштермен қатар осы тәуе­келдердің динамикасына да байла­ныс­ты болады», – дейді Бауыржан Шур­манов.

Инфляцияға ықпал ететін тәуекелдің бірі – бюджеттен экономикаға түсетін қар­жының көлемі. Мемлекеттік шығын­дар жылдам өссе, ішкі сұраныс та жоғары­лай­ды. Тауар мен қызмет өндірісі сол сұра­нысқа ілесе алмаған жағдайда баға қай­та көтеріледі. Коммуналдық тариф­тер­дің өзгеруі де халықтың күнделікті шы­ғынына ғана емес, кәсіпорындардың өзін­дік құнына әсер етеді. Электр энер­гия­сы, су, жылу және тасымал қым­бат­та­са, бұл шығын түпкі өнім бағасына қо­сы­лады.

Жанар-жағармай нарығындағы өз­геріс те маңызды. Отын бағасының өсуі та­­­сымал шығынын арттырып, азық-түлік­тен бастап құрылыс материалдарына дейін­гі көптеген тауардың құнына ықпал ете­ді. Бұған сыртқы нарықтағы тұрақ­сыз­дық пен валюта бағамының ықтимал өз­ге­рісін қосуға болады. Теңге әлсіреген жағ­дайда импорттық тауарлар және шет­елден жеткізілетін шикізат қымбаттайды. Сон­дықтан Ұлттық банк мөлшерлемені тө­мендету кезінде ішкі инфляцияны ғана емес, ұлттық валютаның тұрақтылығын да ескеруге мәжбүр.

Реттеушінің ортамерзімді болжамы да тым еркін саясатқа көшуге әлі ерте екенін көр­сетеді. Ұлттық банк 2027 жылға арнал­ған инфляция болжамын 6,5-8,5% ара­лы­ғына дейін көтерді. Ал инфляцияның 5% нысаналы көрсеткішке жетуі енді 2028 жыл­ға қарай күтіледі. Бұл баға өсімін тұ­рақ­ты түрде төмендету үшін бірнеше жыл қажет болуы мүмкін екенін білдіреді.

«Ұлттық банктің 2027 жылға арналған инфляция болжамын 6,5-8,5%-ға дейін кө­теруі тәуекелдердің әлі де жоғары еке­нін аңғартады. Ал инфляцияны 5% ны­са­налы көрсеткішке жеткізу енді 2028 жылға қарай күтіліп отыр. Сол себепті қазіргі тө­мендетуді ақша-кредит саясатын кең кө­­­лемде жұмсартудың белгісі деп баға­лау­ға болмайды. Бұл – ең алдымен инфляция­ның соңғы көрсеткіштерінің жақсаруына бе­рілген сақ реакция. 23 қазандағы оты­рыс­қа дейін проинфляциялық факторлар қай­та күшейсе, Ұлттық банк төмендетуді жалғастырмауы мүмкін. Мұндай жағдайда базалық мөлшерлемені 16,25% деңгейінде сақ­тау ең ықтимал шешім болады», – деп қорытындылады сарапшы.

Демек, мөлшерлеменің төмендеуі эко­номика үшін жағымды белгі болғанымен, ар­зан несие кезеңі басталды деуге негіз жоқ. Ұлттық банк инфляцияның баяула­ға­нын мойындап, қатаң саясаттың қысы­мын аздап жеңілдетті. Бірақ баға тұрақты­лы­ғына төнетін қатерлер әлі сақталып отыр. Ендігі бағыт тарифтерге, бюджет шы­ғындарына, жанармай бағасына, теңге бағамына және халықтың инфляциялық күту­леріне байланысты болады. Егер бұл көр­сеткіштер тұрақты болса, мөлшер­ле­ме­ні біртіндеп төмендетуге мүмкіндік туа­ды. Ал инфляция қайта күшейсе, реттеуші үзіліс жасап, қазіргі деңгейге қайта оралуы ықтимал.

Кәмила ЕРКІН