«Әділет» партиясынан сайланған Құрылтай депутаттары 2026-2027 оқу жылының басталуына арналған салтанатты жиындарға қатысты. Елорда мен Ақмола облысының мектептеріне партияның 50-ге жуық депутаты барды. Олар оқушылармен, ата-аналармен және ұстаздармен кездесіп, барша қауымды Білім күнімен құттықтады әрі мектептегі білім беруді дамыту мәселелерін талқылады, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
«Әділет» партиясының фракция жетекшісінің орынбасары Лаура Қарабасова Астананың Алматы ауданында орналасқан Сырбай Мәуленов атындағы №37 мектеп-лицейіне барды. Ол Мемлекет басшысының білім сапасын арттыру мен оқушыларды қолдауға айрықша көңіл бөліп отырғанын тілге тиек етті. Соңғы бес жылда елімізде 1 миллионнан астам оқушыға арналған 1200-ден астам заманауи мектеп салынды. Сондай-ақ халықаралық мектеп олимпиадаларының жүлдегерлеріне біржолғы ақшалай сыйақы тағайындалды.
«Жақында халықаралық пәндік олимпиадалардың жеңімпаздарымен кездесуде Президент: «Қазақстанның жарқын болашағы білімді, жан-жақты әрі талантты жастардың қолында» деді. Бұл сөздердің әрқайсыңызға тікелей қатысы бар. Сіздер технология мен жасанды интеллект күнделікті өмірімізге дендеп еніп жатқан кезеңде өсіп келесіздер. Алайда технология адамды ешқашан алмастыра алмайды. Сондықтан оларды сауатты қолдануды үйреніп, гуманитарлық және инженерлік-техникалық бағыттарды қатар меңгеріп, өздеріңіз үшін жаңа мүмкіндіктер ашу маңызды», – деді Лаура Қарабасова.
Депутат ұстаздарға да арнайы тоқталып, мұғалімнің қоғамды дамытудағы және жаңа ұрпақты тәрбиелеудегі айрықша рөлін атап өтті. Оның айтуынша, педагогтерді қолдау және олардың мәртебесін арттыру мемлекеттік саясаттың маңызды бағыты.
Ақмола облысында депутаттар Юлия Кучинская мен Амантай Жарқынбек Целиноград ауданына қарасты Қаражар ауылындағы мектеп-лицейге барып, физика, химия, еңбекке баулу, робототехника және жасанды интеллект кабинеттерінің құрал-жабдықтарын қарап шықты. Ал Ерқанат Мұсылманбек пен Айнагүл Балташева Қосшы қаласындағы №2 мектеп-гимназияға барды.
Депутаттар білім беру жүйесінің алдында тұрған бүгінгі міндеттерге тоқталды. Оқыту сапасын арттыру мен мектеп инфрақұрылымын дамыту «Әділет» партиясының бағдарламасында да маңызды орын алады. 2031 жылға дейін кемінде 300 мың жаңа оқу орны ашылып, 60 бейінді мектеп құру және тірек мектептер желісін дамыту көзделген. Бұл бастамаларды жүзеге асыру, мектеп инфрақұрылымын жаңғырту және педагогтерді қолдау шаралары Құрылтайдағы «Әділет» фракциясы депутаттарының назарында болады.









