Теміртау мен Балқашта жаңа театр филиалдары ашылады

Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев Теміртау мен Балқаш қалаларында Сәкен Сейфуллин атындағы Қазақ драма театрының филиалдарын ашу мәселесін қарастыруды тапсырды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Жаңа мәдениет ошақтарының жұмысында балалар мен жастарға айрықша мән беріліп, театр қойылымдарын білім беру үдерісімен ұштастыру көзделіп отыр. Бұл туралы өңір басшысы дәстүрлі тамыз конференциясында мәлімдеді.

Бүгінде мәдениет мекемелерінің басым бөлігі Қарағанды қаласында шоғырланған. Осыған байланысты облыстың өзге қалаларындағы тұрғындар үшін, әсіресе балалар мен жастарға мәдениет пен өнерге қолжетімділікті арттыру маңызды.

– «Адал азамат» тұжырымдамасының негізінде мәдениет пен тәрбие жатыр. Сондықтан қолда бар мүмкіндіктерді тиімді пайдаланып, облыстың басқа өңірлеріндегі мәдениет ұйымдарының желісін кеңейту қажет. Мәдениет басқармасына Теміртау және Балқаш қалаларының әкімдерімен бірлесіп, Сәкен Сейфуллин атындағы Қазақ драма театрының филиалдарын ашу мәселесін жан-жақты қарастырып, нақты ұсыныстар енгізуді тапсырамын, – деді Ермағанбет Бөлекпаев.

Өңір басшысы театрлар мен өзге де мәдениет мекемелеріне баруды білім беру үдерісінің ажырамас бөлігіне айналдыру қажеттігін атап өтті. Оның айтуынша, театр қойылымдары оқушылардың бос уақытын тиімді ұйымдастырумен шектелмей, оқу бағдарламасын толықтырып, олардың рухани-адамгершілік тәрбиесіне ықпал етуі тиіс. Сонымен қатар спектакльдер арқылы «Адал азамат» тұжырымдамасының негізгі идеяларын жас ұрпаққа кеңінен насихаттау көзделеді.