Магомед Әдиев Қазақстаннан ұсыныс алғанын айтты

Қазақстан ұлттық құрамасының бұрынғы бас бапкері Магомед Әдиев Қазақстаннан жұмыс істеуге ұсыныс түскенін айтты, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Бірақ 49 жастағы маман әзірге бапкерлік қызметке қайта оралмауды жөн көрген.

Әдиев футболдан уақытша үзіліс алуды жоспарлап отырғанын, оның жыл соңына дейін жалғасуы мүмкін екенін жеткізді.

«Өзім үшін үзіліс алуды шештім. Ол шамамен жыл соңына дейін созылады. Маған қайта күш жинап, кейбір ойын сәттерін қайта ой елегінен өткізу қажет. Келесі жобаға жаңа эмоциямен және тың көзқараспен кірісуді қалаймын. Ұсыныстар болды, оның ішінде Қазақстаннан да түсті. Бірақ әзірге біраз демалып алуды шештім», – деді Әдиев.

Бапкер соңғы уақытта Ресей клубтарынан нақты ұсыныс болмағанын да атап өтті.

Әдиевтің соңғы жұмыс орны Беларусьтің «МЛ Витебск» клубы болды. Ол команданы биыл сәуірден маусымға дейін басқарды.

Магомед Әдиев қазақстандық жанкүйерлерге ұлттық құрамамен және Қарағандының «Шахтер» клубындағы жұмысымен жақсы таныс. Оның жетекшілігімен Қазақстан құрамасы Еуро-2024 іріктеу кезеңінде тарихи нәтижеге жақындап, соңғы турға дейін чемпионаттың финалдық кезеңіне шығу мүмкіндігін сақтап қалды.