Кеншілер еңбек қауіпсіздігі, кәсіпорындарды цифрлық жаңғырту, инженерлік кадрларды даярлау, қызметкерлердің әлеуметтік кепілдіктері мен отандық өнеркәсіпті дамыту перспективалары туралы сұрақтарын тікелей қойды. Бұл туралы Aikyn.kz “Әділет” партиясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Партия өкілдері алғаш рет 700 метр тереңдікте жұмыс істеп тұрған көмір шахтасына түсіп көрді. Айбек Дәдебайдың айтуынша, сапардың басты мақсаты – сайлауалды бағдарламаны таныстыру ғана емес, кеншілердің күн сайын қандай жағдайда еңбек етіп жатқанын өз көзімен көру және олардың ұсыныс-пікірлерін тыңдау.
«Бұл жұмыстың қаншалықты ауыр екенін көп естідік. Бірақ бәрін өз көзімізбен көріп, осы жағдайды сезініп, ең бастысы, адамдармен сөйлесіп, олардың сұрақтары мен ұсыныстарын тыңдауды жөн көрдік», – деді партия Төрағасы кеншілерге.
Костенко атындағы шахтаның желдету және қауіпсіздік техникасы учаскесі бастығының орынбасары Жұлдызбек Қойшыбай кәсіпорынның өндірістік қуатын біртіндеп арттырып жатқанын айтты. Жерасты электр слесарі Иван Зайцев саланы цифрлық трансформациялау, білікті кадрлар даярлау және өндірістегі қауіпсіздікті арттыратын технологияларды енгізу мәселесін көтерді. Qarmet Көмір департаментінің директоры Жақан Мұхамеджанов партия өкілдеріне сапары үшін алғыс айтып, саясаткерлердің өндіріс орнына өзі келіп, күн сайын шахтада еңбек ететін адамдармен тікелей пікір алмасуға дайын болуы кәсіпорын қызметкерлері үшін маңызды екенін атап өтті.
«Уақыттарыңыздың тығыздығына, жұмыс кестелеріңіздің қауырттығына қарамастан, бізге келуге мүмкіндік тапқандарыңызға рақмет. Барлық жағдайдың қалай болып жатқанын тікелей осы істің ішінде жүрген адамдардан естіп, түсіну өте маңызды», – деді Жақан Мұхамеджанов.
Кеншілердің ұстанымын «Қорғау» көміршілер кәсіподағының төрағасы Евгений Буслаев та жеткізді.
«Біз үшін «Әділет» партиясы басшылығының шахтаға жеке түсіп, еңбек жағдайын өз көзімен көріп, адамдармен ашық сөйлескені маңызды. Еңбек адамы мемлекеттік саясаттың басты назарында қалуы тиіс. Біз бұл қағидатты партияның сайлауалды бағдарламасында көріп отырмыз», – деді ол.
Кеншілердің сұрақтарына жауап берген Айбек Дәдебай «Әділетті болашақ үшін» бағдарламасы ұзақ уақыт бойы сарапшылармен және түрлі салалардың өкілдерімен бірлесіп әзірленгенін айтты. Бағдарламаны дайындау алдында «Әділет» партиясы өндіріс мамандарымен, инженерлермен, дәрігерлермен, мұғалімдермен, кәсіпкерлермен және өңір тұрғындарымен ондаған кездесу өткізді. Сондай-ақ ол алдағы бес жылға арналған бағдарламаның негізгі бағыттарын таныстырды. Олардың қатарында 1 миллион жаңа сапалы жұмыс орнын құру, тұрғын үйдің қолжетімділігін арттыру, халықтың өмір сүру ұзақтығын ұлғайту, шағын бизнесті қолдау және ауылдарда кәсіпкерлікті дамыту, сондай-ақ елдің энергетикалық қауіпсіздігін нығайту бар. Ол өнеркәсіптік қауіпсіздік мәселелеріне де жеке тоқталды.
«Қауіпсіздік жұмыс ауысымы басталғанға дейін, әрбір учаскеде және жұмыстың әр кезеңінде қамтамасыз етілуі тиіс. Өндірістегі ешбір көрсеткіш адам өмірінен маңызды бола алмайды. Бұл – «Әділет» партиясының берік ұстанымы. Біз заманауи технологиялар ең алдымен адамды қорғауға қызмет етуі керек, ал өнеркәсіптің дамуы еңбек қауіпсіздігі стандарттарын үздіксіз арттырумен қатар жүруі тиіс деп есептейміз», – деді партия Төрағасы.
Айбек Дәдебайдың айтуынша, бағдарламаны әзірлеудің маңызды бөлігі – заманауи цифрлық технологияларды пайдалану. Қазірдің өзінде «Әділет» тұрғындардың өтініштері мен ұсыныстарын талдау үшін жасанды интеллектіні қолданады. Бұл ең өзекті мәселелерді анықтауға және оларды партияның күн тәртібін қалыптастыру кезінде ескеруге мүмкіндік береді.
«Әділетті болашақ үшін» сайлауалды бағдарламасын әзірлеуге өнеркәсіп өкілдерінің қатысқанын Qarmet компаниясының бас директоры Вадим Басин де растады. Оның айтуынша, бағдарламаны әзірлеуге өндіріс мамандары, кеншілер мен инженерлер тікелей атсалысқан. Ірі өнеркәсіп өкілдері алғаш рет сайлау науқаны басталғанға дейін-ақ саяси партиямен саладағы проблемаларды, кәсіпорындарды дамыту жоспарларын және ұсыныстарды ашық талқылауға мүмкіндік алды. Кейін олардың көпшілігі бағдарламаға қосылды.
«Бұл өте маңызды әңгіме болды. Кәсіпорындар көтерген көптеген мәселе бағдарламада оларды одан әрі шешу және мемлекеттік қолдау көрсету тұрғысынан көрініс тапты. Біз үшін металлургия өнеркәсібінің қалай дамитынын және отандық кәсіпорындарға қатысты мемлекеттік саясаттың қандай болатынын түсіну маңызды», – деді Вадим Басин.
Кездесу соңында Айбек Дәдебай партияның өңірлік туры жалғасатынын, ал тұрғындармен кездесу барысында түскен барлық ұсыныстың жан-жақты талданып, алдағы жұмыста ескерілетінін атап өтті. Еңбек ұжымымен кездесуден кейін партия Төрағасы көмір саласы қызметкерлерінің алда келе жатқан кәсіби мерекелерімен құттықтап, олардың жанқиярлық еңбегі, батылдығы және отандық өнеркәсіпті дамытуға қосқан үлесі үшін алғыс айтты.
Партияның қызметі туралы басқа да жаңалықтарды ресми Telegram арнамыздан оқи аласыздар: https://t.me/adilet_partiyasy.









