Түркістан облыстық сайлауалды штаб өкілдері бүгін Бәйдібек ауданына жұмыс сапарымен барды. Үгіт-насихат жұмыстары аясында Тұрақты ауылының тұрғындарымен кездесіп, еркін пікір алмасты. Кездесуге Құрылтай депутаттығына кандидаттар Нұрлан Толыбаев, Нұрсадық Ергешбек, штаб мүшелері Қалыйма Жантөреева, Серік Шалхарұлы, Ләззат Асанова қатысты.
Ашық диалог форматында өткен жиынды «Әділет» партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының орынбасары, облыстық сайлауалды штаб мүшесі Қалыйма Жантөреева жүргізді. Көпшілікке партияның алдағы бес жылға арналған «Әділетті болашақ үшін» сайлауалды бағдарламасындағы негізгі басымдықтар мен нақты мақсаттарды таныстырды.
Жиында партияның Түркістан облыстық филиалының төрағасы, облыстық сайлауалды штаб басшысы, Құрылтай депутаттығына кандидат Нұрлан Толыбаев ауыл шаруашылығын өркендету мен инфрақұрылымды дамытудың маңыздылығына тоқталды. «Ауыл шаруашылығын дамыту дегеніміз – жай ғана өндіріс көлемін арттыру емес. Бұл – ауылдағы әр отбасының тұрмысын жақсарту, шаруаға тұрақты табыс әкелу, оның еңбегін бағалау деген сөз. Біз «Әділет» партиясы ретінде халықтың осындай нақты мәселелерін назардан тыс қалдырмаймыз. Алда еліміз үшін маңызды саяси кезең – Құрылтай сайлауы тұр.
«Әділет» партиясы осы науқанға елдің нақты мәселелерін көтеріп, халықпен ашық диалог орнату мақсатында қатысып отыр. Біз халыққа құр уәде беруге емес, нақты мәселелерді нақты шешімдермен байланыстыруға ұмтыламыз. Сондықтан бүгін біз сіздерге дайын жауап айту үшін емес, сіздердің пікірлеріңізді тыңдау үшін келдік. Өйткені ауылдың шынайы мәселесін ауылда тұрмайтын адам толық біле алмайды. Біз елдің болашағын тек ірі қалалардан іздемеуіміз керек. Қазақстанның болашағы – осындай ауылдарда», – деді Нұрлан Әлішерұлы.
Штаб өкілдері «Әділет» уақыт талабына сай жаңғыруды мақсат еткен жаңа буынның саяси күші екенін атап өтті. «Әділет» партиясының салауатты өмір салтын қалыптастыру мен бұқаралық спортты дамытуды мемлекеттік саясаттың басым бағыты ретінде айқындағаны түсіндірілді. Партияның алдағы бес жылға арналған даму жоспары еліміздің ұзақмерзімді орнықты дамуына бағытталған жеті стратегиялық басымдыққа негізделген. Бағдарламада әр отбасына қолжетімді әрі жайлы тұрғын үй жағдайын жасау, халықтың өмір сүру ұзақтығын кемінде 77 жасқа жеткізу, лайықты еңбекақысы бар 1 миллион сапалы жұмыс орнын құру, орта бизнестің экономикадағы үлесін 20 пайызға дейін ұлғайту, ауылдық жерде тұратын 1 миллион азаматтың табысын арттыру, азық-түлік және энергетикалық қауіпсіздікті толық қамтамасыз ету, сондай-ақ кемінде 5 миллион азаматты жасанды интеллект технологияларын тиімді пайдалануға үйрету секілді нақты мақсат-міндеттер қамтылған.
Кездесуге қатысқан тұрғындар Қаратас пен Теректі жолының қиындығын жеткізді. Сондай-ақ ауыл ақсақалы сөз сөйлеп, партияның бастамаларына қолдау білдірді. «Бақ қайда барасың, ынтымақ сонда барамын» дейді. Бүгін алдымызға кандидаттар келіп, бағдарламамен таныстырды, жағдайды түсіндірді. Біз «Әділет» партиясына сенім артамыз», – деді қария. Ақпараттық-насихаттық топ азаматтарды алдағы саяси науқанға белсене атсалысуға шақырды.
Тұрғындар балабақша және спорт алаңдары туралы ұсыныс айтты
«Әділет» партиясының Жамбыл облыстық сайлауалды штабы Тараз қаласының Бәйтерек шағынауданында тұрғындармен ашық форматта кездесу өткізді. Қоғамдық қабылдауға 250-ге жуық тұрғын қатысып, өздерін толғандырған мәселелер мен ұсыныстарын Қазақстан Республикасы Құрылтайы депутаттығына кандидат Шолпан Қариеваға және облыстық штаб мүшелеріне тікелей жеткізді.
Кездесу барысында тұрғындар шағынауданның тұрмыстық және әлеуметтік инфрақұрылымына қатысты бірқатар мәселені көтерді. Атап айтқанда, қоқыс шығару және тазалық, спорт алаңшасын жаңарту, жақын маңдағы балабақшаларда орын тапшылығы мәселелері сөз болды.
Тұрғындар спорт алаңшасының балалар мен жасөспірімдер үшін маңызды орын екенін айтып, оны жаңартып, заманауи талаптарға сәйкестендіруді ұсынды. Ал балабақшадағы орын тапшылығы жас отбасылар үшін өзекті мәселелердің бірі ретінде айтылды.
Басқосу барысында тұрғындар өз мәселелерін айтып қана қоймай, оларды шешудің нақты жолдары жөніндегі ұсыныстарын да ортаға салды.
Құрылтай депутаттығына кандидат Шолпан Кариева тұрғындармен тікелей кездесудің маңыздылығына тоқталып, халықтың күнделікті өміріне әсер ететін мәселелердің ешқайсысын «ұсақ мәселе» деп қарауға болмайтынын атап өтті.
«Саясаттың шынайы нәтижесі үлкен мінберлерде айтылған сөзбен емес, адамның күнделікті өміріндегі өзгеріспен өлшенеді. Бүгін тұрғындар қоқыс, спорт алаңы, балабақшадағы орын тапшылығы сияқты мәселелерді айтты. Бір қарағанда, бұлар әртүрлі мәселелер. Бірақ барлығының түпкі мәні бір – адамға қолайлы орта қалыптастыру. Біз үшін халықтың нақты сұранысы осыдан басталады», – деді Шолпан Қариева.
Оның айтуынша, тұрғындармен осындай тікелей диалог партияның сайлауалды бағдарламасындағы міндеттерді өңірдің нақты қажеттіліктерімен байланыстыруға мүмкіндік береді.
«Біз халыққа дайын жауап ұсынып қана қоймай, алдымен олардың сөзін тыңдауымыз керек. Себебі мәселенің нақты шешімін сол жерде өмір сүріп жатқан тұрғынның өзі жақсы біледі. Сондықтан бүгін айтылған ұсыныстарды жинақтап қана қоймай, олардың әрқайсысына қандай деңгейде және қандай тетік арқылы жауап беруге болатынын қарастыру маңызды», – деді кандидат.
Кездесу барысында тұрғындарға өз өтініштері мен ұсыныстарын жазбаша түрде қалдыруға мүмкіндік берілді. Қоғамдық қабылдау қорытындысы бойынша, 50-ге жуық өтініш пен ұсыныс арнайы жәшікке жинақталды.
Партия өкілдері тұрғындардың көтерген мәселелері «Әділетті болашақ үшін» сайлауалды бағдарламасындағы қолайлы қалалық орта қалыптастыру, әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту, балалар мен жастарға жағдай жасау және азаматтардың өмір сапасын арттыру бағыттарымен сабақтас екенін атап өтті.
Жамбыл облысында «Әділет» партиясының сайлауалды кездесулері халықпен тікелей байланысқа негізделіп отыр. Соңғы екі аптада облыс бойынша 870-тен астам үгіт-насихат шарасы өткізіліп, 220 мыңға жуық тұрғын қамтылды.
Бәйтерек шағынауданындағы қоғамдық қабылдау барысында түскен ұсыныстар да жүйеленіп, партияның алдағы өңірлік жұмысында ескерілетін болады.
Еңбек адамына тұрақты табыс маңызды
Базардағы бір сауда орны – бір отбасының табысы. Бір кәсіп – бірнеше адамның нәпақасы. Сондықтан кәсіпкерлікті қолдау – экономиканы қолдаудың тікелей жолы.
Қызылордадағы «Қорқыт» базарында «Әділет» партиясының облыстық сайлауалды штабының өкілдері Дәулет Ізбасарұлы, Алтын Есқараева, Жанат Қожарипова тұрғындармен және саудагерлермен кездесті. Кездесу барысында азаматтардың талап-тілектері тыңдалып, кәсіп жүргізуге кедергі келтіретін мәселелер, табыс пен жұмыспен қамту жайы сөз болды.
Базардағы кәсіпкерлер үшін ең маңыздысы – жұмыс істеуге мүмкіндік, тұрақты ереже және артық кедергінің болмауы. Осы мәселелер партияның «Әділетті болашақ үшін» сайлауалды бағдарламасында да нақты көрініс тапқан.
Бағдарламада 2031 жылға дейін әлеуметтік кепілдіктері бар 1 миллион сапалы жұмыс орнын құру міндеті қойылған. Ал орта бизнестің экономикадағы үлесін 20 пайызға дейін жеткізу, кәсіпкерлерге түсетін әкімшілік қысымды азайту және қаржыландыруға қолжетімділікті арттыру ұсынылады.
Облыстық сайлауалды штаб мүшесі Алтын Есқараева базардағы кәсіпкерлермен сөйлесіп, бағдарламаның осы бағыттарына тоқталды.
«Бүгін біз мұнда дайын жауап айту үшін емес, кәсіпкерлердің өзінен мәселені тыңдау үшін келдік. Саудамен айналысып отырған әр азамат өз кәсібімен бірге бірнеше отбасының әл-ауқатына әсер етеді. Сондықтан кәсіпкерге кедергі азайып, жұмысын кеңейтуге мүмкіндік көбейгені маңызды. «Әділет» партиясының бағдарламасында бұл мәселелер нақты көрсеткіштермен белгіленген. 2031 жылға дейін 1 миллион сапалы жұмыс орнын құру, орта бизнестің экономикадағы үлесін 20 пайызға жеткізу – жай ұран емес, өлшенетін мақсаттар», – деді Алтын Есқараева.
Кездесу барысында тұрғындарға партияның сайлауалды бағдарламасының негізгі басымдықтары түсіндіріліп, жастар штабы мүшелерімен үгіт материалдары таратылды. Азаматтар өздерін толғандырған мәселелерін айтып, ұсыныстарын білдірді.
«Әділет» партиясының ұстанымы айқын: еңбек еткен адамға мүмкіндік, кәсіпкерге қолайлы орта, азаматқа тұрақты табыс қажет.
Семейде кәсіпкерлер мен қала тұрғындары бизнеске кедергі келтіретін мәселелерді ашық айтты
Қаланың экономикалық белсенділігі ең алдымен күн сайын еңбек етіп жүрген кәсіпкерлердің жұмысынан көрінеді. Семейдегі «Океан» сауда орталығында өткен экспромт-кездесуде кәсіпкерлер мен тұрғындар өздерін толғандырған мәселелерді айтып, нақты ұсыныстарын жеткізді.
Кездесуді «Әділет» партиясының облыстық сайлауалды штабы ұйымдастырды. Шараға Құрылтайға кандидат Шалқар Байбеков, штаб мүшесі Эльмира Жүрсінбекқызы, сауда және шағын бизнес өкілдері, қала тұрғындары мен партия белсенділері қатысты.
Тараптар шағын және орта бизнесті қолдау, жаңа жұмыс орындарын ашу, адал бәсекені дамыту және кәсіпкерлерге түсетін әкімшілік жүктемені азайту мәселелерін талқылады. Құрылтайға кандидат Шалқар Байбеков кәсіпкерлікті қолдау тек бизнестің емес, тұтас қаланың дамуына әсер ететінін атап өтті.
«Әділет» партиясы кәсіпкерге артық кедергі емес, жұмыс істеуге мүмкіндік керек деп санайды. Адам өз ісін ашып, еңбегімен табыс тапса, ол тек өз отбасына емес, қалаға да пайда әкеледі. Жаңа жұмыс орындары ашылады, қызмет көрсету сапасы артады, жергілікті экономика жанданады. Сондықтан партия кәсіп бастауға қолайлы жағдай жасап, шағын және орта бизнесті қолдауды, адал бәсекеге жол ашуды және кәсіпкерлерге түсетін артық әкімшілік жүктемені азайтуды маңызды міндет деп санайды», – деп атап өтті кандидат.
Өз кезегінде Эльмира Жүрсінбекқызы тұрғындар мен кәсіпкерлердің күнделікті тәжірибесінен туындайтын ұсыныстардың маңызын атап өтті. Оның айтуынша, мұндай ашық кездесулер нақты мәселелерді жергілікті деңгейде түсінуге мүмкіндік береді.
Кездесу барысында сауда орталығының қызметкерлері мен келушілер кәсіпкерлікпен қатар әлеуметтік мәселелерге қатысты сауалдарын қойып, өз ұсыныстарын ортаға салды.










