Атырау жұртына жанармай жеткілікті ме?

Дәл қазіргі қалыптасқан кар­ти­наны қарасақ, Ресейде жанар­май тапшылығы күшейіп, тіпті бірқатар өңірде бензин мен ди­зель сатуға шектеу қойылып жа­тыр. Әлеуметтік желілерде та­ра­ған фото-видеолардан жанармай құю бекеттеріндегі ұзын-сонар ке­зекті көруге болады. Тіпті, Ре­сей­дің кейбір аймақтарында тәр­тіпті қамтамасыз ету үшін қо­сым­ша күш тартылғаны туралы да ақ­параттар бар.

Шекарадағы жаңа қатер

Қазақстан мен Ресей нары­ғын­дағы жанармай бағасының айырмашылығы бұрыннан бел­гі­лі. Қазақстанда бензин арзанырақ бол­ғандықтан, оны заңсыз ше­ка­ра асыру әрекеттері бірлі-жарым бол­са да тіркеледі. Еліміздің құ­қық қорғау органдары көліктеріне қо­сымша жанармай бактарын ор­натып, отынды Ресейге та­сы­малдауға тырысқан азаматтарды жиі анықтауда. Ресми мәлі­мет­терде Ішкі істер министрлігінің мем­лекеттік шекарадағы бақы­лау­ды күшейткені айтылады. Бү­­­­­гінде автомобиль өткізу бекет­те­рінің маңында 59 полиция бе­ке­ті тәулік бойы сапта тұр. Поли­цей­лер мемлекеттік кірістер ор­­­­­ган­дары­мен және басқа да қыз­меттермен бірлесіп, шека­ра­дан өтетін көліктерді тексеруде. Іш­кі істер министрлігі жыл ба­сы­нан бері заңсыз қайта жаб­дық­тал­ған 255 көлікті анықтаған­да­рын мәлімдеді. Оның 195-і шетел азаматтарына, 60-ы Қазақстан аза­маттарына тиесілі. Барлық жүр­гізуші әкімшілік жауапкер­ші­лікке тартылып, заңсыз орна­тыл­ған қосымша жанармай бактары алы­нып тасталған. 

Астраханьмен шектесетін Аты­рау өңірінде бақылау бұрын­ғы­дан да күшейтіліп отыр. Құр­ман­ғазы ауданындағы «Шеп» бе­кетінде полиция қызмет­кер­ле­рі, арнайы жасақ, кинологиялық қызмет және мемлекеттік кірістер де­партаментінің мамандары тәу­лік бойы жұмыс атқаруда. Атырау облыстық Полиция департамен­тінің баспасөз хатшысы Мейірім Ердәулеттің айтуынша, барлық кө­л­ік құралдары белгіленген тәр­тіппен тексеріліп жатыр.

«Қайта жабдықталған көлік­тер, қосымша бактар және заңсыз конструкциялық өзгерістер ерек­ше назарға алынуда. Сонымен қа­тар кедендік бақылау мен қыз­меттік иттердің көмегімен заңсыз жүк­терді анықтау жұмыстары қа­тар жүргізілуде», – деді ол.

Құрманғазы ауданының әкімі Абат Жанғалиевтің айтуынша, қа­зір шекаралық өңірде жа­нар­майға байланысты дүрбелең жоқ. Әзірге жаппай сатып алу немесе қор жинау жағдайлары тіркел­меп­ті. Жанармай бекеттерінде ахуал тұрақты.

Сарапшылардың секемі бар

Экономист Әлішер Бей­сем­баевтың пікірінше, қа­зір Қазақстанда жанармай тап­шылығы байқалмайды. Алайда Ресейдегі жағдай ұзаққа созылса, ж­а­нама әсері болуы мүмкін.

– Қазақстанның мұнай өңдеу зауыттары ішкі нарықты толық қам­тамасыз етіп отыр. Бірақ ше­ка­радағы баға айырмашылығы заң­сыз тасымалдың артуына ық­пал етеді. Сондықтан мемлекеттің ба­қылауды күшейткені – уақы­ты­лы қабылданған шешім. Егер Ре­сейдегі тапшылық бірнеше ай­ға созылса, шекаралас өңір­лер­де сұраныс өсіп, алыпсатарлық тәуе­келі пайда болуы мүмкін. Сон­дықтан ішкі нарықты қорғау бас­ты міндет болып қала береді, – дейді сарапшы.

Оның айтуынша, қазір қауіп­тің негізгі көзі – өндіріс емес, заң­сыз экспорт. Осы тұста баға жайы­ның басы қылтиып шыға ке­леді. Шілде айының басындағы де­ректерге сәйкес, Қазақстанда АИ-92 бензинінің орташа бағасы ша­мамен 240 теңге болса, Ресейде ол екі есеге жуық қымбат. Дизель отыны бойынша да айырма­шы­лық айтарлықтай. Экономистер дәл осы фактор жанармайды заң­сыз тасымалдауға итермелейтін бас­ты себеп екенін айтады. Егер көр­­ші елдегі тапшылық тереңдей түссе, шекаралас өңірлердегі сұра­­ныс артып, көлеңкелі сауда кү­­шеюі ықтимал. Мұндай жағ­дай­­да мемлекетке бақылауды одан әрі күшейтуге тура келеді.

Ресейдегі ахуалдың тағы бір ық­­тимал салдары – ло­гис­­тика шы­ғындарының артуы. Атырау об­лысына азық-түлік пен тұр­мыс­­тық тауарлардың едәуір бө­лі­гі Ресейдің Астрахань облысы ар­қылы жеткізілетіні бұрыннан бел­­гілі. Егер көрші елде жанармай ба­­ғасы өсе берсе, автотасы­мал­дау­шылардың шығыны да арта­ды.

Кейбір логистикалық ком­паниялар жанармай шы­ғы­нының көбеюіне байланысты та­сымал тарифтерін көтеру қа­жет­тігін айтып үлгерді. Бұл азық-тү­лік пен күнделікті тұтынатын тауар­лардың бағасына әсер етуі мүм­кін. Сол секілді қарапайым кө­лік жүргізушілері де алаңдап жүр. Әйтсе де, атыраулық такси жүр­гізушісі Нұрлан Сәрсенов кейін­гі күндері жанармай бекет­те­рінде ерекше өзгеріс байқамаға­нын айтты.

– Қазір бензин бұрынғыдай са­тылып жатыр. Кезек жоқ. Бірақ әлеу­меттік желідегі түрлі ақпарат адам­дарды алаңдатып отыр. Егер жал­ған ақпарат көбейсе, халық ал­дын ала жанармай құя бастай­ды. Нағыз тапшылық көбіне дүр­бе­леңнен туындайды, – дейді ол.

Ал халықаралық бағытта жүк та­­сымалымен айналысатын Ер­мек Қожахметов шекарадағы ба­қылаудың күшейгенін қол­дай­ды.

– Кейінгі уақытта көліктерді бұрынғыдан мұқият қарайды. Әсіре­се, қосымша бактарға ерек­ше назар аударылады. Бұл – дұ­рыс. Өйткені арзан жанармай сырт­­қа кетсе, ең алдымен өзіміз зар­­дап шегеміз. Мемлекет ішкі на­­рықты қорғауы керек, – дейді жүргізуші.

Мұнай өңдеудің маңызы

Қазір Атырау мұнай өңдеу зауы­­ты өндірісті жаңғыртып жа­тыр. Елдегі негізгі кәсіпорындар­дың бірі саналатын кешеннің жұ­­мысы қазір жүйелі. Кәсіп­орын­ның бас директоры Қуаныш Бишімовтің айтуынша, өндірістік қауіпсіздік талаптарына сәйкес негізгі технологиялық қондыр­ғы­лар толық тексеріліп жатыр. Реак­торлар, колонналар, жылу ал­мастырғыштар жаңартылып, бір­қатар жабдыққа жаңа катали­за­торлар орнатылуда.

Сонымен қатар жеңіл мұнай өнімдерін өндіру көлемін арттыру үшін вакуумдық колонналардың ішкі құрылғылары жаңғыртылуда. Ма­мандардың айтуынша, бұл жұ­мыстар болашақта өндіріс тиім­ділігін арттырып, ішкі на­рық­ты тұрақты қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Энергетика министрлігі Қа­зақстанда бензин тап­шылығы болмайтынын бірнеше рет мәлімдеді. Вице-министр Қайыр­хан Тұтқышбаевтың ай­туын­ша, «Ресейге 50 мың тонна бен­зин гуманитарлық көмек ре­тінде жіберіледі» деген ақпарат шын­дыққа жанаспайды.

Сондай-ақ Қазақстан әзірге Ре­сейден бензин импорттамайды. Ел­дегі үш мұнай өңдеу зауыты іш­кі сұранысты толық қамта­ма­сыз етіп отыр. Министрлік дере­гі­не сәйкес, қазір қажетті жанар­май қоры жеткілікті және 2026 жыл­дың соңына дейін тапшылық күтілмейді.

Сонымен бірге шекаралық ба­қылау жалғасады. Бүгінде шет­ел­дік жеңіл және жүк көліктерінің Қазақстан аумағына тәулігіне бір рет­тен артық кіруіне шектеу қойыл­ған. Бұл шаралар жанар­май­дың көлеңкелі экспортының ал­дын алуға бағытталған.

Қорыта айтқанда, Ресейдегі жа­нармай тапшылығы әзірге Қа­зақстандағы жағдайға тікелей әсер еткен жоқ. Ішкі нарықта бен­­­зин қоры жеткілікті, мұнай өң­деу зауыттары қалыпты режим­де жұмыс істеп тұр. Дегенмен Қа­­­зақстан үшін негізгі қауіп – өн­діріс тапшылығы емес, баға айыр­машылығын пайдаланып, жанармайды заңсыз сыртқа шы­ғаруға тырысатындардың көбеюі. Сондықтан шекарадағы бақы­лау­дың күшеюі, заңсыз қайта жаб­дық­талған көліктерге қарсы рейд­тердің жалғасуы және ішкі нарықты қорғауға бағытталған шаралар алдағы кезеңде де өзекті болмақ. Мамандар да халықты дүр­белеңге ермеуге шақырып отыр. Ал мемлекеттік органдар­дың басты міндеті – елдегі жа­нармай қорын сақтап, Қазақстан азаматтарын отынмен үздіксіз қамтамасыз ету.

Баян ЖАНҰЗАҚОВА, Атырау облысы