Мемлекет басшысы, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың экономиканың басым секторларына сапалы шетелдік инвестициялар тарту жөніндегі тапсырмасын іске асыру мақсатында «KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ инвесторлармен жұмыс істеу және инвестициялық жобаларды алғашқы келіссөздерден бастап толық іске қосылғанға дейін кешенді сүйемелдеуді қамтамасыз ететін ұлттық оператор қызметін атқарады.
Осы жүйелі жұмыстың нәтижесінде Қазақстан Орталық Азиядағы жетекші инвестициялық хабқа айналды. Бүгінде өңірге тартылған тікелей шетелдік инвестициялардың жинақталған көлемінің шамамен 70%-ы Қазақстанның үлесіне тиесілі. Біріккен Ұлттар Ұйымының Сауда және даму жөніндегі конференциясының (ЮНКТАД, United Nations Conference on Trade and Development) деректеріне сәйкес, 2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан экономикасындағы тікелей шетелдік инвестициялардың жинақталған көлемі 156,4 млрд АҚШ долларына жетті. Бұл елдің жалпы ішкі өнімінің шамамен 51%-ын құрайды және дамушы елдер арасындағы инвестициялық интеграцияның ең жоғары деңгейлерінің бірі саналады.
Сонымен қатар Қазақстанға тікелей шетелдік инвестициялар ағыны тұрақты деңгейде сақталуда. 2026 жылдың бірінші тоқсанында олардың көлемі 6,3 млрд АҚШ долларын құрап, Қазақстанның Орталық Азиядағы тікелей шетелдік инвестицияларды ең көп тартқан ел ретіндегі мәртебесін тағы бір мәрте растады. Инвестициялар құрылымында шикізаттық емес салалардың үлесі айтарлықтай артты. Атап айтқанда, тамақ өнімдері, сусындар және темекі өнімдері өндірісіне тартылған шетелдік инвестициялар бес есеге жуық өсіп, 405 млн АҚШ долларына жетті. Құрылыс, қойма және көлік-логистика инфрақұрылымына бағытталған инвестициялар көлемі де бес еседен астам ұлғайды. Сауда саласына тартылған инвестициялар 19,2%-ға, мұнай мен газ өндіру саласына салынған инвестициялар 13,8%-ға артты. Дегенмен шешуші мәнге инвестициялардың көлемі ғана емес, олардың сапалық құрылымы да ие. Ең жоғары өсім қосылған құнды қалыптастыруға және ішкі өндірісті дамытуға бағдарланған салаларда байқалады. Олардың қатарында тамақ өнеркәсібі, логистика, құрылыс, машина жасау, ауыл шаруашылығы және құрылыс материалдарын өндіру бар.
«KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы Сұлтанғали Кенжеқұлов атап өткендей: «Инвестициялардың шынайы құндылығы салынған қаражат көлемімен емес, олардың ел экономикасының құрылымын қаншалықты өзгерте алатынымен айқындалады. Егер инвестициялар жаңа өндірістерді іске қосып, технологиялар трансферін қамтамасыз етіп, адами капиталдың құзыреттерін дамытып әрі экспорттық әлеуетті күшейтсе, онда олар ұзақмерзімді экономикалық өсудің негізгі қозғаушы күшіне айналады».
Жаһандық инвестициялық үрдістер: капиталға қойылатын талап өзгерді
Біріккен Ұлттар Ұйымының Сауда және даму жөніндегі конференциясының деректеріне сәйкес, 2025 жылы әлемдегі тікелей шетелдік инвестициялар ағыны 14%-ға артқанымен, нақты инвестициялық белсенділік баяулады. Трансшекаралық мәмілелер көлемі 10%-ға, халықаралық жобалық қаржыландыру 16%-ға қысқарды, сондай-ақ жаңа greenfield жобаларының саны да 16%-ға азайды. Дамыған елдерге тартылған инвестициялар көлемі 43%-ға өсті. Ал дамушы мемлекеттерде бұл көрсеткіш жиынтық түрде 2%-ға төмендеді әрі ең аз дамыған елдердің төрттен үшінде инвестициялар көлемі не тоқырауға ұшырады, не қысқарды. Бұл жаһандық капиталдың жай өсіп қана қоймай, барған сайын белгілі бір салалар мен елдерге шоғырланып бара жатқанын көрсетеді. Соның нәтижесінде, өндірістік инвестициялар үшін бәсекелесе алатын мемлекеттердің қатары тарылып, олардың арасындағы бәсеке күшейе түсуде. Бүгінде капитал негізінен деректерді өңдеу орталықтары, жартылай өткізгіштер өндірісі және цифрлық инфрақұрылым сияқты жоғары технологиялық салаларға бағытталуда.
Бұл үрдіс мемлекеттік инвестициялық саясаттың мазмұнына да жаңа талаптар қояды. Капитал мол кезеңде мемлекеттер инвесторларды негізінен салықтық жеңілдіктер, тарифтік саясат және әкімшілік рәсімдердің қолайлылығы арқылы тартуға ұмтылады. Ал капитал талғампаз бола бастаған жағдайда мұндай артықшылықтар маңызды болғанымен, өздігінен жеткіліксіз. Жоғары технологиялық сектордағы инвестор үшін шешуші фактор – қысқа мерзімде қалыптастыру мүмкін емес кешенді артықшылықтар. Олардың қатарында сенімді энергиямен қамтамасыз ету, дамыған инфрақұрылым, тиімді логистика, білікті кадрлар және мемлекеттің болжамды әрі тұрақты саясаты бар.
Сондықтан инвестициялық саясат бүгінде жекелеген салаларды қолдау құралы ғана емес, алдағы онжылдықтарда ұлттық экономиканың құрылымы мен бәсекеге қабілеттілігін айқындайтын стратегиялық факторға айналып отыр.
Мүмкіндіктер кезеңі: неге дәл қазір?
Әлемдік ауқымдағы бірнеше үдерістің қатар тоғысуы Қазақстан үшін сирек кездесетін мүмкіндіктер кезеңін қалыптастырды. Жаһандық жеткізу тізбектерінің қайта құрылуы және есептеу инфрақұрылымына деген сұраныстың артуы жаңа өндірістерді қай елде орналастыру жөніндегі шешімдер қайта қаралатын кезеңді бастап берді. Оның үстіне мұндай шешімдер шектеулі уақыт аралығында қабылданады.
Қазақстанның бәсекелестік артықшылықтары айқын. Еліміз Қытай, Орталық Азия, Кавказ және Еуропа арасындағы маңызды көлік-логистикалық торапта орналасқан. Бірнеше нарыққа қатар өнім жеткізетін өндірістер үшін бұл тасымал шығындарын едәуір қысқартуға мүмкіндік береді. Қазақстанның энергетикалық әлеуеті энергияны көп қажет ететін өндірістік және цифрлық жобаларды орналастыруға қолайлы жағдай жасайды. Ал деректерді өңдеу орталықтары үшін еліміздің климаттық ерекшеліктері қосымша артықшылық болып саналады, өйткені ол жабдықтарды салқындатуға жұмсалатын шығындарды төмендетуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар мемлекет ірі инвестициялық жобаларды сүйемелдеудің тиімді тетіктерін, арнайы экономикалық аймақтардың жеңілдікті режимін және өндірісті жергіліктендіруді қолдау құралдарын ұсынып отыр.
Дәл осы факторлардың үйлесімі – қолайлы географиялық орналасу, қуатты энергетикалық база, деректерді өңдеу орталықтарын дамытуға қолайлы климат және инвестициялық жобаларды кешенді қолдау жүйесі – Қазақстанның инвестициялық тартымдылығын айтарлықтай күшейтіп отыр.
Мұны шетелдік инвестициялар құрылымы да айқын көрсетеді. Қазақстанға тартылған тікелей шетелдік инвестициялардың үштен екісінен астамы Нидерланд, Ресей, Біріккен Араб Әмірліктері, Қытай, Катар және АҚШ елдерінің үлесіне тиесілі. Сонымен қатар АҚШ-тан тартылған инвестициялар көлемі 485,3 млн АҚШ долларына жетсе, Швейцариядан келген инвестициялар 2,3 есеге, ал Сингапурдан тартылған капитал 70,4%-ға өсті.
Шанхай келісімдер топтамасы: жаһандық капитал қандай жобаларға басымдық беруде?
Мемлекет басшысының Шанхай қаласына жұмыс сапары аясында жалпы құны 15 млрд АҚШ долларынан асатын 88-ден астам коммерциялық құжатқа қол қойылды. Бұл келісімдер жасанды интеллект, цифрландыру, көлік инфрақұрылымы, қаржы, агроөнеркәсіптік кешен, машина жасау және басқа да жоғары технологиялық салаларды қамтиды. Аталған келісімдердің құрылымы бүгінде жаһандық капиталдың Қазақстандағы қай бағыттарды стратегиялық басымдық ретінде қарастыратынын айқын көрсетеді.
Есептеу инфрақұрылымы және жасанды интеллект. Huawei компаниясымен жасалған келісім суперкомпьютерлік кластер құруды, бұлтты технологияларды дамытуды және білікті кадрлар даярлауды көздейді. Сонымен қатар «Қазақтелеком» АҚ мен Hengtong Group Екібастұзда қалыптасып жатқан Деректерді өңдеу орталығы алқабы (ДӨО) кластері үшін оптикалық инфрақұрылым компоненттерін өндіру жобасын іске асырады.
Өңдеуші өнеркәсіпті дамыту. Жобалар литий-ионды аккумуляторлар өндірісін жолға қоюды, кремний кластерін қалыптастыруды, металлургия өндірістерін жаңғыртуды, автомобиль өндірісін жергіліктендіруді, ауыл шаруашылығы машинасын жасауды және көмір-химия кешендерін дамытуды қамтиды.
Өндірісті дамытудағы энергетиканың рөлі. Гидроаккумуляциялық электр станциясы, қуаты 1 ГВт-қа дейінгі жел электр станциялары және бу-газ қондырғылары болашақ өнеркәсіптік жобаларды сенімді энергиямен қамтамасыз ететін инфрақұрылымды қалыптастырады.
Көлік және логистика. Құрық портындағы терминал, Ақтаудағы контейнерлік хаб, Қорғас бағытындағы жобалар және Астанадағы LRT желісінің екінші кезеңі елдің көлік-логистикалық әлеуетін күшейтуге ықпал етеді.
Білім беру және ғылыми әлеует. Жоғары оқу орындары мен технологиялық компаниялар арасында жиырмаға жуық келісім жасалды. Олар жасанды интеллект зертханаларын құруды, робототехника саласын дамытуды, қос дипломды білім беру бағдарламаларын енгізуді және академиялық ұтқырлықты кеңейтуді көздейді.
Алдыңғы жылдардағы ынтымақтастық үлгісінен басты айырмашылық айқын байқалады. Бұған дейінгі өзара іс-қимыл негізінен сауда байланыстары мен жекелеген инвестициялық жобаларға бағытталса, бүгінгі келісімдер мазмұны жағынан мүлде жаңа деңгейге көтерілді. Оның өзегінде бірлескен өндірістер құру, технологияларды енгізу, өндірісті жергіліктендіру және ғылыми-білім беру әлеуетін дамыту тұр. Сонымен бірге KAZAKH INVEST компаниясының бағалауынша, қол қойылған келісімдер – инвестициялық үдерістің қорытындысы емес, оның бастамасы ғана. Алдағы кезеңде жобаларды жан-жақты пысықтау, түпкілікті келісімшарттар жасау және өндіріс нысандарын салу жұмыстары жүргізіледі. Сондықтан мәлімделген инвестициялардың нақты өндірістерге айналуы, ең алдымен, осы кезеңдегі жұмыстың сапасына байланысты болады.
Инвестициялар туралы келісім: болжамдылықты қамтамасыз ететін тетік
Қазақстанда 2021 жылдан бастап іске қосылған Инвестициялар туралы келісім тетігі ірі стратегиялық жобаларды қолдаудың маңызды құралдарының біріне айналды. Бұл механизм инвестиция көлемі 32 млрд теңгеден асатын жобаларға қолданылады және инвестициялық циклдің барлық кезеңінде инвестор үшін тұрақты әрі болжамды құқықтық жағдайларды қамтамасыз етеді. Әсіресе өтелу мерзімі он жылдан асатын ауқымды жобалар үшін мұндай тұрақтылық қосымша артықшылық қана емес, инвестициялық шешім қабылдаудағы шешуші факторлардың бірі саналады.
Инвестициялар туралы келісімдер санының өсуі бұл тетіктің тиімділігін айқын көрсетеді. Егер 2022-2023 жылдары мұндай келісімдер саусақпен санарлық болса, 2025 жылы олардың саны 30-ға жетті. Бұл инвесторлардың аталған механизмге деген сенімінің артып келе жатқанын аңғартады.
Бүгінде инвестициялар туралы келісімдер фармацевтика, энергетика, металлургия, агроөнеркәсіптік кешен, инфрақұрылым және денсаулық сақтау сияқты стратегиялық салаларды қамтиды. Тек биылдың өзінде фармацевтика саласында жеті ірі жоба бойынша келісім жасалды. Бұл – Қазақстандағы дәрілік заттардың 80%-дан астамы импортталатынын және Мемлекет басшысы отандық өндірістің ішкі нарықтағы үлесін 50%-ға дейін жеткізу міндетін қойғанын ескерсек, аса маңызды қадам. Мұндай жобалардың нәтижесі тартылған инвестиция көлемімен ғана емес, денсаулық сақтау жүйесінің импортқа тәуелділігін азайтуымен және өңірлік нарықтарда экспорттық әлеуеттің қалыптасуымен өлшенеді.
Осындай тәсіл басқа салаларда да жүйелі түрде қолданылып келеді. Инвестициялық жобалар экономиканың әлсіз тұстары мен еліміздің табиғи және өндірістік артықшылықтары тоғысатын бағыттарға шоғырлануда. Фармацевтикадағы импортқа тәуелділік – дәрілік препараттар өндірісін дамытуға, астық экспортының негізінен шикізаттық сипаты – терең өңдеу өндірістерін кеңейтуге, ал көмір экспорты – металлургияға қажетті кокс өндірісін дамытуға мүмкіндік береді. Осының нәтижесінде инвестициялық саясат қосымша капитал тарту құралы ғана емес, экономиканы әртараптандыруға және оның құрылымын сапалы жаңғыртуға ықпал ететін стратегиялық тетікке айналып отыр.
Сапалы капитал – стратегиялық басымдық
«Мемлекет басшысы айқындаған стратегиялық бағыт шикізаттық модельден жоғары деңгейде өңделген, қосылған құны жоғары экономикаға көшуді көздейді. Экономиканы өзгертетін – инвестициядан кейін елде қалатын нақты нәтиже: жаңа өндірістер, технологиялар трансфері, қалыптасқан құзыреттер және экспорттық әлеуеттің нығаюы», – дейді KAZAKH INVEST басшысы Сұлтанғали Кенжеқұлов.
Мәселен, құны бірдей екі инвестициялық жоба ел экономикасына мүлде әртүрлі нәтиже беруі мүмкін. Бұл өндірістік тізбектің қандай бөлігі елімізде орналасатынына, технологиялардың берілуіне, жаңа құзыреттердің қалыптасуына және өндірілген өнімнің экспортқа бағдарлануына байланысты. Сондықтан бүгінде инвестициялық жобаларды бағалауда өндірісті жергіліктендіру, технологиялар трансфері, ғылыми-зерттеу құрамдасы мен кластерлік тиімділік сияқты факторлардың маңызы артып келеді. Кәсіби ортада мұндай инвестициялар «ақылды инвестициялар» деп аталады. Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, зәкірлі инвесторлар келген жерде олардың соңынан жабдық өндірушілер, логистикалық операторлар, қаржы институттары мен өндірістік серіктестер де келеді. Бүгінде мұндай үрдіс Қазақстанда да айқын байқала бастады. Осыған сәйкес мемлекеттік инвестициялық саясаттың басымдығы да өзгеріп келеді. Ендігі мақсат – жекелеген кәсіпорындарды тартумен ғана шектелмей, жасанды интеллект пен цифрлық экономика, ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу, жаңа материалдар өндірісі, робототехника және «жасыл» өнеркәсіп бағыттарында тұтас өндірістік экожүйелерді қалыптастыру. Өйткені дәл осындай экожүйелер елдің жаһандық қосылған құн тізбектеріндегі орнын айқындап, экономиканың күрделілік деңгейін арттырады.
Мұндай логика бүгіннің өзінде Fufeng Group, Lihua Group және Dalian Hesheng Holdings компанияларының жобаларында нақты көрініс тауып отыр. Аталған жобалар агроөнеркәсіптік кешен мен шикізатты терең өңдеу салаларында жоғары технологиялық өндірістік кластерлерді қалыптастыруға негіз қалайды.
Ниеттен нәтижеге дейін
Инвестициялық шешім қабылдау мен өндіріс орнының іске қосылуының арасында жобаның табысты жүзеге асуына тікелей әсер ететін маңызды кезең бар. Дәл осы уақытта рұқсат құжаттарын рәсімдеу, жер телімін бөлу, инженерлік инфрақұрылымға қосылу және мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл сияқты мәселелер шешіледі. Осындай кезеңде инвестиция тарту жөніндегі ұлттық институттың рөлі ерекше. «KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ инвесторларға идеядан бастап кәсіпорынды пайдалануға бергенге дейін жан-жақты қолдау көрсетеді. Бұл жұмыс Үкіметпен және өңірлік әкімдіктермен өзара үйлестіруді, әкімшілік кедергілерді жоюды және жоба іске қосылғаннан кейінгі сүйемелдеуді қамтиды.
Биылдың өзінде шетелдік инвесторлардың қатысуымен жалпы құны 3 млрд АҚШ долларынан асатын 45-ке жуық жобаны пайдалануға беру жоспарланып отыр. Оның ішінде 16 жоба іске қосылды. Атап айтқанда, Жамбыл облысында күкірт қышқылы зауыты, Қызылорда облысында жылу электр орталығы және Қарағанды қаласында тау-кен өнеркәсібіне арналған жабдықтарға қызмет көрсететін сервистік орталық пайдалануға берілді.
Сонымен қатар жалпы құны 4,5 млрд АҚШ долларын құрайтын 20 жоба бойынша құрылыс-монтаж жұмыстары басталды. Олардың қатарында жел электр станциялары мен кабель өнімдерін шығаратын өндіріс орындары бар. Жыл соңына дейін тағы 40-тан астам жоба бойынша құрылыс жұмыстары басталады.
Қорытынды: XXI ғасыр экономикасындағы орын үшін күрес
Жаһандық капитал жоғары технологиялық салаларға және шектеулі санды елдерге шоғырлануда. Қазақстан өз бәсекеге қабілеттілігін инвестициялық келісімдер санының артуы, инвесторлар құрамының және географиясының кеңеюі, сондай-ақ шикізаттық емес салалардың даму қарқыны арқылы айқын көрсетіп келеді.
Мемлекет басшысы айқындаған инвестициялық саясат аясында KAZAKH INVEST Қазақстан Республикасының Үкіметімен бірлесіп, дәйекті түрде шешіп келе жатқан басты міндет – тартылатын капитал көлемін барынша ұлғайту ғана емес, оны технологияға, құзыреттерге және жаңа өндірістік тізбектерге айналдыру. Дәл осы факторлар Қазақстан экономикасының келесі даму кезеңінің сипатын айқындайды. Бұл – өз есептеу инфрақұрылымына ие, фармацевтика өндірісі өркендеген, шикізатты терең өңдеу дамыған, қосылған құны жоғары металлургиясы қалыптасқан және заманауи көлік дәліздері дамыған жаңа экономика.
М.Төлеу









