«Әділетті болашақ үшін»: сарапшылар «Әділет» партиясының бағдарламасындағы басымдықтарды талдады

Құрылтай депутаттарын сайлау алдындағы үгіт-насихат науқаны басталғалы саяси партиялардың бағдарламалары сарапшылардың назарын аударған басты тақырыптардың біріне айналды , – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Алғашқы күндерден-ақ ең көп талқыланған құжаттардың бірі – «Әділет» партиясының «Әділетті болашақ үшін» атты бағдарламасы болды. Белгілі саясаттанушылар, экономистер және өзде де сала мамандары құжаттың мазмұнына жан-жақты талдау жасап, оның саяси және экономикалық басымдықтарына өз бағасын берді.

Сарапшылардың басым бөлігі «Әділет» партиясының сайлауалды бағдарламасына оң бағасын берді.

Саясаттанушы Ғазиз Әбішев «Әділет» партиясын осы сайлау науқанының басты фавориттерінің бірі деп атады. Оның пікірінше, партияның басты артықшылықтарының бірі – оның кадрлық әлеуеті. Сарапшы партиялық тізімге мемлекеттік басқару саласында тәжірибе жинаған мамандармен қатар заңгерлер, сондай-ақ металлургия, энергетика және агроөнеркәсіп кешені сияқты нақты секторларда жұмыс істеген кәсіби мамандардың енгенін ерекше атап өтті.

Белгілі саясаттанушы Данияр Әшімбаев бағдарламаның мазмұнына баға бере отырып, құжаттың Мемлекет басшысы айқындаған стратегиялық бағыттармен сабақтас екенін айтты. Оның айтуынша, құжатта қоғамдағы өзекті әлеуметтік сұраныстары ескеріліп, соларды шешуге бағытталған нақты бастамалар ұсынылған.

«Кез келген партияға жеңіске жету үшін үш негізгі алғышарт қажет: жеткілікті ресурстық база, мықты кандидаттар құрамы және сапалы бағдарлама. «Әділет» партиясының бағдарламасы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айқындаған негізгі басымдықтарды негізге ала отырып, қоғамдағы әлеуметтік сұраныстарға жауап беретін нақты ұсыныстармен толықтырылған», – деді Данияр Әшімбаев.

Сарапшылар бағдарламада әлеуметтік сипаттағы жалпылама уәделерден гөрі  институционалдық өзгерістерге басымдық берілуін құжаттың негізгі ерекшеліктерінің бір деп атады. Олардың сөзінше, құжатта мемлекеттік институттарды нығайтуға, құқықтық тәртіпті күшейтуге және әрбір бастаманың нәтижесін нақты көрсеткіштер арқылы бағалауға басымдық берілген.

Саясаттанушы Әділ Кәукенов те партия бағдарламасында ортақ құндылықтар мен орнықты институттарға көбірек мән берілгенін атап өтті.

«Бағдарламаны оқығанда ең алдымен көзге түскені – құндылықтар мен институттарға басымдық берілуі. Бағдарлама авторлары Қазақстанның басты мәселесі ресурс тапшылығында емес, мемлекеттік институттардың сапасы мен саяси мәдениеттің деңгейінде екенін алға тартады. Соған сәйкес «Әділет» жалпылама ұрандарға сүйенбей, оның орнына нақты мақсатты көрсеткіштерді ұсынған. Бұл, бір жағынан, партияның сайлаушылармен ашық әрі шынайы диалог орнатуға ұмтылысын білдірсе, екінші жағынан өз міндеттемелері үшін нақты жауапкершілік алуға әзір екенін көрсетеді», – деді Әділ Кәукенов.

Саясаттанушы Ислам Кураев та бағдарламаның мазмұнын күшейтіп тұрған негізгі тетіктердің бірі – әрбір міндеттің нақты өлшемдермен бекітілуінде екенін айтты. Мұндай тәсіл ұсынылған бастамалардың орындалуын бағалауға мүмкіндік беріп қана қоймай, партияның саяси жауапкершілігін де арттырады.

«Бағдарламадағы жеті негізгі мақсат пен он басым бағыттың әрқайсысы нақты көрсеткіштерге негізделген. 1 миллион жаңа жұмыс орнын құру, тұрғын үймен қамтамасыз ету деңгейін жан басына шаққанда 30 шаршы метрге дейін жеткізу, халықтың орташа өмір сүру ұзақтығын 77 жасқа дейін арттыру сияқты бастамалардың барлығы нақты сандық көрсеткіштермен бекітілген. Осы арқылы «Әділет» партиясы өзіне жүктелетін саяси жауапкершілікті саналы түрде күшейтіп отыр. Өйткені бағдарламаның өзегі жекелеген тұлғаларға тәуелді басқару жүйесін емес, орнықты мемлекеттік институттарды қалыптастыруға негізделген», – деді Ислам Кураев.

Ал саясаттанушы Қазбек Майгелдинов құжатта мемлекеттік басқарудың тиімділігі жекелеген тұлғаларға емес, жүйелі институттарға негізделуі тиіс деген ұстаным нақты бекітілгенін айтты.

«Партия мемлекеттік басқарудың сапасы белгілі бір лауазымда кімнің атқарып отырғанына тәуелді болмауы керек деген ұстанымды ұсынады. Бұл – тұрақты әрі жекелеген тұлғаларға емес, орнықты институттарға сүйенетін мемлекеттік басқару моделіне бастайтын қадам. Сонымен қатар партия бағдарламаның әрбір тармағы бойынша цифрлық панель арқылы жұртшылық алдында есеп беруді көздеп отыр. Мұндай тәсіл партия қызметінің ашықтығын қамтамасыз ететін жаңа тәжірибе болмақ», – деді Қазбек Майгелдинов.

Бағдарламаның экономикалық бағытына тоқталған сарапшылар да оның басымдықтарының өзгергеніне назар аударды. Олар құжатта шикізатқа экспортына тәуелділіктен арылып, өнімді терең өңдеуге негізделген экономикаға көшуге басымдық берілгенін ерекше атап өтті.

Qazaq Expert Club экономисі Саида Тілеуленованың айтуынша, бағдарламаның экономикалық бөлімі жаһандық процестерді ескере отырып әзірленген.

«Бағдарламаның экономикалық бөлімі жаһандық экономикадағы қазіргі даму процестерімен үндеседі. Бүгінде экономиканың сандық өсіміне ғана емес, оның сапалы дамуына, соның ішінде тиімді институттарды нығайтуға да ерекше назар аударылып отыр. Құжатта жеке меншік құқығын қорғау, адал бәсекелестікті дамыту, монополиялардың ықпалын шектеу және кәсіпкерлікті қолдау негізгі басымдықтар ретінде белгіленген. Сондай-ақ экономиканың шикізатқа тәуелділігін азайтуға ерекше мән берілген», – деді Саида Тілеуленова.

Өнеркәсіп саласына қатысты ұсыныстарды саралаған Нұрлан Жұмағұлов бағдарламаның бұл бөлігін нақты іс-қимыл жоспары деп бағалады. Оның пікірінше, құжатта бекітілген мақсаттарға жетудің нақты тетіктері қоса ұсынылған.

«Бағдарламаның басты бағыты – шикізатты экспорттаудан оны терең өңдеуге кезең-кезеңімен көшу. 2030 жылға дейін жұмыс істеп тұрған үш мұнай өңдеу зауытының қуатын жылына 18 миллион тоннадан 30 миллион тоннаға дейін жеткізу жоспарланған. Бағдарламаның энергетикаға қатысты бөлімі жалпы ұрандардан гөрі нақты міндеттерге негізделген. Онда өндірістік қуаттар, іске асыру мерзімдері және саланың негізгі көрсеткіштері нақты көрсетілген», – деді Нұрлан Жұмағұлов.

Әлеуметтанушы Жақсыбек Жиенәлиев пен саясаттанушы Эдуард Полетаевтың пікірінше, партия бағдарламасы әлеуметтік төлемдерді көбейтуге басымдық бермейді. Керісінше, құжат кәсіпкерлікті дамытуға, индустрияландыруды жеделдетуге және адами капиталды нығайтуға бағытталған шешімдерді ұсынады.

Осылайша, әр сала мамандары бағдарламаға әртүрлі қырынан баға бергенімен, олардың тұжырымдары бір ортақ пікірге тоғысқанын байқауға болады. Сарапшылардың пікірінше, «Әділет» партиясының бағдарламасы нақты көрсеткіштерге сүйенуімен, институционалдық реформаларға басымдық беруімен және экономиканы сапалы дамытуға бағытталған бастамаларымен ерекшеленеді. Сондықтан олар бұл құжат сайлау науқанындағы саяси пікірталастың мазмұнын жаңа деңгейге көтергенін айтты.

Дайындаған:

«Әділет» партиясының баспасөз қызметі.

«Әділет» партиясы» ҚБ сайлау қорының қаражаты есебінен төленді.

Тапсырыс беруші: Н.Т. Мыңжасаров.