Әлеуметтік желілерге тыйым салынса, балалар бос уақытын қалай өткізеді?

Aikyn.kz әлеуметтік желілерге балаларды кіргізбеу идеясынан туған қиындықтарды The Financial Times материалына сүйеніп талдайды.

Желіге тыйым салудың басты мақсаты – жасөспірімдерді зиянды контенттен, кибербуллингтен және онлайн алаяқтардан қорғау. Алайда көптеген ата-аналар әлеуметтік желілерді толық жабуды емес, алдымен технологиялық компаниялардың өз платформаларын қауіпсіз етуін күткен еді. Бір қызығы, әлеуметтік желілерге қарсы ең белсенді пікірлердің көбі дәл сол әлеуметтік ресурстарда жариялануда. Бұл да қазіргі қоғамның маңызды мәселесін айшықтап тұр. Әлеуметтік желіге тек балалар емес, ересектер де тәуелді бола бастады.

Австралияда осыған ұқсас тыйым енгізілгеннен кейін балалардың шамамен 60%-ы түрлі тәсілдермен шектеулерді айналып өткен. Ұлыбританияда да тыйым туралы хабарланғаннан кейін VPN қызметтеріне сұраныс күрт артқан.

Зерттеулер болса әлеуметтік желілерді аз пайдаланудың оң әсерлерін дәлелдеуде. Оқушылар ұйқысының жақсарғанын, сабаққа зейіні артқанын және көңіл күйінің тұрақтанғанын айтады. Бірақ әлеуметтік желілердің тағы бір маңызды қызметі бар. Олар достармен байланыс орнатуға, қызығушылықтары ортақ қауымдастықтарды табуға және білім алуға кең мүмкіндік береді.

Көптеген жасөспірімдер YouTube пен TikTok платформаларын емтиханға дайындалу үшін пайдаланады. Кейбіреулері басқа қалалардағы немесе шетелдердегі достарымен дәл осы платформалар арқылы байланысып отырады. Сондықтан толық тыйым олардың әлеуметтік өміріне де әсер етеді деп болжануда.Мәселенің тағы бір қыры – қоғамның өзі балаларға балама ұсына алмауы. Соңғы жылдары жастар клубтары, кітапханалар, спорт секциялары мен қоғамдық кеңістіктер азайған. Егер әлеуметтік желілер жабылса, жастар бос уақытын қайда өткізеді деген сұрақ туындайды.

Кейбір сарапшылардың пікірінше, мәселенің шешімі тек тыйым салуда емес. Ең маңыздысы – отбасылардың цифрлық мәдениетті бірге қалыптастыруы. Кейбір ата-аналар балаларымен бірге телефонды ас үстінде қолданбау, түнде гаджеттерді жатын бөлмеге кіргізбеу сияқты ортақ ережелер қабылдай бастады.

Әлеуметтік желілерге қатысты қазіргі пікірталас тағы бір шындықты ашты. Экранға тәуелділік мәселесі тек балаларға ғана емес, ересектерге де қатысты. Сондықтан болашақта қоғамға толық тыйыммен бірге қауіпсіздік, жауапкершілік және цифрлық сауаттылық арасындағы тепе-теңдікті табу маңызды болмақ.