Қазақстанда азық-түлік базарынан 150 делдал шығарылды

Сауда министрлігінде азық-түлік базардарындағы тиімсіз делдалдарды қысқарту жұмысының алдын ала қорытындысы шықты, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

15 маусым күні ҚР Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиевтің төрағалығымен азық-түлік базарларында тәртіп орнату және тауар өткізу тізбектеріндегі тиімсіз делдалдарды қысқарту мәселелеріне арналған кеңес өтті. Кеңеске облыс әкімдерінің орынбасарлары, сондай-ақ ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі, Қаржы министрлігі, Ішкі істер министрлігі, Денсаулық сақтау министрлігі, Төтенше жағдайлар министрлігі және Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің өкілдері қатысты.

Жиында сауда саласының ашықтығын арттыруға, көлеңкелі схемаларды жоюға және әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің бағасын бақылауда ұстап, халыққа қолжетімді болуын қамтамасыз етуге бағытталған жүйелі жұмыс мәселесі талқыланды. Негізгі міндет – өндіруші мен тұтынушы арасындағы артық алып-сатарларды қысқартып, баға қалыптастыру үдерісін барынша түсінікті әрі бақылауға болатын деңгейге жеткізу.

Қазіргі таңда бұл жұмыс тәжірибелік кезеңге көшті. Өңірлердегі баға жағдайына елеулі ықпал ететін 63 негізгі базар айқындалды. Аталған нысандарда көшпелі тексерулер, мониторинг және түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Соңғы кезеңде ғана «Алтын Орда» мен «Барыс-4» секілді ірі сауда орындарын қоса алғанда, 18 базар қамтылды. Тексеру қорытындысы бойынша 486-ға жуық заңбұзушылық анықталып, олардың әрқайсысы бойынша тиісті шаралар қабылдануда.

«Сонымен қатар тауар өткізу тізбектеріндегі тәртіпті күшейту жұмыстары жалғасуда. Жыл басынан 150 тиімсіз делдал шығарылды. Тексеру нәтижесінде контрафактілік және таңбаланбаған өнімдер, көлеңкелі айналым, кассалық тәртіптің бұзылуы, еңбек қатынастарының рәсімделмеуі және сауда орындарын бірнеше мәрте қосалқы жалға беру фактілері анықталды», – деді ҚР СИМ Сауда комитетінің төрағасы Ернұр Жәутікбаев.

Кеңесте заңсыз өнім айналымы мәселесі де талқыланды. Қолданыстағы шектеулерге қарамастан, бірқатар өңірлерде қажетті құжаттары мен таңбалауы жоқ импорттық тауық жұмыртқаларын сату фактілері анықталған. Жалпы алғанда, заңсыз айналымнан шамамен 32,5 мың дана жұмыртқа тәркіленді. Сондай-ақ тәркіленген өнімдерді жою кезінде міндетті түрде бейнефиксация жүргізу және мемлекеттік органдар арасындағы өзара іс-қимылды күшейту қажеттігі атап өтілді.

Кеңес барысында ҚР Қаржы министрлігінің мәліметтері де ұсынылды. Ведомство өкілдері 38 ірі азық-түлік базарына тексеру жүргізіп, олардың аумағында қызмет ететін сауда субъектілерінің қаржы-шаруашылық қызметіне кешенді талдау жасаған.

Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде мониторинг пен бақылау шаралары үшін 67 азық-түлік базары іріктелді. Бұл базардарда жалпы саны 16 640 сауда субъектісі қызмет атқарады.

Талдау нәтижесінде 4 843 кәсіпкердің бақылау-касса машиналарын тіркемей бөлшек саудамен айналысқаны, ал 5 846 субъектінің тіркелген POS-терминалдары жоқ екені анықталды. Сонымен қатар табысын төмендетіп көрсетуге әрекет жасаған 247 кәсіпкер анықталып, оларға қатысты қосымша талдау мен хронометраждық тексерулер тағайындалды.

Бұдан бөлек, 109 кәсіпкерге тыңдауға келу туралы хабарлама жолданды. Қазіргі уақытта олардың 74-іне қатысты тыңдау өткізіліп, нәтижесінде жалпы сомасы 3,5 млрд теңгеге қосымша жиынтық табыс декларациялары тапсырылды.

Жұмысқа ішкі істер органдары да тартылған. Олардың мәліметінше, базарлар мен оған іргелес аумақтарда заңсыз көше саудасының 2 345 фактісі, заңсыз сауданың 37 дерегі және заңсыз кәсіпкерліктің 201 жағдайы анықталған.

Алдағы уақытта жұмыс мемлекеттік органдар мен әкімдіктер арасындағы жауапкершілікті нақты бөлуді көздейтін бірыңғай алгоритм негізінде жалғасады. Өңірлерге базарларды бақылауды күшейту, бейнебақылау жүйелерін орнату және тиімсіз делдалдарды анықтап, оларды осы жүйеден шығару жұмыстарын жандандыру тапсырылды. Сонымен қатар сауда үстемақыларына бақылау күшейтілуде.

«Тәуекел факторларын ескере отырып, заңсыз қызметтен бастап көлеңкелі жұмыспен қамтуға дейінгі, сондай-ақ санитарлық және өрт қауіпсіздігі талаптарының өрескел бұзылуы тіркелген 63 азық-түлік базары анықталды. Бұл нысандардың барлығы ерекше бақылауға алынды. Біз барлық қажетті профилактикалық және түсіндіру жұмыстарын жүргіздік. Барлық ескертулер берілді. Енді тек түсіндірумен шектелмейміз. Қажет болған жағдайда осы базарлардың жұмыс форматын қайта қарауға дейін баратын қатаң шаралар қабылданады. Құқықтық алаңнан тыс жұмыс істейтін тұлғалар сауда жүйесінде қалмауы тиіс», – деді Арман Шаққалиев.