Беделді америкалық Bloomberg басылымы Қазақстан туралы көлемді сараптамалық мақала жариялап, елді жаһандық өзгерістерге сәтті бейімделген мемлекеттердің бірі ретінде атады, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Мақала авторларының айтуынша, соңғы жылдары Қазақстан халықаралық тұрақсыздық жағдайында тек тұрақтылығын сақтап қана қоймай, Еуразиядағы маңызды экономикалық, логистикалық және технологиялық орталық ретіндегі позициясын күшейте алды.
Bloomberg бұл өзгерістердің символы ретінде Астананы атайды. Басылым қазіргі астана осыдан ширек ғасыр бұрын дала төсіндегі шағын қала болғанын, ал бүгінде бірегей сәулеті мен ауқымды инфрақұрылымдық жобалары бар заманауи мегаполиске айналғанын еске салады.
«Астана ең алдымен өзінің нені білдіретінімен қызықты», — делінген Bloomberg жарияланымында.
Алайда авторлар негізгі назарды елдің сыртқы келбетіне емес, оның жаңа геоэкономикалық шындықтағы рөліне аударады.
Bloomberg бағалауынша, Қазақстан әлемдегі ең ірі нарықтарды байланыстыратын маңызды буын ретінде барған сайын сенімді әрекет етуде. Мақалада Транскаспий халықаралық көлік бағытына, яғни Орта дәлізге ерекше орын берілген. Бұл бағыт Қытай мен Еуропа арасындағы жүк тасымалының негізгі арналарының біріне айналып келеді.
Басылым жаһандық логистикадағы өзгерістер аясында Қазақстан өзінің географиялық орналасуын стратегиялық артықшылыққа айналдырып, Еуразиядағы транзиттік хаб ретіндегі рөлін айтарлықтай күшейткенін атап өтеді.
«Ел Қытай, Ресей және Еуропа арасындағы орналасуын экономикалық артықшылық ретінде пайдаланып отыр», — деп жазады Bloomberg.
Сонымен қатар, елдің жаһандық сын-қатерлерді өз дамуына тиімді пайдалана білу қабілеті ерекше атап өтіледі. Авторлардың пікірінше, Қазақстан халықаралық нарықтардағы өзгерістерге, энергетикалық дағдарыстарға және логистикалық тізбектердің қайта құрылуына бейімделіп, сауда мен инвестиция тарту үшін жаңа мүмкіндіктер аша алды.
Bloomberg елдің цифрлық трансформациясына да үлкен назар аударады. Жарияланымда Қазақстан аймақтағы цифрландыру көшбасшыларының бірі ретінде аталады. Авторлар электронды үкіметтің жоғары деңгейде дамығанын және мемлекеттік басқаруға цифрлық сервистердің белсенді енгізіліп жатқанын атап өтеді.
Басылымның ерекше қызығушылығын Қазақстанның жасанды интеллект саласындағы жоспарлары тудырған. Мақалада ЖИ дамыту мемлекеттік басымдықтардың біріне айналғаны және елдің жаңа технологиялық дәуірге мамандар даярлауға басымдық беріп отырғаны айтылған.
«Қазақстан жасанды интеллект пен цифрлық инновациялар бойынша өңірлік орталыққа айналуға ұмтылуда», — деп жазады материал авторлары.
Халықаралық инвесторлардың назарын аударатын факторлардың қатарында Bloomberg Astana Hub қызметін, дата-орталықтардың дамуын, стратегиялық маңызды минералдар саласындағы жобаларды және «Астана» халықаралық қаржы орталығының жұмысын атайды.
Басылым сондай-ақ елдің демографиялық әлеуетіне назар аударады. Қазақстан халқының шамамен жартысы 30 жасқа толмаған. Авторлардың пікірінше, бұл инновациялық экономика мен технологиялық кәсіпкерлікті одан әрі дамытуға негіз қалайды.
Жалпы алғанда, Bloomberg Қазақстанды шикізаттық экономика туралы дәстүрлі түсініктен шығып, технологияларға, логистикаға, адами капиталға және халықаралық ынтымақтастыққа басымдық беріп отырған мемлекет ретінде сипаттайды.
Жарияланымның негізгі қорытындысы — Қазақстанды әлемдік бизнес қауымдастығы енді шеткері нарық емес, дербес экономикалық өсу орталығы әрі Еуразияның жаңа архитектурасын қалыптастыратын маңызды қатысушылардың бірі ретінде жиі қарастыра бастады.










