Чемпионатты Мексика құрамасы сәтті бастап, өз жанкүйерлеріне қуаныш сыйласа, Оңтүстік Корея алғашқы жеңісіне қол жеткізіп, плей-офф жолындағы маңызды қадамын жасады. Әлемнің әр түкпіріндегі миллиондаған көрермен көгілдір экран алдына жиналып, төрт жылда бір келетін футбол тойының қызуын сезіне бастаған секілді.
Тұңғыш рет 48 құрама қатысады
Футболдан Әлем кубогі – халықтарды жақындастыратын, құрлықтарды байланыстыратын, талай тағдыр мен арман тоғысатын жаһандық мереке. Биылғы мундиаль тарихта алғаш рет бірден үш елде – АҚШ, Мексика және Канадада өтіп жатыр. Ұйымдастырушылар турнирді тек футбол бәсекесі емес, әлемдік мәдени оқиғаға айналдыруға күш салған.
Бұған дейін Әлем кубогі белгілі бір елдің мерейін асыратын мереке саналса, биылғы дода тұтас Солтүстік Американың ортақ жобасына айналды. Үш мемлекетте бірдей ашылу салтанаты ұйымдастырылып, әлемдік музыка жұлдыздарының қатысуымен ауқымды концерттер өтуде.
Алайда биылғы мундиальдың айналасында дау-дамай да аз емес. Билет бағасының шарықтауы, АҚШ-тың көші-қон саясатына қатысты сын-пікірлер, кейбір ел жанкүйерлерінің виза алудағы қиындықтары Әлем кубогін спорттық оқиғадан бөлек қоғамдық-саяси талқылаудың да өзегіне айналдырды. Сондықтан бұл жолғы мундиаль соңғы жылдардағы ең көп талқыланатын турнирлердің бірі болғалы тұр.
Биылғы жарыстың тағы бір ерекшелігі – Әлем кубогіне тұңғыш рет 48 құрама қатысып жатыр. Жаңа формат көптеген елдің тарихи жетістікке жетуіне жол ашты. Әсіресе, Орталық Азия үшін бұл чемпионат ерекше мәнге ие. Себебі Өзбекстан құрамасы тарихта алғаш рет мундиаль жолдамасын жеңіп алды. Құраманың басты жұлдыздарының бірі – Англия Премьер-лигасында өнер көрсетіп жүрген қорғаушы Абдуқодир Хусанов. Еуропаның элиталық лигасында шыңдалған футболшы бүгінде өзбек футболының жаңа буынының символына айналды. Ал жақында команданың тізгінін италиялық футбол аңызы, 2006 жылғы әлем чемпионы Фабио Каннаваро қолға алды. Әлем кубогін жеңген капитанның тәжірибесі мен талапшылдығы Өзбекстан құрамасының мүмкіндігін одан әрі арттыра түсті. Сондықтан көптеген сарапшы дебютант құраманың топтық кезеңде ғана емес, плей-офф жолында да тосын сый жасауы ғажап емес деген пікірде. Сондай-ақ Иордания мен Кабо-Верде секілді құрамалар да Әлем кубогінің дебютанттары қатарында.
Футбол сарапшысы Бек Төлеуовтің айтуынша, турнир форматының кеңеюі сенсациялардың көбеюіне ықпал етуі мүмкін.
– Ойын саны артқан сайын күтпеген нәтижелер де жиілейді. Әлсіздеу саналатын құрамалардың топтан шығуына мүмкіндік көбейеді. Ал фавориттерге түсетін салмақ арта түседі. Сондықтан биылғы Әлем кубогінде тосын оқиғалар аз болмайды. Қазақстандық жанкүйерлердің назарында көрші Өзбекстан құрамасы болатыны сөзсіз, – дейді сарапшы.
Басты фавориттер
Мундиаль басталар алдында мамандар бірнеше құраманы басты фаворит ретінде атап отыр. Солардың көш басында Франция келеді. Франция соңғы екі Әлем кубогінде финалға дейін жетіп, әлем футболындағы тұрақтылығын дәлелдеді. Сондықтан Дидье Дешам шәкірттерінің тағы да фавориттер қатарында болуы заңдылық. Француздар бүгінде әлемдегі ең бай құрамалардың біріне ие. Тәжірибелі ойыншылар мен жас таланттардың үйлесімі команданың күшін еселей түседі. Тіпті, негізгі құрамдағы ойыншылардың бірі жарақат алып қалса да, оның орнын толтыра алатын футболшылар жеткілікті. Мұндай ұзақ турнирде дәл осы фактор шешуші рөл атқаруы мүмкін. Оның үстіне, Килиан Мбаппе бастаған шабуыл шебі кез келген қарсыластың қорғанысын бұзуға қауқарлы. Бұл мундиаль Дидье Дешам үшін де ерекше. Өйткені 2018 жылы Францияны әлем чемпионы атандырған маман турнир аяқталған соң қызметінен кетіп, орнын Зинедин Зиданға босатуы мүмкін. Сондықтан француздар бапкерін жеңіспен шығарып салуға бар күшін салары анық. Комментатор Дидар Есемов Францияны басты фаворит санайды.
– Франция – Әлем кубогінің басты фавориті. Құрамында Килиан Мбаппе бар және әр позицияда мықты футболшы табылады. Бірақ мен Португалия құрамасына жанкүйер боламын. Бруну Фернандеш пен Криштиану Роналду сияқты аңыздар трофей жеңуге лайық. Команданың орта шебі мықты және ойыншылардың тәжірибесі де, шеберлігі де аса жоғары деңгейде, – дейді сарапшы.
Футбол эстетикасын бағалайтын жанкүйерлердің көзі алдымен Испанияға түсетіні анық. Соңғы жылдары «қызыл фурия» бұрынғы философиясын сақтай отырып, оған жаңа қарқын мен жаңа тыныс қоса білді. Испания Әлем кубогіне Еуропаның қазіргі чемпионы ретінде келіп отыр. Луис де ла Фуэнте құраманы соңғы жылдары мүлде жаңа деңгейге көтерді. Бір кездері шексіз пас алмасуға құрылған ойын мәнерін өзгертіп, командаға қарқын мен өткірлік сыйлады. Бүгінде испандар әдемі әрі шабуылға негізделген футболдың үлгісін көрсетіп жүр. Сондықтан көпшілік олардан тек жақсы ойын емес, чемпиондық үшін күрес күтеді. Дегенмен құраманың алдында белгілі бір қиындықтар да жоқ емес. «Алтын доп» иегері Родри ауыр жарақаттан кейін әлі толық бабына келе қойған жоқ. Ал Еуропа чемпионатында жарқыраған Нико Уильямс пен Микель Мериноның жағдайы да алаңдатады. Бұған қоса, жаңа буынның көшбасшысы саналатын Ламин Ямаль топтық кезеңнің алғашқы матчтарын өткізіп алуы мүмкін. Соған қарамастан Испания әлі де басты фавориттердің бірі саналады.
Аргентина бұл жолы бұрынғыдан өзгеше көңіл күймен келіп отыр. Төрт жыл бұрын Қатарда жеңіске жеткеннен кейін аргентиналықтардың иығынан ауыр жүк түскендей болды. Лионель Месси көптен күткен Әлем чемпионатының кубогін көтеріп, футболдағы ең үлкен арманына қол жеткізді. Соның арқасында команда бұрынғыдай бір ойыншыға тәуелді ұжым ретінде қабылданбайды. Бұл – бас бапкер Лионель Скалонидің ең үлкен жетістігінің бірі. Аргентина қиын матчтарда шыдамдылық танытып, қарсыластың қарқынын бәсеңдетіп, қажет кезде мінез көрсете алатын командаға айналды. Олар жарқын футболмен емес, нәтижеге жұмыс істеуді жақсы меңгерген. Сондықтан қазіргі құрам бұрынғыдай жұлдыздарға толы болмаса да, чемпиондыққа таласатын негізгі үміткерлердің қатарында.
Бұл мундиаль Португалия үшін тарихи мүмкіндік болуы мүмкін. Өйткені құраманың алтын буыны әлі сапта, ал Криштиану Роналду үшін Әлем кубогіндегі соңғы жорық басталғалы тұр. Португалия да алтын жүлдеге басты үміткерлердің бірі ретінде аталады. Ұзақ уақыт бойы бұл құраманы Криштиану Роналдуға тәуелді команда ретінде бағалап келді. Алайда соңғы жылдары португалиялықтар мүлде басқа деңгейге көтерілді. Қазір олардың құрамында тәжірибе мен талант үйлесім тапқан, әр позицияда жоғары деңгейдегі футболшылар бар. Ең бастысы, команда үлкен матчтарда жеңіске жетуді үйренді. Былтырғы Ұлттар лигасындағы жеңіс соның айқын дәлелі болды. Ал Әлем кубогіндегі ықтимал жеңіс Португалияны футбол элитасының жаңа сатысына көтермек. Әрине, жанкүйерлер үшін басты интрига – Криштиану Роналдудың тағдыры. Әлем кубогінің кубогы оның ғаламат мансабындағы соңғы әрі ең үлкен марапатқа айналуы мүмкін. Сондықтан португалиялықтардың әр ойыны ерекше назарда болары сөзсіз.
Әлем кубогі – жаңа жұлдыздарды жарқыратып қана қоймай, тұтас дәуірдің аяқталғанын да айғақтайтын алаң. Биылғы аламан сондай ерекше сәттердің біріне айналғалы тұр. Өйткені әлем футболының соңғы жиырма жылына үстемдік еткен екі алып – Лионель Месси мен Криштиану Роналду үшін бұл Әлем кубогіндегі соңғы жорық болуы әбден мүмкін.
Қалай болғанда да, Әлем кубогі үлкен бір театрдың сахнасы іспеттес болып кетті. Бұл бәйгеде миллиондаған жанкүйердің арманы мен үміті тоғысып, жаңа қаһармандар дүниеге келіп, ескі аңыздармен қоштасатын сәттер туады. Алдағы апталарда жасыл алаңда талай тағдыр шешіліп, талай жүрек толқиды. Біреулер үшін бұл тарихи мүмкіндік болса, енді біреулер үшін соңғы мүмкіндік болуы мүмкін.
Мундиальдың басты сұлулығы да осында. Ол әр төрт жыл сайын әлемді бір сәтке болса да ортақ сезімге бөлейді. Биылғы чемпионат та сенсацияларға, драмаларға, ұмытылмас жеңістер мен өкінішті жеңілістерге толы болары анық. Ал сіз кімге жанкүйер боласыз?
С.БЕГІМБАЙ









