Стандарт біреу, нәтиже әртүрлі

Яғни, жекеменшік балабақшалар көбірек. Әрине, екі түрлі балабақ­шаның айырмашылығы болаты­ны жасырын емес. Бірақ «бізге барлық балабақшада оқу бағдарламасы бір стандартқа негізделген бе?» деген сұрақ маңызды болды. Себебі қоғамда ата-аналар тарапынан балабақшаларға көңіл толмаушылықты байқаймыз. Олардың жиі қоятын сауалы: «Неге балабақшаны бітірген балалар мектепке толық дайын болмайды?». Бұған жауап іздеу үшін алдымен балабақшалардағы оқу жүйесіне үңіліп көрейік.

Қазақстандағы барлық бала­бақша мемлекеттік те, жекемен­шік те бірыңғай құжаттарға сүйенеді. Олар – Мектепке дейін­гі тәрбие мен оқытудың мемле­кеттік стандарты және үлгілік оқу бағдарламасы. Яғни, формалды түрде елдегі барлық балабақша бір жүйемен жұмыс істейді.

Алайда бұл тек негіз ғана. Стан­дарт баланың жалпы дамуы­на қойылатын талаптарды белгі­лейді, бірақ оны қалай жүзеге асыруды әр балабақша өз бетінше шешеді. Соның нәтижесінде әр­түрлі әдіс­те­мелер пайда болады. Оқу-ағарту министрлігінің Мек­тепке дейінгі білім беру депар­таментінің жазба­ша мәліметіне сәйкес, балабақ­шалар Стандарт талаптарын сақ­тап, Бағдарлама мазмұнына сүйене отырып түрлі технологияларды таңдайды және қолдануына бола­ды. Бала­бақша­лардың іс-тәжіри­бесінде бірнеше оқыту техноло­гиялары қолдан­ы­лады: ойын, да­мы­тушы, жобалау және зерттеу іс-әрекеті, денсау­лық сақтау, Step by Step, робот тех­ни­касы, интерак­тивті, шығар­машы­лық, медиа тех­нологиясы, жасанды интеллект элементтері қолданылатын техно­логиялар және т.б. Құзыретті ор­ган­дар тара­пынан тәрбиелеу-білім беру про­цесінде технологияларды қолда­ну­ға рұқсат берілген. Яғни, бір балабақшада Монтессори жүйесі қолданылса, енді бірінде дамыту­шы ойындар, жобалық оқыту, ро­бототехника немесе ин­тер­ак­тив­ті тәсілдер басым. Бір қа­ра­ғанда бұл жақсы сияқты. Өйткені балабақшаларға еркіндік береді, жаңашылдыққа жол аша­ды. Бірақ дәл осы еркіндік білім, тәрбие сапасының әркелкі болуы­на да әсер етіп отыр.

Балалар неге жат елдің мультфильмдерін көреді?

Бірнеше оқыту технология­лары демекші, қазір әр балабақша бала­ларды әртүрлі әдіспен тәр­бие­лейді. Тіпті, кейбір балабақ­шаларда өзге елдің мультфильм­дері де көрсетіледі. Бұл туралы Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің отырысында  депутат Ринат Зайыт ба­ян­­дап, Оқу-ағарту минис­тр­лігі өкілдері­нен түсініктеме талап етті. 

«Балабақшаға қашан барсаң да «Маша мен аю», «Фиксики» мультфильмдері қосылып тұрады. Жалпы, осы біздің балабақ­ша­ларда ұлттық тәрбие беретін бағ­дарлама бар ма? Ұлттық тәрбие беретін қандай мультфильмдер, қандай көрнекілік құралдары бар? Оны сұрап отырған себебім, кей­бір балабақшаларда ЛГБТ сим­вол­икасы бар ойыншықтар тұра­ды», – деді депутат. 

Депутаттың сұрақтарына Оқу-ағарту вице-министрі Майра Мелдебекова жауап берді. Оның айтуынша, Қазақстанда мектепке дейінгі білім беру бағдарламасы бекітілген, онда ұлттық тәрбие бағыты қарастырылған. «Барлық балабақшалар, меншік нысанына қарамастан, осы бағдарламамен жұмыс істеуге міндетті», – деді вице-министр. Сондай-ақ ол балабақшаға арналған көрнекі және әдістемелік құралдардың тізімі министрдің арнайы бұйры­ғымен бекітілгенін, оның құрамы­на математикалық құралдар, гео­метриялық фигуралар, сағат макеттері, ұлт қайраткерлерінің портреттері және басқа да көрнекі материалдар енгізілгенін айтты. Әрине, бұл жерде вице-министр­дің айтып отырғаны – біздің жо­ғарыда келтірген Мектепке дейін­гі тәрбие мен оқытудың мем­ле­кеттік стандарты және үлгілік оқу бағдарламасы. Бірақ стандарт біреу болғанымен, әр балабақша әртүрлі оқыту технологиясын қолданатындықтан, балабақ­шаның бәрін бақылауға алу қиын болуы мүмкін. 

Неге нәтиже әртүрлі?

 Иә, теория жүзінде барлық бала бірдей стандарт бойынша тәрбиеленуге тиіс. Бірақ практи­када балабақшалар арасындағы айырмашылық айқын байқалады. Біріншіден, педагогтердің кәсіби деңгейі әртүрлі. Кейбір балабақ­шаларда тәжірибелі тәрбиешілер жұмыс істесе, енді бірінде кадр тап­шылығы сезіледі. Бұл – бала­лармен жұмыс сапасына тікелей әсер ететін фактор. Екіншіден, жеке­меншік балабақшалардың деңгейі біркелкі емес. Олардың арасында заманауи, жақсы жаб­дықталған орталықтар да бар, соны­мен қатар тек бизнес ретінде ашылған, білім сапасына жеткі­лік­ті көңіл бөлмейтіндері де кез­де­седі. Осы мақаланы жазу бары­сында біз екі жекеменшік ба­ла­­бақшаның тәрбиешісімен сөйлестік. 

«Мен – жоғары топтың тәр­биешісімін. Балалардың қабілеті әртүрлі. Кейбіреуі тез үйренеді, кейбірінің оқуға, жазуға мүлдем құлқы жоқ. Оның үстіне біздің балабақшада балалар жазуды үйренуі керек деген арнайы талап жоқ. Мен өзім балалар мектепке барғанда қиналмасын деп үйретіп жүрмін», – дейді тәрбиеші Жұл­дыз­ай Асанова. Ал тағы бір тәр­бие­ші Гүлсара Нұрбергеннің айтуын­ша, олардың мекемесінде бала­ларды оқыту жолға қойылған. Бала балабақшадан оқуды, жазу­ды үйреніп, мектепке дайын бол­ып шығады. Жалпы, балабақша­ның қазіргі стандартында бала­ның негізгі іс-әрекеті ретінде ойын алға шығарылады. Бұл – халық­аралық тәжірибеге сай тә­сіл. Бірақ кей жағдайда «ойын арқылы дамыту» ұғымы дұрыс түсіндірілмей, нақты білім берудің әлсіреуіне әкелетіні де жасырын емес. Оған жоғарыда айтқаны­мыздай, балабақшаларда дамыту үшін әртүрлі тәсілдерді қолдана­тыны дәлел.

Ең үлкен мәселе – мектепке дайындық

Ата-аналарды алаңдататын негізгі мәселе – балабақшаға бар­ған баланың мектепке дайын бол­май шығуы. Яғни, ол әріп таны­мауы мүмкін, қарапайым санауды білмеуі мүмкін. Соның сал­д­арынан көптеген ата-ана баласын қосымша дайындық курстарына беруге мәжбүр. Бұл – парадокс. Бала бірнеше жыл балабақшаға барады, бірақ мектепке дайындық үшін тағы да бөлек уақыт пен қаражат жұмсайды. 

Зерттеп қарағанда, мұның бірнеше себебі бар екенін байқа­дық. Біріншіден, қазіргі бағдар­ла­ма академиялық білімнен гөрі ба­ла­н­ың жалпы дамуына – сөй­леу, ойлау, әлеуметтік дағдыларға басым­дық береді. Бұл дұрыс бағыт болғанымен, ата-аналардың күт­кен нәтижесімен сәйкес келе бер­мейді. Екіншіден, кейбір ұс­таз­дар бірінші сыныпқа келген бала белгілі бір деңгейде буындап оқи және жаза білуге тиіс деп күт­е­ді. Ал балабақша бағдарламасы мұны міндетті талап ретінде қоймайды. Негізі, мектепте де «бірінші сыныпқа келген бала оқи, жаза білу керек» деген арна­йы талап жоқ. Үшіншіден, ата-аналардың өздері де баланы «ерте оқытуға» сұраныс тудырып отыр. Соның әсерінен дайындық орта­лықтары көбейіп кетті. Әрине, бұл жерде тағы бір жағдайды ес­керу қажет деп ойлаймыз. Ол – елімізде балабақшаға бармайтын балалардың да бар екендігі. Олар­дың көпшілігі бірінші сыныпқа барар кезде міндетті түрде даярлау орталықтарында жазу мен әріп­терді үйренеді.

Қазақстандағы мектепке де­й­ін­гі білім беру жүйесі аралас мо­дель­ге негізделген. Бір жағынан, бірыңғай стандарт бар, екінші жағынан, балабақшаларға әдіс­темелік еркіндік берілген. Бұл модельдің артықшылығы – икем­ділік. Әр балабақша өз бағытын таңдай алады, жаңа тәсілдерді енгізе алады. Бірақ кемшілігі де айқын. Бақылау әлсіз болса, сапа да әртүрлі болады. Сондықтан мәселе стандарттың бар-жоғында емес, оның қалай орында­латы­нында сияқты. Әйтпесе, қоғам тарапынан балабақшадағы тәрбие мен оқуға қатысты сұрақтар туын­дамас еді.

Біздіңше, мектеп пен бала­бақша арасындағы сабақтастық күшейтілуі қажет сияқты. Бала­ның қай деңгейде мектепке келуі керектігі нақты әрі бірізді болуы тиіс. Екіншіден, ата-аналармен жұ­мыс жүйелі болуы керек. Ата-аналарға түсіндіру, ақпарат беру өте маңызды. Үшіншіден, жеке­меншік балабақшалардың сапа­сына бақылауды күшейту қажет. Яғни, олар балаларды қалай тәр­бие­леп жатқаны назарда болуы керек. Иә, Қазақстанда балабақ­шалар бірыңғай стандартпен жұмыс істейді. Бірақ бұл барлық жерде бірдей нәтиже береді деген сөз емес. Соның бір айқын көр­сеткіші – ұлттық тәрбие мәселесі мен баланың мектепке дайындық деңгейі өзекті күйінде қалуда.

Адина ЖАНҒОЖИНОВА, ана:

– Қазіргі кезде көп ата-ана бі­рінші сыныпқа баратын бал­а­сын Мектепке дейінгі білім орта­лықтарында оқытады. Оны өз маңайы­мыздан да байқаймыз. Меніңше, олар балалары оқи ала­тын, сандарды алып-қосуды біле­тін болса, ары қарай сабақты өте жақсы оқып кетеді деп ойлайды. Сондай-ақ халық арасында мұғал­ім­дер жақсы оқитын балаларға көбірек көңіл аударады, ал оқу, жазу білмейтіндер шетте қалып қояды дейтін де түсінік бар. Әр­ине, бұл тәжірибеде дәлелденген бе, жоқ па, ол жағын мен білмей­мін. Өйткені әр баланың қабілеті әртүрлі. Мысалы, менің бала­ларым ондай орталықтарға барған жоқ. Балабақшадан кейін бірден мектепке барды. Бірақ біреуі өте жақсы оқиды, екіншісі кейбір пәндер бойынша аздап қиналады. 

Әсел ҚҰРМАНБАЕВА, бастауыш сыныптың мұғалімі:

– Бірінші сынып оқушысы­ның мектеп ішіне үйренуі, бейім­делуі үшін үш ай уақыт кетеді. Осы үш айдың ішінде мұғалім әр баланың мінез-құлқын, әдет-дағ­дыларын, қабілетін де танып үлгереді. Сол үшін әрқайсысына тап­сырма берерде сәл ерекшелік­тер болуы мүмкін. Бірақ балалар балабақшадан жазуды, сандарды үйреніп келген болса да, біз олар­дың бәріне қайтадан үйретеміз. «Жақсы оқитын балаға ерекше көңіл бөлінеді» деген субъективті пікір деп ойлаймын. Негізі, бас­тау­ыш сыныптағы мәселе ол емес. Негізгі мәселе – кейбір ата-ана­лардың тілі орысша шыққан бала­сын қинап қазақша оқытуы дер едім. Нәтижесінде, баланың бі­лімінің іргетасы дұрыс қалыптас­пай қалады.

Айгүл СЕЙІЛ