Ұрпақ келешегі – ұлт келбеті

Ал қолы бос, еш еңбекке тартылмаған жеткіншек не телефонның тұтқынына айналады, не басқа бір бәлеге жолығуы мүмкін. Елде Оқушылар сарайы жетіспейді, жастардың заманауи дағдыларын дамытуда проблема жетерлік. Жас ұрпақтың білімі мен дарынын ұштауда не істелмек?

Тәрбие мен тағдыр таразысы

«Ермек қуған бәлеге жолы­ға­ды, еңбек қуған қазынаға молы­ғады» деген қанатты сөз бар. Пси­холог Әйгерім Қуатбектің түсін­діруінше, баланың бос уа­қы­тын дұ­рыс ұйымдастырмау – оның бола­шағын үлкен қатерге ті­гумен тең. Пайдалы іспен шұғыл­данба­ған жеткіншек өзіндегі тасқын қуатты қайда жұмсарын білмей, беймәлім соқпақтарға бас ұрады.

«Мұндай сәтте рухани қуыс­тық-вакуум пайда болып, оның орнын көше тәрбиесі немесе ғалам­тордың қараңғы тұңғиығы тез тол­тырады. Сананы желік пен тұман қатар басқан жастық шақта жақсы мен жаманды ажырату қиын. Же­тексіз кеткен жеткіншек алды-ар­тын байқамай, қылмыс­тың қарма­ғына қалай ілінгенін өзі де білмей қалады. Әлеуметтік зерт­теулер көрсеткендей, кәме­летке толмаған қылмыскерлердің көпшілігі, 75%-ға дейінгісі – қо­сымша білім беру жүйесінен тыс қалған балалар. Сондықтан бала­ны ерте жастан өнер мен ғылымға баулып, бос уақытын ізгі істермен толтыру – мемлекеттің, мектеп пен ата-ана­ның парызы», – деді психолог. 

Оның сөздерін ресми статис­ти­ка куәландырады. С.Қайырбе­кова атындағы Денсаулық сақтау­ды дамыту ұлттық ғылыми ор­та­лы­ғының мәліметінше, былтыр 179,6 мыңнан бала жарақат алып, уланған және басқа зақымдарға ұшыраған. Соның ішінде 138,3 мыңын 14 жасқа дейінгі балалар, 41,3 мыңдайын – 15-тен 17 жасқа дейінгі бозбалалар мен бойжет­кендер құрады. Өсім – 1,7%.

Өмірде еш мән таппай, баз кеш­кен балалар өзіне-өзі қол са­лады. Бас прокуратураның Құ­қық­тық статистика және арнайы есепке алу комитетінің мәліметіне сәйкес, 2026 жылдың қаңтар-сә­уір айларында Қазақстанда 74 бала өз еркімен өмірмен қоштас­қан. Жалпы алғанда, бір жыл ішін­де өліммен аяқталған суицид­тер саны бірден 13,7%-ға өсті.

Қылмыс әлемі де көбіне құр­ба­нын көше кезген немесе күні мен түнін телефонға телміріп өт­кізетін балалар арасынан іздейді. 2025 жылдан бері алаңдатарлық үрдіс – жасөспірімдер қылмысы­ның өршуі тіркелген. Былтырғы жыл қорытындысында бұл үрейлі көрсеткіш бірден 30,5%-ға күрт өсті. 2,5 мың жас өскін қылмысы үшін ұсталған. Бұл ретте заң бұзу­шылардың 90%-ы әртүрлі ауыр­лық дәрежесіндегі қылмыс жасап­ты, жартысы немесе 1,1 мыңы бас бостандығынан айыру жазасына кесілді. 2024 жылмен салыстыр­ғанда жас құқық бұзушылардың саны 1,5 еседей өсті! Сондықтан жас ұрпақтың бос уақытын мағы­налы ету – оларды келеңсіздіктен қорғайтын басты бір қалқан.

Тегін үйірмелер кімге қолжетімді?

Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, 2025 жылдың қоры­тын­дысы бойынша балаларды қосымша біліммен қамту деңгейі 90%-ға дейін артты. Бұл 3,5 мил­лион баланы құрайды, оның ішін­де 2,2 млн оқушы тегін үйірмелер мен секциялармен қамтылды. Әрине, бұл жерде ведомство тек 3,9 миллион оқушыны назарға алып отыр: балабақшадағы бал­дыр­ғандар қосымша біліммен тегін қамтылмайды. Әйтпесе, Ұлттық статистика бюросының де­регінше, Қазақстанда 18 жасқа дейінгі балалардың жалпы саны тура 7 миллионға жетті (жыл ба­сында 6 918 656 болған). Демек, осы санның 31,4%-ы ғана тегін қосымша біліммен қамтылған болып шығады. 

Министрліктің хабарлауынша, қосымша білім беру ұйымдарының желісі былтырғы жылмен салыс­тырғанда 25%-ға артып, 2 мыңнан астам бірлікті құрады. Бірақ ата-аналар бәрібір тегін өнер-білім үйірмелері мен спорт секцияла­рына баланы тіркетудің қиын­дығына, олардың тапшылығына шағымданып жүр. Ауылдық жерлердегі балаларды қосымша білім берумен қамтамасыз ету мақсатында 1 000 комьюнити-ор­талық құру бойынша жұмыстар аяқталды. 3 жыл ішінде 4 200-ден астам баланы қамтитын 1 251 орталық ашылды.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев балалардың жан-жақты дамуы мен қолайлы ортада өсуін қамтамасыз ету мәселесіне ерекше назар аударып келеді. Осыған байланысты Президент 100 Оқушылар сарайы мен өнер мектебін, 50 балаларды сауық­тыру орталығын ашу міндетін қойды. Бұл тапсырманы орындау мақса­тында 3 жылда 24 мың орынға ар­налған 44 қосымша білім ұйы­мы салынды. 2026 жыл­дың соңы­на дейін 3 800 орындық 10 объек­тінің құрылысы аяқ­та­лады. Бұдан бөлек, өткен кезеңде 2 800 орынға арналған 15 сауық­тыру орталығы ашылды және биыл 840 орындық 4 сауықтыру орталығы пайда­ла­нуға беріледі, – деді оқу-ағарту министрі Жұл­дыз Сүлейменова.

Оның айтуынша, жаңа қосым­ша білім беру ұйымдары робото­тех­ника кабинеттерімен, IT зерт­ханаларымен, ойын алаңдарымен және балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға арналған түрлі заманауи құралмен жабдық­талған. Мұның сыртында 2026 жылғы күзге дейін 3,2 млн бала мектептер мен лагерьлер жа­нын­дағы демалыс бағдарламасымен қамтылмақ. Қазақстанда жазғы демалыс кезінде 11 135 демалыс және сауықтыру орталығы жұ­мыс істейді.

Министрліктің дерегінше, балалардың басым көпшілігі – 3 миллионға жуығы мектептер жа­нындағы лагерьлермен шектеледі. Тағы 168 мың оқушыны жазғы лагерьлер мен маусымдық орта­лық­тар, тек 44 мыңнан астамын – жыл бойғы қосымша білім беру орталықтары қабылдайды. Де­виантты-тентек балалар қатарын жиі толықтырады деп саналатын әлеуметтік осал санаттағы және жетім балаларға ерекше көңіл бөлініпті: аз қамтылған отбасы­лар­дан шыққан 729 мың бала және ерекше білім беру қажетті­ліктері бар 53 мың бала күзге дейін демалыспен қамтылады. Республикалық «Балдәурен», «Бөбек» орталықтарында ха­лық­аралық, республикалық пәндік және IT-олимпиадалардың, шы­ғармашылық және спорттық жа­рыстардың жеңімпаздары қатары­нан 5 мың бала сауықтыру және дамыту шараларына қатысып жатыр. Өңірлерде осындай қолдау 370 мың дарынды балаға ұйым­дастырылады. Қауіпсіздікті қам­тамасыз ету үшін барлық нысанға полиция инспекторлары таға­йындалыпты, ал қызметкерлердің, тәрбиешілердің соттылығы тексерілді.

                                                             © коллаж: Әсел БАЛТАҚЫЗЫ

Биылғы маусым айынан бас­тап спорт, шығармашылық және қосымша білім беру салаларын қамтитын бірыңғай ваучер жүйесі пилоттық режимде іске қосылды. Бүгінгі күні 600 мыңнан астам бала қосымша білімге ваучер ал­ды. Жоба қазір 6 өңірде – Астана, мен Шымкентте және Қарағанды, Ақтөбе, Атырау, Қызылорда об­лыс­тарында табысты жүзеге асырылып жатыр.

Тапшылықтан – технологиялық серпіліске

Үйірмелер, спорттық секция­лар мен шығармашылық даму студиялары – еріккеннің ермегі емес, қазіргі заманғы іргелі өмір­лік қажеттілік. Бұл жүйенің мем­лекеттік деңгейдегі маңызы ора­сан, өйткені ол жас ұрпақты жеке тұлға ретінде қалыптастырумен қатар, стратегиялық мақсаттарды шешеді: бұл – балаларды әлеумет­тендіру, асоциалды мінез-құлық пен көше қылмысының алдын алу, саламатты өмір салтын ор­нық­тыру, шығармашылық әлеует пен дарынның көзін ашу, оқушы бойында soft skills пен кәсіби құ­зыреттерді дамыту және орта мектеп жасынан нақты кәсіптік бағдар беру.

Алайда елімізде мұндай ұйым­дарға деген сұраныс толық қана­ғаттандырылған жоқ. Мысалы, Шымкентте, сәуір айының со­ңын­да Оқушылар сарайындағы тегін жүзу үйірмесіне сұмдық ке­зек пайда болып, соңы балаларын жазбақ болған ата-аналардың ара­сында дау-дамай, талас-тар­тыс­қа ұласты. Мегаполистерде ата-ана­лар перзентін бір үйірмеге кіргізу үшін таңазаннан есік кү­зетіп, түнеуге мәжбүр болса, қиыр­дағы шағын ауыл-қала­лар­дағы жағдай­дың қаншалықты қиын екенін елес­тетудің өзі қор­қынышты. Мұ­ның соңы үлкен проблемаларға соқтырады: ай­мақ­тарда көптеген ата-ана жұм­ы­сына басымдық беріп, баласының бос уақытын өз күшімен амалдап ұйымдастырады, не шарасыз­дық­тан оларды көше­нің еркіне қалдырады.

Үлкен қалалардағы ахуал да мәз емес, мәселе шаш етектен. Мем­лекет ұсынатын тегін орын мүл­дем жетіспегендіктен, ата-аналар баласының болашағы үшін соңғы тиынын санап беріп, жеке студиялар мен даму орталық­та­рының қымбат сабақтарына ақы төлеуге мәжбүр. Оның өзінде же­ке­меншік орталықтарда да бәріне бірдей орын жете бермейді. Оқу-ағарту министрлігінің «саладағы нысандар саны 25% өсті» деген көркем есебін Ұлттық статистика бюросы растамайды. Статорган мәліметтеріне жүгінсек, соңғы бірнеше жылда елімізде үйірме­лердің, секциялардың және қы­зы­ғу­шылық клубтарының саны іс жүзінде артпақ түгілі кері кеткен. 2023 жылғы 3,7 мыңнан өткен жылдың қорытындысы бойынша 3,4 мыңға дейін қысқарып қа­лып­ты. Аймақтық теңгерімсіздік тіпті ғаламат. Мысалы, Алматы облы­сында былтыр 480-нен астам үйір­ме мен секция балаларға қызмет етсе, Қызылорда облысында бар-жоғы 16-ақ үйірме болыпты.

Қазақстанның қосымша білім беру тарихында Оқушылар сарай­ларының орны бөлек. 2020 жылы мұндай iрi қосымша білім беру ұйымдарының саны 192 болса, 2025 жылдың қорытындысы бо­йынша бұл көрсеткіш 215-ке жет­ті. Тағы мақтауға тұрарлық кейс – мектеп оқушыларының инно­ва­­циялық шығармашылық орта­лықтары. Оның үздігінің бірі Алматының Наурызбай ауданын­да бой көтерсе, екіншісі Алатау ауданында іске қосылды. Бұл – орта буын мектеп оқушыларына арналған қосымша білім беруді, жоғары сынып оқушылары мен студенттердің бастапқы кәсіби құзыреттіліктерін ұштастырған, уақыт талабынан туған соны ұйым. Онда балалар тек сурет салып, би билеп, спортпен ғана шұғылданбайды, сондай-ақ ең сұранысқа ие мамандықтар – өнер­кәсіптік дизайн, робото­тех­ника, серпінді мобилография, SMM, күрделі 3D-модельдеу және VR (виртуалды шындық) әлемін зерттейді. 

Десек те, бұл тек ішінара кезде­сетін озық үлгілер. Жалпы, биыл елдегі барлық Оқушылар сарайларындағы сабақтармен қамтылған балалардың жалпы саны бар-жоғы 274,2 мыңды құрады. Бұл – өте аз. Бала дамуы үшін аса маңызды, іргелі осы мекемелердегі оқушыларды қамту үлесі ел бойынша бар-жоғы 7% болып отыр.

Оқушылар сарайлары мен түрлі даму орталығының басым көпшілігі уақыт көшінен қалмай, оқыту бағдарламаларына ең ке­йінгі инновациялық технология­ларды қарқынды түрде енгізуге көшті. Олар робототехника зерт­ханаларын, IT-сыныптарды, ғы­лыми эксперименттер жүргізуге арналған заманауи цифрлық зертханаларды, жоғары дәлдіктегі 3D-принтерлер мен сандық бағ­дарламалық басқаруы бар қуатты станоктарды, шығарма­шылық пен жаңа идеялар өмірге келетін, жобалық жұмысқа арналған еркін кеңістіктерді және баланың қия­лын шындыққа айналдыратын тағы басқа мүмкіндіктерді бағд­ар­ламаға толық енгізуді көздеп отыр.

Ендеше сенімді де сәтті қадам­дар жасалды, бағыт айқын. Ендігі міндет – жеткен жетістікке тоқ­мейілсіп тоқтап қалмай, ертең ел тізгінін қолына алар балалардың жарқын болашағы жолында қо­сым­ша білім беру саласын мем­лекеттік деңгейде үздіксіз әрі қар­қынды дамыту болмақ.

Айхан ШӘРІП