Мәжіліс депутаты Айдос Сарым «AMANAT» пен «Әділет» партияларының бірігуіне қатысты пікір білдіріп, бұл үдеріс заңнама талаптарына сай кезең-кезеңімен жүзеге асырылатынын айтты, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Оның сөзінше, қазіргі таңда «AMANAT» партиясы ұйым ретінде жұмысын тоқтатпайды. Өйткені партияның бірден жабылуы одан сайланған депутаттардың мандатына әсер етуі мүмкін.
«Егер “AMANAT” бүгін жойылатын болса, ертең мәслихаттардың бәрі тұралап қалады. Заң бойынша партияның жабылуы сол партиядан сайланған депутаттардың мандатының аяқталуын білдіреді. Сондықтан қазір барлық қажетті заңдық рәсім пысықталып жатыр», – деді Айдос Сарым.
Депутаттың айтуынша, алдағы уақытта екі партияның өкілдерінен құралған ортақ комиссия жұмысын бастайды. «Әділет» партиясының съезінен кейін бұл бағыттағы жұмыстар жалғаса береді.
Сондай-ақ Айдос Сарым саяси күштердің бірігуі алдағы сайлау науқандарында парламенттегі көпшілікті сақтауға және Президенттің саяси реформаларын қолдауға мүмкіндік беретінін атап өтті.
«Президенттің саяси тірегі болатын ұйымдар бірігіп, болашақта сайлауға бірге қатысып, көпшілікті қамтамасыз ететін сайлау науқанын өткізуді көздеп отыр», – деді депутат.
Оның айтуынша, қазіргі таңда партиялардың орталық аппараттары мен өңірлік филиалдары арасында келіссөздер жүріп жатыр. Алдағы шешімдерді әзірлеу үшін арнайы комиссиялар құрылып, бірігу процесінің тетіктері пысықталмақ.









