Ол сахнада Мәлік Ғабдуллин, Райымбек батыр, Қажымұқан секілді тарихи тұлғалардың бейнесін сомдап, олардың ерлігі мен рухынан тағылым алғанын айтады. Біз актермен сахнаның құдіреті, тарихи кейіпкерлердің ықпалы және актерлік мамандықтың жауапкершілігі туралы әңгімелескен едік.
– Бағлан мырза, Әзірбайжан Мәмбетов театрының көрермені сізді бірқатар қойылымның басты кейіпкері ретінде жақсы таниды. Көрермен алдындағы сахна жауапкершілігі қандай?
– Сахна – үлкен жауапкершілікті талап ететін, киесі бар қасиетті кеңістік. Өнер адамы үшін ол тек өнер көрсететін орыннан бөлек, адамның ішкі мәдениеті мен кәсіби деңгейін айқындайтын өлшем іспетті. Сондықтан актер де, өзге өнер иесі де сахнаға әрдайым тыңғылықты дайындықпен шығуы тиіс. Өйткені сахна салғырттықты кешірмейді. Сахнада тұрып бір сөзді ұмытып қалдық дейік. Сол сәттің өзінде «қартайып» кетесің. Себебі әр өнерпаз халықтың алдында өнерін мінсіз көрсетуге ұмтылады. Мұның бәрі адамның ішкі мәдениетіне, өз кәсібіне деген жауапкершілігіне байланысты деп ойлаймын.
– Театрды тірі өнер деп бағалаймыз ғой. Бүкіл синтездік өнердің басын біріктіретін театр өнеріне қалай келдіңіз? Қазақ театрында талантына сүйсіне қарайтын, кумир тұтатын актеріңіз кім?
– Бала күнімде театрда жұмыс істеймін деп армандамадым. Бірақ өнерге деген қызығушылығым ерте оянды. Кішкентай кезімнен фильмдердегі дубляж актерлерін дауысынан танып, есімін де жатқа білдім. Сол кездегі ескі фильмдер арқылы қазақ театрының негізін қалаған тұлғалардың есімін естіп, олардың өнерін теледидардан көріп, қызығатынмын. Тіпті, олардың шығармашылық жолын өзіме үлгі тұттым десем де болады. 8-сыныптан кейін Алматыдағы ұлттық музыкалық аспаптар жасайтын училищеге оқуға түстім. Домбыра мен қобыздың қалай жасалатынын көріп-білуге деген қызығушылық мені сол оқу орнына алып келді. Студенттік жылдары Алматыдағы театрларға жиі барып, әсіресе Мұхтар Әуезов атындағы театрдың қойылымдарын үзбей көретінмін. Музейлерді аралап, қазақ өнерінің тереңдігі мен байлығын тануға ұмтылдым.
Өнердегі алғашқы ұстаздарым – қазақ театр өнерінің көрнекті өкілдері, Халық әртісі Кәукен Кенжетаев пен Есім Сегізбаев болды. Актерлік шеберліктің қыр-сырын үйретіп, сахна мәдениетінің мәнін ұғындырған да осы кісілер. Сондықтан олардың тәлімі мен шығарм ашылық мектебі менің өнер жолымның қалыптасуына ерекше ықпал етті.
– Театрдағы аға буыннан не үйрендіңіз?
– Әрине, қазақтың талай тұлға талантты, дарынды актері көп. Оларды бөле жарып атын тізіп шыққаным болмас. Енді әр актердан, әр тұлғадан, әр дарыннан, таланттан жақсы жағын алуға тырысамын. Біз көбіне аға буыннан үйрену туралы айтамыз. Жасыратын ештеңесі жоқ, жастардан да көп үйренесің. Өмірлік ұстанымдарын үйрендік. Жақсы қасиеттерін алуға тырыстым. Әр таланттың, әр өнердің, өнерлінің шәкірті болдым деп ойлаймын.
– Актер сахнада түрлі кейіпкердің болмысымен көрініп, ішкі күйін көрсетуге талпынады. Сондайда өзіңіз сомдаған кейіпкердің рөлінен шыға алмайтын кез бола ма? Сахна сыртындағы Бағлан қандай адам?
– Актер үшін ең маңызды қасиеттердің бірі – өзін бақылауда ұстай білу. Кейіпкердің жан дүниесіне терең еніп, оның қуанышы мен қайғысын шынайы жеткізу қажет болғанымен, актер ешқашан өзін толық жоғалтып алмауы керек деп есептеймін. Кейде рөлге беріліп кетіп, кейіпкердің әсерінен шыға алмай қалатын жағдайлар туралы естіп жатамыз. Алайда театр мен кино өнерінде кәсіби шеберлік ең алдымен өзін-өзі басқарудан басталады. Қандай жағдай болмасын, актер өзінің кім екенін ұмытпауы керек. Сондықтан мен рөлден шыға алмай қалған кездерім болмаған. Ал сахна сыртындағы Бағланға келсек, өзімді қарапайым адаммын деп есептеймін. Қолымнан келгенше кішіпейіл болып, айналамдағы адамдармен сыйластықта өмір сүруге тырысамын. Әрине, пенде болған соң кейде өзің байқамайтын кемшіліктер де кездесуі мүмкін. Дегенмен өмірде де, өнерде де адамдық қалпымды жоғалтпай, дұрыс жолдан таймауға ұмтыламын.
– Сіз сахнада Мәлік Ғабдуллин де болдыңыз, Райымбек те болдыңыз, Қажымұқан да болдыңыз. Осы образдар сізге не берді? Қысқасы, кейіпкерлеріңізден не үйренесіз?
– Әр кейіпкердің актер өмірінде алар орны ерекше. Әсіресе Мәлік Ғабдуллин, Райымбек батыр сынды тарихи тұлғалардың бейнесін сомдау – үлкен жауапкершілік әрі рухани мектеп. Олар халық жадында бекер сақталған жоқ, әрқайсысы ел үшін ерен еңбек етіп, ұлт тарихында өшпес із қалдырған тұлғалар. Осындай кейіпкерлерді сахнада сомдаған сайын олардың өмір жолына, ұстанымдарына тереңірек үңілесің. Батырлардың ерлігі мен азаматтық болмысын таныған сайын өзің де рухани қуат аласың. Кейде олардың бейнесін сахнада асқақтатып көрсетіп жүріп, өмірде өзіңнің әрекеттеріңе сын көзбен қарай бастайсың. Өйткені көрерменге өнеге болатын тұлғаны ойнап тұрып, өз өміріңде соған кереғар қадам жасауға ар-ұятың жібермейді. Тарихи кейіпкерлердің ең үлкен әсері де осында шығар. Олардан ерлік пен адалдықты, елге қызмет етудің мәнін үйренесің. Жақсы қасиеттері мен өмірлік ұстанымдары актердің бойына біртіндеп сіңіп, дүниетанымына ықпал етеді. Сондықтан мен әр рөлімнен тек кәсіби тәжірибе ғана емес, рухани азық та алдым деп айта аламын. Кейіпкерлерім арқылы өмірге деген көзқарасым өзгеріп, көптеген құндылықты жаңаша түсіне бастадым.
– Сахнада күтпеген жағдайлар болып тұра ма? Есіңізде қалған біреуін айтып беріңізші.
– Сахна болған соң түрлі қызық оқиға да болып тұрады. Әсіресе көрерменнің қойылымға шынайы сеніп, оқиғаға араласып кететін сәттері актер үшін ұмытылмас әсер қалдырады. Бірде Көкшетаудағы Шахмет Құсайынов атындағы қазақ музыкалық-драма театрында «Күйеуіңізді сатыңызшы» спектаклінде ойнап жүрген кезім. Қойылымда әйелімен жанжалдасып қалған кейіпкерді сомдаймын. Бір көріністе ашуға булыққан кейіпкер галстугін шешіп, өзіне қол жұмсамақ болғандай әрекет жасайды. Сол сәтте көрермендер арасында отырған бір апамыз оқиғаға шын сеніп қалыпты. «Балам, айналайын, қойшы!» деп дауыстап, мені тоқтатуға кірісті. Зал іші күлкіге көмілді. Біз болсақ, сахнадағы образдан шықпай, қойылымды жалғастыруға тырысып жатырмыз. Бірақ апамыз райынан қайтпады. «Әй, айналайын, болды енді! Әйел үшін не істеп жатырсың? Қой дедім ғой!» деп қайта-қайта айтып отырды. Ақыры тіпті орнынан тұрып кетіп, кейіпкеріме ұрысқандай болды. Мен өзімді әрең ұстап тұрдым, ал көрермендер күлкіден көздеріне жас алған шығар. Бұл – көрерменнің театр өнеріне, сахнадағы оқиғаға шын жүрегімен сенгенін көрсететін ерекше әрі өте әсерлі естеліктердің бірі.
– Бір рөлді сомдау барысында өзіңіз бұрын байқамаған қасиеттеріңізді ашқан кездер болды ма?
– Менің тәжірибемде қандай да бір рөлді орындай алмай қалдым немесе ол маған мүлде сәйкес келмеді деп айта алмаймын. Жалпы, әр актер уақыт өте келе өзінің шығармашылық мүмкіндігін, табиғатын және қай бағытта мықты екенін жақсы түсіне бастайды. Қай рөлдің өз болмысына жақын екенін, қай образды шынайы әрі нанымды жеткізе алатынын сезінеді. Әрине, актер үшін түрлі мінездегі кейіпкерлерді сомдау маңызды. Дегенмен әр адамның табиғатына жақын, оң жамбасына келетін образдары болады. Сондықтан актер өз мүмкіндігін де, өз шекарасын да жақсы біледі деп ойлаймын. Ең бастысы – әр рөлге жауапкершілікпен қарап, қолыңнан келгенше оны шынайы жеткізуге ұмтылу.
– Театр адамды өзгертеді дейді. Ал театр сізді қалай өзгертті?
– Иә, театр адамды өзгертеді. Ең алдымен оның дүниетанымын кеңейтіп, білімін толықтырады, кәсіби деңгейін өсіреді. Театр саған танымалдық пен көрерменнің ықыласын сыйлауы мүмкін. Алайда сол деңгейде қалу үшін де, одан биікке көтерілу үшін де үздіксіз еңбек қажет. Өнерде бәсекелестік бар, сондықтан әр актер өзін үнемі шыңдап, жаңа белестерге ұмтылып отыруы керек. Әйтпесе, адам өз мүмкіндігін толық пайдалана алмайды. Театр маған тоқмейілсуге болмайтынын үйретті. Сондықтан актерлік өнермен қатар спортқа, шығармашылықтың түрлі қырына көңіл бөліп, өзімді жан-жақты дамытуға тырысамын. Комедия, трагедия, драма секілді әр жанрда жұмыс істеп, бойымдағы мүмкіндіктерді толық пайдалануға ұмтыламын. Театрдың маған берген ең үлкен сабағы осы шығар. Өнер адамы үшін «болдым», «толдым», «бәрін меңгердім» деген ұғым болмауы керек. Актер өзін толық жетілдім деп ойлаған сәттен бастап шығармашылық өсуі де тоқтайды.
Сұхбаттасқан
Сымбат БАУЫРЖАНҚЫЗЫ,
Асылзат АҚЫЛХАН,
ЕҰҮ-дың 3-курс студенті








