Қазақстандық аса ауыр салмақтағы боксшы Иван Дычко Zuffa Boxing промоушеніндегі алғашқы жекпе-жегінде жеңіске жетті.
Бұл — UFC басшысы Дана Уайттың бокстағы жобасында қазақстандық спортшының алғашқы жеңісі.
Жекпе-жек Ұлыбританияның Борнмут қаласында өтті. Бұл Zuffa Boxing үшін АҚШ-тан тыс жерде ұйымдастырылған алғашқы шоу болды.
35 жастағы Иван Дычконың қарсыласы 30 жастағы Харви Дайкс болды. Британдық боксшы бұған дейін кәсіпқой рингте жеңіліп көрмеген еді. Оның рекорды — 7-0-1 болатын. Сонымен қатар Дайкс әуесқой бокста Англия чемпионы атанған.
Дычко кездесуді белсенді бастады. Бірінші раундта ол қарсыласын нокдаунға түсірді. Алайда жекпе-жек толық қашықтыққа созылды. Төрешілер шешімімен жеңіс Иван Дычкоға берілді. Есеп: 97-92, 94-95, 97-92.
Осылайша Иван Дычко кәсіпқой бокстағы 16-жеңісіне қол жеткізді. Оның қазіргі рекорды — 16 жеңіс, 1 жеңіліс, 14 нокаут.









